Мәдениетаралық қарым-қатынастар ежелгі мемлекеттер арасындағы дипломатиялық, сауда-саттық келісім кездерінде орын алған. Бірақ ежелгі дүниеде көптеген халықтар енді қалыптасып, ұлттық идентификация енді орын алып жатқан шақтарда бір-бірінің мәдениетін түсінуге аса қатты ұмтыла қоймады. Дегенмен, ежелгі ғалымдардың, әсіресе грек ғұламаларының жазбаларында, сонымен бірге Ұлы географиялық ашылулар заманындағы саяхатшылардың жолжазбаларында көптеген халықтардың тарихы мен мәдениеті жайында мәліметтер келтірілген.
Басқа халықтың мәдениетін түсіну үшін оның тілін ғана білу жеткіліксіз. Өйткені мәдениет дегеніміз – этностың тілі ғана емес, сонымен бірге, байырғы заманнан бері қалыптасып қалған нормалар, жүріс-тұрыстар, салт-дәстүрлер мен дүниетанымдар жүйесі. Басқа мәдениеттің өкілімен байланысқа, немесе іскерлік тілдесуге түсу үшін оның тілінде сөйлеп қана қоймай, сол мәдениеттегі адамға тән іс-қимылдарға мән беріп отыру керек. Яғни, әр мәдениетте вербалды емес тілдесу әр түрлі деңгейде қалыптасқан. Бір ұлттың өкілдері тілдесу барысында эмоция мен мимиканы шамадан тыс қолданады, ал басқа біреулері сабырлы ырғақпен өз ойын жеткізуі мүмкін. Осыларды қадағалаудың қазіргі күнгі ұлтаралық және мемлекетаралық қарым-қатынастарда маңызы өте зор.
Аталып кеткен мәселелерді қарастыруда өзіміздің мамандық аясында оқытылған «Мәдениетаралық коммуникация» пәнінің мәні үлкен. Бұл пәнді әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің білікті оқытушысы, ғалым Исмаганбетова Зухра Нурлановна өткізген болатын.
Мәдениеттану саласындағы осынау маңызды пәннің тарихы ХХ ғасырда АҚШ жерінен бастау алады. Американдық саясат басқа елдерге ықпал етіп, қанатын жая бастаған сәттерде мәдениеті бейтаныс хвлықтардың тұрмыс-салтын жете білу қажеттігі туындады. Бұл мәселенің алдын алуда американдық ғалым Эдвард Холлдың жасаған жұмыстары мәдениетаралық коммуникацияның бастамасы болды. Э.Холл басқарған бір топ ғалым американдық дипломаттар мен саясаткерлердің, кәсіпкерлердің басқа мемлекеттерде жақсы қарым-қатынас орнатып, өз құзіреттіліктерін жүзеге асыру, өзге елдерден АҚШ жеріне жұмыс жасауға, не оқуға келген адамдардың жаңа ортаға тез бейімделіп кету мәселелерін шешуді алға қойды. 1957 жылы Э.Холлдың «Молчаливый язык» еңбегі жарық көрді. Бүл еңбегінде американдық ғалым мәдениетті үлкен жүйе ретінде қарастырады, сонымен бірге, мәдениет пен коммуникация арасындағы тығыз қатынасты ашып берген болатын.
Бұл саланың бастапқы кезеңдерінде әр түрлі мәдени топ өкілдерінің арасындағы тілдесуді жеңілдету мақсатында кроссмәдени тренингтер жүргізілді. Сонымен бірге, коммуникацияның вербалды емес астарына мән берілді. Мысалы, ғалым Рэй Бердвистелл ым-ишара, мимика мен эмоциялардың өзіндік «грамматикалық жүйесі» бар деп есептеді. Өйткені әрбір қимыл-қозғалыстың өзіндік мағынасы болады. Ғылыми тілде оған кинесика деген атау берілді. Ал Джордж Трейджер паралингвистика жөнінде, яғни дауыс ырғағының тілдесу нәтижесіне беретін әсерін зерттеді.
