Home » Мақалалар » Жайық қалашығының құрылуы

Жайық қалашығының құрылуы

Оқушы: Балгимбаева Тамирис Ерденовна
Жетекші: Утешкалиева Алия Жақсылыққызы

 

Жайық қалашығы

Жайық қалашығы XIV ғ. бірінші жартысында, Өзбек (1313-1339 жж.) пен Жәнібек (1312-1357 жж.) хандардың билігі кезінде пайда болса керек. Бұл кезеңдер Алтын Орданың ең дамыған және қала мәдениетінің гүлденген кезі болып табылады.

Ортағасырлық Жайық қалашығы Орал қаласынан оңтүстікте 12 км жерде, Шаған өзенінің арнасы құраған жағалаудың үстінде орналасқан.Қалашықтың көлемі шамамен 7 га құрайды. Қала тұрғын жайлардан, өндірістік және қоғамдық мақсаттағы құрылыстардан тұрады, яғни еден асты жылыту жүйесі бар шығыс моншасы, кірпіш күйдіретін және керамикалық пеш қалдықтары.Қалашықтан батысқа қарай 2 км қашықтықта, қала қорымында ғұрыптық ғимараттың, яғни полихромды глазурмен апталған екі камералы күмбезді кесененің қирандысы табылды. Қалашықтан күрделі шикі қабырғамен бөлектенген бірнеше бөлмеден тұратын тұрғын үй аршылды. Тұрғын үйлердің ішкі бөлігі тандырдың мұржасы арқылы жылынып, ол өз кезегінде «П-тәріздес» суфаға жалғасқан. Одан әрі «кан тәрізді» мұржа арқылы сыртқа қабырғадан тік шығарылған. Тұрғын үйлерде күйдірілген кірпіштен қаланған тікбұрышты пештер бар. Шаруашылық маңыздағы бөлмелерде ұралар, ташнаулар, қоқыс шұқырлары орын тепкен.

Жайық қалашығы 2001 жылы табылды. Қалашықтың өмір сүрген уақыты ХІІІ ғасырмен XV ғасырдың бірінші жартысы. Қазба жұмыстары кезінде төмендегідей нысандар табылды: кірпіш күйдіретін пеш, шығыс моншасы, 3 тұрғын-үй жайы, 2 кесене және басқа да кұрылыс орындары. 2009 жылы некропольда 2 обада қазба жұмыстары жұргізілді, оның бірінен Қазақстан бойынша сирек кездесетін қола айна мен күміс тиын ақша табылды. Бұл жерге ашық аспан астында тарихи-мәдени және табиғи-ландшафттық Мұражай-қорық ашу жоспарлануда. Ашылған орта ғасырлық Жайық қалашығының маңызы, бұл қазіргі Орал қаласының орнында қала мәдениетінің болғанын нақты дәлелдейді

                   Жайық қалашығы – Қазақстанның киелі орны.

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында ұсынылған Қазақстанның жалпыұлттық киелі орындары қатарына кіретін 100 нысанның тізімі кеше ғана халыққа жария етілді. ҚР Ұлттық музейі жанынан құрылған «Қасиетті Қазақстан» ғылыми зерттеу орталығы жариялаған осы тізімде ортағасырлық Жайық (Теке) қаласы да бар.

Ортағасырлық Жайық (Теке) қаласының орнын ашық аспан астындағы мұражай жасау идеясын осыдан бірер жыл бұрын Батыс Қазақстан облыстық тарих және археология орталығының директоры, профессор Мұрат Сыдықов көтерген болатын. Орал қаласын өткен ғасырларда қазақтар «Теке» деп атаған. Ғалымдар бұл атауды «ислам орталығы», «дін таратушы мекен» мағынасын білдіретін «текке, текие» деген сөзден шыққан деп түсіндіреді. Ортағасырлық Жайық қалашығы маңындағы Желтау биігінен пішімі мен құрылымы белгілі Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің үлгісіне келетін бірнеше ғимарат орны да табылды. Мұның бәрін кешенді зерттеу, халық игілігіне айналдыру – болашақтың еншісінде тұр. Өңір тұрғындары ортағасырлық Жайық

қаласының «Қазақстанның жалпыұлттық 100 киелі нысаны» тізіміне енуін қуана қабылдап, тарихи ескерткішті көптің көзайымына айналдыратын күнді асыға күтеді.

One comment

  1. Канат Тооегенович

    hudajbergenovkanat379@gmail.com

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.