Маңғыстау обылысы,
Мұнайлы ауданы,
Шоғы Мұңалұлы атындағы
№5орта мектеп,география пәні
мұғалімі Кошенова Тыныгай Худайбергеновна
Әлем күн сайын жаңаруда. Күн сайын түрлі жаңалықтар ашылуда. Күн сайын жаңа жобалар іске асырылуда. Күн сайын бұл өмірдің бізге дайындаған сыйы артуда. Сондықтан әр күнге жаңаша көзқараспен қарауға дайын болуымыз керек.
Әлемдегі соңғы болған оқиғалар бүкіл адамзатты дүр сілкіндірді. Еліміздегі мегаполистердің карантинге жабылуы, жұмыстың тоқтауы, қоғамдық шаралардың кейінге шегерілуі – бәрі біздер үшін күтпеген жаңалық. Ал, ең үлкен өзгеріс – мектептердің қашықтықтан оқытуға көшуі. Әрине, бұл оқушылар тұрмақ, мұғалімдер мен ата-аналар үшін де қиындау болды. Дегенмен, іштегі қорқыныш, үрей, сенімсіздікке қарамастан алға қарай қадам жасау маңызды.
Білім беру бұл ел болашағы үшін аса жауапты үрдіс екені мәлім. Сондықтан білім беру саласына қай мемлекетте болмасын үлкен жүк артылады. Ал қазіргі жағдайда сапалы, ең бастысы нәтижелі білім беру үрдісін ұйымдастыру екі есе қиындай түсетіні анық. Десе де, барша әріптестеріміз қашықтықтан оқытудың қыр сырларын меңгеріп,барынша оқушылардың сапалы білім алуына жағдай жасауда! Оқушылар үшін карантин болғанымен білім алу тоқталып қалған жоқ. Олар арнайы құрылған онлайн сабақтар бойынша өздерінің оқуларын жалғастыруда.Сәуірдің 6-шы жұлдызынан бері оқушылар еліміздің «Балапан» және «Ел арна» телеканалдарының көмегімен білім алуға кіріскен. Қазақ тілінде оқитын оқушылар күнде таңертең 9:00-ден «Балапан» телеарнасының алдына жайғасып, телеканалда көрсетілген сабақтан өздеріне керектілерін дәптерлеріне түртіп алып отырады.Телеканалдағы сабақ біткеннен кейін оларға ұстаздары ватсаб желісі бойынша әр пәннен тапсырмалар беруді бастайды. Олар үйден шықпай осы тапсырмаларды орындап, оны фотоға түсіріп, мұғалімдеріне жібереді. Сонымен қатар аудио жазба арқылы берілген тапсырманы ауызша орындауға кірісті.Қашықтықтан оқыту ерте ме, кеш пе бізге жететін еді. Өйткені бұл – заман талабы. Ақпараттандырылған ғасырда озық технологияның үздік жемістерін пайдалану – дамыған елдердің шешімі. Сондықтан еліміз үшін бұл да бір жаңа белес, жаңа шың! Қашықтықтан оқытудың артықшылығымен қатар кемшілік тұстар да жеткілікті. Алдымен қашықтықтан оқытудың қиындығына тоқталсам. Оқытушы мен оқушы арасында бетпе-бет қарым-қатынас болу керек деп ойлаймын. Бұл дәріс барысында оқытушының өз ойын дұрыс жеткізу үшін қажет. Онлайн оқуда оқушылар тапсырманы түсінген, түсінбегендігін немесе сұрақ қойғысы келетіндігін ұғу да қиындық туғызады. Техиникалық олқылықтардың салдарынан, интернеттің дұрыс жұмыс жасамауы кесірінен тапсырма алу барысында дауыс естілмей қалуы сияқты жағдайлар көптеп кездеседі. Ал, жағымды жағына келетін болса, бұрын мектеп пен үйдің, көпшілік оқушылардың арасында жүгіріп жүріп, сабақты дұрыс түсінбей қалып жүрсе, қазір үйде отырғандықтан ғылыммен айналысуға, білімді арттыруға мүмкіндік туды. Отбасымен бірге өткізетін күндері көбейді деп ойлаймын.Қашықтықтан оқытудың алғашқы кундерінде еліміздегі әрбір ата-ананы мектептердің қашықтан оқыту форматына көшу мәселесі толғандырғаны анық. Алайда, кейін індеттің алдын алуда бұл ең оңтайлы шешім екеніне көз жеткізді. Сондықтан, ата-аналар да оқушыларда қашықтықтан оқыту жүйесіне біртіндеп бейімделе бастады.Алдағы кундері бұл қиын күндерді жұмыла көтеріп,бірлесе жеңеміз.Оқушыларымызбен сағына қауышып «алтын ұя» мектебімізге аман сау оралар кун алыс емес.Біз әрқашан біргеміз