Калмашева Жайдарман Сериковна
Ақтөбе облысы, Алматы ауданы
Қызылжар ауылы
Бал-бөбек балабақшасы
тәрбиеші
«Тәрбие тал бесіктен басталады», — деген даналық сөз бар. Бала тәрбиесі үлкен жауапкершілікті талап етеді. Қазақ халқы ежелден баланың тәрбиесіне, келешегі үшін маңызды деген тұстарға ерекше көңіл бөлген. Оның шыр етіп жарық дүниеге келгеннен бастап, есімін қоюға дейінгі дәстүрлерімізді сақтаған. «Адамның адамшылдығы – ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады» , — деген Абай атамыз. Сол себепті бала тәрбиесінде ұстаздар мен тәрбиешілердің де жауапкершілігі мол.
Қазақ даласы Тәуке ханның «Жеті жарғысы» қағидаларын бұлжытпай орындауға, оған бағынуға мойынсұнғаны баршамызға айқын. Сол заңдардың шығуына үш бидің ұйытқы болғанын барлығымыз білеміз. Қандай болса да, бір ауыз кесімді сөзге тоқтаған елміз. Билердің ойын құптаған дана халықтың ұрпағымыз. Би шешiм қабылдарда қиналып, билiк айтудан бас тартса, оған айып салынбады. Егер ол терiс билiк шығарса, онда ол қияметте, құдай алдында жауап бередi делiндi. Осыдан-ақ қазақ халқының билерді ерекше құрмет тұтқанын білуге болады. Хандар мен билер ақылдасып, кеңесіп отыратыны тарихтан белгілі. Сонда бала тәрбиесінің қайдан бастау алғанын бағамдай беріңіз. Қазір әлем елдері даму үстінде. Бірақ кем тұстары да аз емес. Сондықтан осындай қиын шақта, балалардың болашағын ойлап, дұрыс шешім қабылдау басты міндетіміздің бірі деп білемін. Баланың тәрбиесін қайтсек жақсыға бұрамыз? Оларға білімді қай жастан беру керек? Осы сұрақтарымызға жауап беріп көрелік.
Балабақша — бақыт мекені. Мұнда балалардың сыңғырлаған күлкісі мен былдырлаған тілінің үні естіледі. Олармен жұмыс істеген, сабақ берген мені керемет сезімге бөлейді. Олардың көңілі аппақ қағаз секілді, мөлдір таза судай. Балаларды білім нәрімен сусындатып, болашақтағы өмірі үшін азық боларлықтай білім берсек мақсатымыздың орындалғаны деп білемін. Бүлдіршіндер кішкентай ғана иілгіш шыбық секілді, оларды қайда бұрсаң сол жаққа иіліп өседі. Сондықтан балаларға тәлімді тәрбие беріп, рухы биік, қайсар халықтың, текті ұрпағының болашағы жарқын болғанын қалаймыз. Абай атамыз баланы қалай тәрбиелеу керек деген сұраққа, өзінің қара сөздері арқылы жауап берген. Назарларыңызға ұсынамын:
Абайдың оныншы қара сөзінде:
- Біреулер құдайдан бала тілейді. Ол баланы не қылады? Өлсем орнымды бассын дейді, артымнан құран оқысын дейді, қартайған күнімде асырасын дейді. Осыдан басқасы бар ма? Балам орнымды бассын демек не сөз? Өзіңнен қалған дүние иесіз қалар дейсің бе? Қалған дүниенің қамын сен жемек пе едің? Өліп бара жатқанда өзгеден қызғанып айтқаның ба? Артымнан балам құран оқысын десең, тірлікте өзіңнің жақсылық қылған кісің көп болса, кім құран оқымайды? Қартайғанда асырасын десең, о да – бір бос сөз. Әуелі – өзің қаруың қайтарлық қартаюға жетемісің, жоқ па? Екінші – балаң мейірімді болып, асырарлық болып туа ма, жоқ па? Үшінші – малың болса, кім асырамайды?
Баланың болмысы емес, оның жан дүниесі маңызды. Оны өмірге икемдеу үшін асырап, бағып, тамағын тойдырумен ғана шектелмейді. Баланы тәрбиелеу қажет. Баланы өмірде еңбек етуге, маңдай терімен табуға үйрет деп отыр. Әрқашан дайынды алдына тоса берме! Оның білімді болуы үшін барлық жағдай жаса. Балаға жігер беруді ұмытпағаның абзал. Бала мақтауды сүйеді, оған әрдайым қолдау көрсете біл.
Он сегізінші қара сөзінде:
- Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Онан басқа нәрсеменен оздым ғой демектің бәрі де ақымақтық.
Адам баласы бір-бірінен атақ пен мансаптан, байлықтан басып оза алмайды. Адамның арманы таусылмаған. Бірақ байлық пен атақты армандасаңыз қателескеніңіз. Олар бір-бірімен білімі мен ғылымының көптігінен озады. Сондықтан балаңызды білім нәрімен сусындатыңыз, оған адамгершілік үлгісін көрсете біліңіз.
Абай атамыздың әрбір қара сөзінде осындай, оралымды ойлары толғандырады. Бала тәрбиесіне қатысты қаншама ғалымдарымыз да өзіндік пікірін білдірген. Сайып келгенде балаға білім беру жолында, талмай еңбек етіп, шынайылық пен адамдықтың үлгісін танытқанымыз жөн.
Ата-балаларымыз ұрпағының амандығы үшін, олардың тәуелсіз мемлекетте өмір сүргенін қалағандықтан қасық қаны қалғанша күресіп, елім деп кеткен ержүрек ерлеріміз бар. Олардың асқақ арманы орындалып, бүгінгі күні бейбіт елде өмір сүріп жатырмыз. «Адам ұрпағымен мың жасайды», — деген қазақ даналары. Ұрпақ тәрбиесі селқостықты көтермейді.
Білімді ұрпақ – ел болашағы!