Home » Балабақша » МЕКТЕП ЖАСЫНА ДЕЙІНГІ БАЛАЛАРДЫҢ ЗИЯТКЕРЛІК-ТАНЫМДЫҚ ҚАБІЛЕТТЕРІН ДАМЫТУДА 3.ДЬЕНЕШ БЛОКТАРЫН ҚОЛДАНУ

МЕКТЕП ЖАСЫНА ДЕЙІНГІ БАЛАЛАРДЫҢ ЗИЯТКЕРЛІК-ТАНЫМДЫҚ ҚАБІЛЕТТЕРІН ДАМЫТУДА 3.ДЬЕНЕШ БЛОКТАРЫН ҚОЛДАНУ

Аңдатпа: Мектеп жасына дейінгі балалардың зияткерлік-танымдық қабілеттерін дамытуда З.Дьенеш блоктарын қолдану – өте тиімді әдістеме. З.Дьенеш блоктары балаларға ойлау операциялары мен әрекеттерін меңгеруге мүмкіндік тудырады: заттардың ерекшеліктерін анықтау, салыстыру, топтау, жалпылау, жасыру және т.б., сондықтан, Дьенеш блоктарының көмегімен оқыту әдісі қазіргі кезде тиімді деп танылып отыр.
Түйін сөздер: З.Дьенеш блоктары, ақпараттық технология,  зияткерлік -танымдық  белсенділік,  логикалық блоктар,  математикалық ұғымдар.
Қазіргі заман талабы – білімді, саналы, мәдениетті, адамгершілігі мол, қоғамда өз орын таба білетін тұлға қалыптастыру. Тұлға мәселесі қай уақытта да өзінің сан қырлы жақтарымен қоғамның күн тәртібінен түскен емес.
Осы сұранысқа сай баланың зияткерлік-танымдық белсенділігін дамыту үшін тәрбиелеудің, оқытудың жаңа ақпараттық технологиясын пайдалану өзекті мәселелердің біріне айналып отыр.
Баланың танымдық қызығушылығын арттыру мақсатында тәрбиелеу, оқыту шығармашылық қабілетін дамытуға жағдай жасау, салауатты өмір салтын насихаттаумен байланысты екені белгілі. Сондықтан, ұшқыр ойлы, шығармашыл белсенді ойлай білетін, ойын іске асыруға қабілетті дара тұлғаны тәрбиелеп, қоғамдық ортада қалыптастыру — біздің басты міндетіміз.
Мектеп жасына дейінгі білім беру әдістемесінде балалардың зияткерлік-танымдық белсенділігін дамытудың әртүрлі әдістері мен тәсілдері бар. Дегенмен, бала ақыл-ойының дамуына арналған, соның ішінде математикалық, зияткерлік-танымдық белсенділігін дамытуда ең маңызды деген әдістерді бір қалыпқа келтіріп, қалыптастыру мектеп жасына дейінгі білім беру барысында әр педагогтың кәсіби шеберлігіне байланысты деп ойлаймын. Венгер психологы, әрі математигі Золтан Дьенеш ойлап тапқан логикалық блоктар – баланың кіші жастан бастап зияткерлік-танымдық белсенділігін дамыту және оның ойлау қабілеттерін математиканы меңгеруге дайындауда өте тиімді әдістеме болып табылады. Әдістемелік және ғылыми-танымал әдебиеттерде бұл әдістерді әртүрлі атаулармен кездестіруге болады, атап айтсақ: «логикалық пішіндер», «логикалық текшелер», «логикалық блоктар» т.б. Бірақ осы атаулардың әрқайсысында логикалық ойлауды дамыту бағыты айқын берілген.Балаларды блоктар арқылы ойната отырып, оларға нысандардың түсін, пішінін, көлемі мен қалыңдығын көрсете отырып, ажыратуға үйретуде, қарапайым математикалық ұғымдарды меңгертуде таптырмас құрал. Ол балалардың ойлау әрекеттерін, логикалық ойлау, шығармашылық қабілеттерін және зияткерлік-танымдық қабілеттерін жетілдіреді. Дьенештың блоктарымен ойнай отырып, бала әртүрлі заттық әрекеттер жасайды. Дьенештың блоктары үш жастан асқан балаларға арналған.
Дьенештың логикалық блоктары 48 геометриялық фигуралардан тұрады:

