Home » Жаңалықтар » Қашықтықтан оқитын ерекше оқу тоқсаны басталады

Қашықтықтан оқитын ерекше оқу тоқсаны басталады

Нұр-Сұлтан қаласы физика-математика бағытындағы Зияткерлік мектеп 6 сәуірде төртінші тоқсанды қашықтықтан оқыту форматында бастайды. Бүгінгі күні мектеп әкімшілігі мен ұстаздар жаңа бағытта білім беру үшін дайындық жұмыстарына қызу кіріскен.

Цифрлық білім беру ресурстарын кеңінен пайдаланатын Зияткерлік мектептің толықтай қашықтан оқыту тәртібіне ауысуы балалар үшін де, мұғалімдер, мектеп әкімшілігі, ата-аналар үшін де өзгеше жағдай, жаңа тәжірибе болып отыр. Осынау сын сәтте оқу үдерісін өзгеше тәртіпте ұйымдастыру  ұстаздардан сабақ беру әдістемесін өзгертуді, оқыту тәсілдерін қайта қарастырып, түрлендіруді талап етеді. Оқушылар мен ата–аналардың жауапкершілігі артып, отбасында балалардың өз бетінше білім алуына қолайлы жағдай жасау қажеттілігі туындайды.

«Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы жетекшілігімен оқушылардың қашықтан білім алуына қажет барлық жағдайларды қарастыру қолға алынды.

6 сәуірде Зияткерлік мектеп оқушылары ерекше оқу тоқсанын Microsoft Teams платформасы көмегімен қашықтықтан бастамақ. Teams  платформасы — Microsoft компаниясы ұсынатын корпоративтік ортада қызметкерлердің өзара байланысын тиімді арттыруға арналған бірегей қатынас жүйесі. Бұл қызметті қолданушылар бір мезгілде топтар мен командаларға бірігіп, чатта сөйлесе алады. Сондай-ақ мұнда файлдар жүктеу мүмкіндігі де қарастырылған, платформада онлайн кездесулер мен виртуальды конференциялар өткізуге болады. Өз артықшылықтарын баршаға дәлелдеп үлгерген бұл платформаны  әлемнің 181елінде күнделікті 44 млн аса адам қолданады.

Қазіргі уақытта аталған платформада Зияткерлік мектеп мұғалімдері барлық оқушылардың тіркеулік жазбаларын жасап, онлайн сыныптар құруда, арнайы сабақ кестесі дайындалуда. Ақпараттық технологиялар мамандарының қатарынан пайдаланушыларға көмек көрсету қызметі де ұйымдастырылған. Мектеп оқушыларында қажетті құрылғының (компьютер, ноутбук)  болуы, интернет жылдамдығы туралы маңызды ақпараттар жинақталып, қашықтан оқыту барысында туындауы мүмкін келеңсіз жайларға болжау жасалды. Сонымен қатар ұстаздарға арналған вибинарлар мен сұрақ –жауап чаттары да қарастырылды.

Бұл күндері мұғалімдер Күнтізбелік оқу жоспарына сәйкес тараулар мен тақырыптарды оқушыларға ұтымды жеткізіп, терең меңгерту үшін оңтайлы әдіс-тәсілдерді жинақтап, күнделікті өзара тәжірибе алмасуды қолға алған. Бейне және аудио, анимациялық материалдар қолданылған лекция, интернет-ресурстарды зерттеу,  мәтіндер мен иллюстрациялық мәтіндер, чаттағы конференция, ұжымдық жоба, жаттығу тапсырмалары, тестілер мен бақылау жұмыстары, оқушылардың білімдері мен дағдыларындағы олқылықтарды жою бойынша  кеңестер сияқты «кірпіш» — комбинацияларды түрлендіре отырып, мұғалім балалардың жас ерекшелігіне сай онлайн сабақтардың  сан түрін құрастыра алады.

Оқушылардың оқуға ынтасын арттыруға бағытталған онлайн сабақтарды дайындау барысында бадалардың өз бетінше жұмыс жасауын бақылау, чаттар арқылы кері байланыс орнату мәселесі мұғалімдерді толғандырып, жаңа ізденістерге итермелейді. Қазір оқушылардың оқу жетістіктерін бағалауға байланысты нақты шешімдер қабылдануда.

«Соңғы кездері көптеген онлайн платформалар білім ресурстарын тегін қолдану мүмкіндігін беріп жатыр. Мұғалімдер осы ақпараттарды саралап, сабақтарға пайдалану жағына баса назар аударуда. Қашықтан жұмыс істеп жатқан мұғалімдер көп нәрсені оқып үйреніп, білгенімізді ортаға салудамыз. Жаңа форматта жүретін алдағы тың  жұмыс біліктілігімізді көтеруге жаңа серпін бергендей. Мысалы, өзім информатика пәнінің мұғалімі ретінде арнайы чатта компьютердің жұмыс жылдамдығын жоғарылату бойынша біраз ақпарттармен бөліспекпін» — дейді Зияткерлік мектеп әдіскері Нәсіпжан Дюйсегалиева.

Зияткерлік мектеп мұғалімдері көңіл қобалжытатын қиын кезеңде қолға алған науқанның түбінде оқушылардың өз бетінше жұмыс істеу қабілетін дамытуға,  игі нәтижеге алып келеді деген ниетте.

 

 

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.