Home » Жаңалықтар » Мәскеу төрінде Ұлы Абайдың қара сөздері насихатталды

Мәскеу төрінде Ұлы Абайдың қара сөздері насихатталды

     Ресейдің Мәскеу қаласында Халықаралық бакалавриат бағдарламасы PYP оқушыларының зерттеу жұмыстарының «Әлем азаматы болып үйренудемін» тақырыбындағы V Фестивалі өтті. Аталмыш ауқымды фестивальда Нұр-Сұлтан қаласындағы Халықаралық мектептің намысын  3 «А» класс оқушысы Зере Карина мен 5 «А» класс оқушысы Мадина Сарсен қорғауға аттанды.

Фестиваль Халықаралық бакалавриаттың PYP бағдарламасы бойынша жұмыс жасайтын мектептердің оң тәжірибесін таратуға,  PYP оқушыларының зерттеушілік қызметінің маңызы мен рөлін арттыруға бағытталған.  Себебі Халықаралық бакалавриат жүйесі білім беру бағдарламасының биігіне ғаламшарымыздың адамгершілік қасиеттері жоғары, жан-жақты дамыған, жаңа заман сұраныстарына нық сеніммен жауап беретін, өздеріне сенімді, жоғары моральді шешімдер қабылдай алатын, қоғамдағы адамдардың пікірі мен ойын бөлісуге әзір, жинақтаған білімін тосын және қиын жағдайдағы тәжірибеде қолдануға мүдделі тұрғындарын қояды.  
Фестивальға қатысу арқылы Халықаралық мектептің оқушылары Зере Карина мен Мадина Сарсен әлемге Қазақстан балаларының атынан сөз сөйлеп, өтініш жасауға мүмкіндік алды. Зияткер оқушыларымыз жаһандану дәуірінде адамзатпен байланыстың және қауіп-қатердің шешу жолдарын Ұлы Абайдың «Қара сөздері» арқылы ұсынды.  Олар Абайдың жаман қасиеттерден жұртты жирендіріп, адалдыққа, имандылыққа тəрбиелеуге бағытталған «Отыз сегізінші» қара сөзін зерттеу өзегіне айналдырған.

Ұлы ақын отыз сегізінші қара сөзінде: «Күллі адам баласын қор қылатын үш нəрсе бар. Сонан қашпақ керек: Əуелі — надандық, екінші – еріншектік, үшінші— залымдық деп білесің. Надандық — білім-ғылымның жоқтығы, дүниеден ешнəрсені оларсыз біліп болмайды. Білімсіздік хайуандық болады. Еріншектік — күллі дүниедегі өнердің дұшпаны. Талапсыздық, жігерсіздік, ұятсыздық, кедейлік бəрі осыдан шығады. Залымдық — адам баласының дұшпаны. Адам баласына дұшпан болса, адамнан бөлінеді, бір жыртқыш хайуан хисабына қосылады», — деген еді. Абайдың бұл сөзі қай дәуірде де өзектілігін жоғалтпасын, адамзатқа төнген қауіпті шешуге ықпал ететінін зерттеу жұмысына арқау еткен қос оқушымыз фестивальдан жеңіспен оралды.

Тақырыпты зерттеу барысында балалардың бойында әлеуметтену мен жеке дамуға аса қажетті көшбасшылық қасиеттер қалыптасты. Олар Қазақстанымызды әлемдік деңгейде таныту жауапкершілігін зор абыроймен арқалай білді. Сонымен қатар, «Әлемнің ересектеріне ашық хат» түріндегі жолдаулары зор маңызға ие болды.

Ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойы қарсаңында Мәскеу төрінде ақынның «Қара сөздері»  ұлықталғаны көңілге қуаныш, жүрекке шаттық сыйлайды.

Фестиваль нәтижелеріне сәйкес, Зере Карина мен Мадина Сарсеннің «Жаһандану дәуіріне мәдениетаралық диалог» тақырыбындағы зерттеу жұмысы «Ғылымилық және қол жетімділік» аталымы бойынша үздік деп танылды. Оқушылар Халықаралық бакалавриат мектептерінің қауымдастығы атынан арнайы жеңімпаз сертификаттарымен марапатталды.

Ал жоба жетекшілері педагогтер Г.Т.Умарбекова., Д.Ж.Садуакасова Г.А.Изтилеуоваға «Бастауыш сынып оқушыларының зерттеу қабілетін дамытуға қосқан үлесі үшін» қауымдастықтың атқарушы директоры Н.Л.Баринова алғыс хаттар табыстады.

Біз де өз тарапымыздан оқушыларымызды әлемдік деңгейдегі шараның жеңімпаздары атануларымен құттықтаймыз! Білім мен ғылым айдынында байрақты жетістіктерің көп болсын дейміз. Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, ғылым әлеміне қадамдарын нақтылай түскен жетекшілері мен ұстаздарына алғыс білдіреміз.

 Сандуғаш Кожина,
«Нұр-Сұлтан қаласындағы Халықаралық мектеп»
«Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы
 филиалының баспасөз хатшысы

 

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.