Мәдениетаралық коммуникация пәнаралық зерттеу саласы болып табылады. Ол мынадай ғылымдармен тығыз байланыста:
- Коммуникация теориясы: адамдар арасындағы қарым-қатынас ерекшеліктері мәдениетаралық контекстте қарастырылады;
- Лингвистика: тіл мен шынайылық ара қатынасы, тілдесу кезіндегі тілдің рөлі;
- Антропология: коммуникациядағы мәдениеттің рөлі, коммуникацияның вербалды емес астары;
- Психология: стереотиптердің ойлау қабілетіне тигізетін әсері және коммуниканттардың көзқарастары, олардың жеке мінездемелері;
- Әлеуметтану: коммуниканттардың әлеуметтік дәрежелерінің тілдесуге берер әсері.
Қазіргі күнде жаһандану үрдісінің әсерінен транснационалды компаниялар пайда бола бастады, туризм саласы даму үстінде, әр түрлі халық өкілдері некелесіп жатыр, бір халық өкілі басқа халықтың тілін тез арада үйрену мақсатында арнайы интенсивті курстар жұмыс жасауда. Дегенмен, жаһандану үрдісіне, және мәдени коммуникация дағдыларын үйренуге қарағанда техникалық прогресс көш бастап келеді. Мысалы, кез келген адам неміс мәдениетін білместен жүрдек пойыз, ұшақ, немесе басқа да заманауи транспорт арқылы Германия жеріне сапар шеге алады.
Жаһандану ықпалына қарамастан жергілікті этнос мәдениетінің сол аумақта орналасқан транснационалды компанияның ұйымдық мәдениетіне тікеле әсер беретінің нидерланд ғалымы Г.Хофстеде көрсетіп берген болатын. Ол IBM корпорациясының 116 елде орналасқан бөлімшелерінен сауалнама алып, ұйымдық мәденеттегі айырмашылықтарды ашып берді. Бір елдегі бөлімшеде ер адамдардың ықпалы зор болған, ал біреулерінде әйел адамдар көшбасшы қызметін атқарған; бірінде индивидтің жеке табыстарына мән берілген болса, ал біреуінде ұжымдық еңбек жақсы дамыған; бір бөлімшеде жеке адамның дара билігі орнаған болса, біреуінде көшбасшы мен қызметкер арасында өзара түсіністікке негізделген қарым-қатынас орнаған. Г.Хофстеде аталған нәрселерге этностық мәдениетпен қоса, сол елдегі идеологиялық, саяси көзқарастар әсер еткенін жеткізеді.
Құзіреттілігі адамдармен коммуникацияға байланысты қызметкерлер үшін мәдениет аралық коммуникацияны білу және кез келген мәдениетті кеңінен түсінген дұрыс. Тіпті, бір елдің азаматтары үшін бұл қабілеттің маңызы зор. Өйткені бір мемлекетте бірнеше ұлт пен ұлыс, діни көзқарастар, шағын этникалық және әлеуметтік топтар өмір сүреді. Олар міндетті түрде бір-бірімен араласады, керек болса, өзара жақын қарым-қатынаста болуы ықтимал. Сонымен бірге, мәдени коммуникацияға түсу тұлғаның жеке дағдыларының дамуына әсер етеді. Бір мәдениетті бойына сіңірген тұлға басқа мәдени топтың өкілімен байланысқа түсіп, көзқарастар мен дүниетанымдағы, жүріс-тұрыстардағы, эмоция және мимикадағы айырмашылықтарды байқай біледі.
200-ден астам ұлт пен ұлыс өмір сүретін Қазақстан жерінде аталып отырған пән кеңінен тарала қоймаған. Осыған орай, кей кездері елімізде ұлтаралық араздықтар орын алып жатады. Семестр барысында «Мәдениетаралық коммуникация» пәнін оқи отырып, осындай тақырыптағы түрлі тренингтер мен курстар еліміздегі жоғарғы оқу орындарындағы арнайы мамандықтарда ғана емес, сонымен қатар, басқа да мекемелер мен ұйымдарда өткізілуі тиіс деген ойға келдім. Өткені көпұлтты мемлекеттің азаматтары жікке бөлінбей, бір-бірімен тығыз қарым-қатынаста және бейбітшілікте өмір сүруі тиіс. Сонымен бірге, бір-бірінің мәдениетіне құрметтеп, түсіністікпен қарауы керек. Егер де мемлекет тарапынан мәдениетаралық қарым-қатынастарға байланысты бағдарламалар жүзеге асырылатын болса, болашақта республика тұрғындарының коммуникативтік қабілеттері арта түседі деген ойдамын.
Әлия Масалимова
философия ғылымдарының докторы,
профессор,
Ислам Шәри
мәдениеттану мамандығының 1-курс магистранты