Home » Жаңалықтар » «Аймақтық конференция – талқылау алаңы»

«Аймақтық конференция – талқылау алаңы»

 Оралдағы Назарбаев зияткерлік мектебінде өткен IV «Мұғалімнің кәсіби ерекшелігі: жаңа көзқарас және даму» атты аймақтық конференцияға жиналғандар алдында сөз сөйлеген білім ордасының директоры Айдарбек Айтпукешев осылай деді.

Дәстүрлі түрде жыл сайын ұйымдастырылатын аймақтық ғылыми-практикалық жиында биыл 200-дей педагог бас қосты. Облыстағы жоғары және арнаулы орта оқу орындарының ғалымдары мен оқытушылары, Педагогикалық шеберлік орталығының тренерлері, өңір аудандары мен Орал, Атырау, Ақтөбе қалаларының ұстаздары жиналған конференцияда білім саласының өзекті мәселелері талқыланды. Жұмыс барысы постер-сессия, пленарлық отырыс, секциялық пікірталастар, шеберлік сағаттарымен және симпозиумдармен жалғасты.

Педагогтар эмоционалды интеллект,тұжырымдамалық оқытуды енгізу, кәсіби шеберлікті қалыптастыру, оқушылардың зерттеушілік дағдыларын дамыту, мұғалімнің метадағдылары, кәсіби коллаборация, білім мазмұны, бағалау сынды тақырыптар аясында тәжірибе алмасты.

Шараның ашылуында сөз алған Оралдағы физика-математика бағытындағы НЗМ-нің директоры Айдарбек Айтпукешев бұл басқосу барлық педагогты толғандыратын өзекті мәселелер талқыланатын алаңға айналғанын айтты. – Оған дәлел – зерттеу нәтижелерін көпшілікке ұсынып, тәжірибе алмасуға дайын мұғалімдер санының артуы. Бұл өз кезегінде олардың кәсіби тұрғыдан өсуіне, өзі үшін маңызды бағыттарды айқындауына мүмкіндік береді, – мектеп басшысы. Пленарлық отырыста баяндамашылар білім беруді модернизациялау жағдайындағы мұғалімнің жеке басындағы дағдарыс, жаңа Қазақстан мұғалімінің бейнесі жайында ой-пікірлерін ортаға салды. Әріптестерінің назарына өз зерттеулерін ұсынған Назарбаев зияткерлік мектептерінің оқытушылары оқушының жеке даму траекториясы, өз бетімен жұмыстану дағдыларын дамыту, өзін-өзі бағалауын қалыптастыру, жаңа технологиялар мен оқыту тәсілдері бойынша тәжірибелерімен бөлісті.

Аталған конференцияның маңызы зор екенін жеткізген Атыраудағы химия-биология бағытындағы НЗМ-нің мұғалім-модераторы Нұргүл Қойшыбаева: – Күнделікті іс-тәжірибе барысында түрлі жағдайлармен бетпе-бет келеміз. Ал осындай жиындар бірқатар сауалдарға жауап табуымызға көмектеседі, жаңа идеялар туындайды. Сол секілді бұл жолы да өзіміздің әдістемелік қорымызды толықтырып, педагогикалық құзыреттілігімізге сай жасап жатқан жұмыстарымызды жандандыруға кеңес алдық, – деді. Ал Тасқала ауданындағы Ы.Алтынсарин атындағы ЖОББ мектебінің мұғалімі, педагог-сарапшы Ақманар Зиналиеваның айтуынша, конференция тақырыбы ауыл мектептерінде кездесетін кейбір проблемаларға қатысты түйіндерді тарқатуға септігін тигізеді. – Жалпы аудан мектептері мен Оралдағы Назарбаев зияткерлік мектебі арасында байланыс жақсы жолға қойылған. Мұндай пайдалы іс-шаралар, көшпелі семинарлар жиі өтеді. Өз тәжірибемізде Елбасы мектебінің тәрбиелік бағыттағы жобаларын қолданып келеміз, – деді Ақманар Жанашқызы.

Аймақтық конференция нәтижесі бойынша ұсыныстар беріліп, үздік жұмыстар марапатталды.

Ләззат САЛАУАТҚЫЗЫ,

«BILIM AINASY», БҚО   

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.