  1. Төрт пішінді (дөңгелек, үшбұрыш, төртбұрыш, тіктөртбұрыш);
  2. Үш түсті (қызыл, көк және сары);
  3. Екі көлемді (үлкен және кішкентай);
  4. Қалыңдығының екі түрі болады (қалың, жұқа).
    Жинақта бірдей бір де бір фигура кездеспейді. Әрбір геометриялық фигура төрт ерекшелігімен беріледі: пішіні, түсі, көлемі, жуандығы.
    Логикалық блоктармен әртүрлі әрекеттер жасау барысында (бөлу, белгілі ережеге сәйкес орналастыру, қайта құру және т.б.) балалар алғашқы математикалық ұғымдарды қалыптастыруда маңызды болып табылатын әртүрлі ойлау қабілеттерін меңгере бастайды. Олардың қатарына сараптама жасау, салыстыру, топтау, жалпылау, жасыру-ашу, сонымен қатар «жоқ», «және», «емес» сынды логикалық операцияларды жасай білу қабілетін игере отырып, осы логикалық блоктардың көмегімен балалар назарға алу, есте сақтау, қабылдау сияқты әрекеттерге жаттығады.
    Блоктарды пайдалану арқылы ойындар мен жаттығулар бастамас бұрын, ең алдымен балаларды блоктармен таныстыру керек. Баланың алдына блоктарды жайып салып, олармен қалағанынша ойнауға, ұстап көруге, араластыруға мүмкіндік беру керек. Кейіннен мына тапсырмаларды ұсынуға болады:
  1. Түсі, көлемі (жуандығы, пішіні) жағынан осындай фигураны тап.
  2. Түсі, көлемі (жуандығы, пішіні) жағынан мұндай емес фигураны тап.
  3. Көк түсті фигураны тап (үшбұрышты, қызыл, төрт шаршы, үлкен, сары, жіңішке жуан, кішкентай, дөңгелек, тіктөртбұрышты).
  4. Мынаның қандай түсті фигура екендігін айтып бер (көлемі, пішіні, жуандығы жағынан).Блоктармен осылайшы танысқаннан кейін ойындар мен жаттығуларға көшуге болады.
    «Қарапайым математикалық ұғымдарды қалыптастыру» оқу қызметінде логикалық блоктарды үздіксіз пайдалану балалардың зияткерлік-танымдық қабілеттерін дамытуда таптырмас құрал.
    Коммуникация білім саласы бойынша «Сөйлеуді дамыту» оқу қызметінде Дьенеш блоктарын пайдаландым деп айта алам. Мысалы: бірнеше бала «Тышқан мен жылан» ертегісіндегі тышқанның жыланнан құтылу мақсатында адамнан қашқан кезінде жүрген жолын салады. Бір бала жол салғанда онда біркелкі пішіндерді қолданбай салуы керек, ал, екінші бала жол салғанда пішіні мен түсі жағынан біркелкі фигуралар болмайтындай етіп салуы керек, үшінші бала пішіні, түсі мен көлемі жағынан біркелкі келмейтіндей етіп, жол салу керек. Мұнда бірінші бала бір ерекшелікті ұстанса, екінші бала екі ерекшелікті ұстанады, яғни бірден пішіні мен түсіне көңіл бөліп отырады, ал үшінші бала бір уақытта үш бірдей ерекшікті ұстанып отырып, жол салады.
    Балалардың зияткерлік-танымдық қабілеттерін дамытуда өте қызықты ойындар: «Құмырсқаларға көмектес» ойыны, «Ойлап тап», «Жұбын тап», «Үйлерге адамдарды орналастыр», «Фигураны ойлап тап» және т.б. Шығармашылық білімі мен эстетикалық танымын дамыту мақсатында «Сурет салу» әдісі арқылы логикалық блоктарды қолданып, балаларға бастырып сызу арқылы әртүрлі бейнелерді салдырып отырамын, геометриялық фигуралардан заттар құрастыру балалардың сабақтарын қызықтырақ  етеді.  Мысалы: аққала, шырша, гүл, машина, қайық, моншақтар тізбегі т.б.
    Сөздік ойындар: жұмбақтар, елестету, қиялдарын дамытатын ойындар. Саусақ ойындар: балалардың зияткерлік-танымдық қабілетін, мидың белсенділігін арттырады, ойлауды дамытады, қолдың ұсақ сезгіштігін дамытады. Мұнда екі қолдың да қатысуы керек, бұл балаларға «оң, сол, жоғары, төмен» дегенді бағыттауға мүмкіндік береді. Егер бала қандай да саусақ ойынын меңгерген болса, ол тақпақтар мен әндерге басқа көріністер ойлап табуға тырысады.
    Осылайша баланың математикадан алған білімі бірлескен әрекетте нығая түседі, осыдан кейін өз бетінше әрекет етуге көшеді.
    Қорыта айтқанда, өз тәжірибемде мектеп жасына дейінгі балалармен жұмыс жасауда логикалық блоктарды ойын материалы ретінде қолдану тиімділігін көрсетті. Балалардың ойлау қабілеттерінің дамығаны байқалады: ақпаратты салыстыру, сараптау, жалпылау, талдау, жіктеу операциялары қиындық туғызбайды. Қабылдау, есте сақтау, назарға алу, елестетудің танымдық үрдістері,шығармашылық қабілеттері дамыды.Тәрбиеленушілердің өз бетінше әрекеттегі белсенділік деңгейі жоғарылады. Тобымдағы балалар заттарды өз қасиеттеріне қарай жіктей алады, заттарды өлшемі бойынша салыстыра алады, логикалық байланыстарды жақсы құра алады.
    З.Дьенеш блоктарың жүйелі пайдалану арқылы, мектеп жасына дейінгі балалардың зияткерлік- танымдық қабілеттерін дамытуға болады.

    Пайдаланған әдебиеттер

1.Т.И.Ерофеева. «Математика для дошкольников», 1992
2.З.А.Михайлова. «Игровые занимательные задачи для дошкольников», 2017
3.Е.А.Носова,Р.Л.Непомнящая. «Логика и математика для дошкольников»
Санкт-Петербург 1997.

Сатпаева Марал Адилбековна,
Нұр-Сұлтан қаласы,
№80 «Ботақан» балабақшасының тәрбиешісі

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.