Home » Мақалалар » Бастауыш сыныптарда пәндерді оқытуда белсенді әдістерді қолдану

Бастауыш сыныптарда пәндерді оқытуда белсенді әдістерді қолдану

Маймышева Асем Аиповна
Алматы облысы
Кербұлақ ауданы
Байғазы орта мектебінің
бастауыш сынып мұғалімі 

 

Бүгінгі таңда адамзаттың жоғары индустриалды және ақпаратты қоғамға қарқынды түрде өтуіне байланысты өркениеттің бет-бейнесі тұтастай өзгеруде. Бұл өзгерістер білім беру саласына да әсер етуде.

Жаһандық бәсекеге қабілеттілікке  жету мақсатында белгіленген стратегиялық бағыттар білім беру іс-әрекетінің басымдылықтарын жаңаша құруды талап етуде. Осыған орай,  білім беру жүйесін әлемнің дамыған мемлекеттерінің талаптарына және инновациялық даму парадигмасына сәйкес интеграциялау қажет.

Еліміздегі білім беру жүйесін реформалау нәтижесінде айқындалған жаңа бағыттар болашақ ұрпаққа білім мен тәрбие беруде оларды қоғамның жаңа жағдайында өмір сүруге дайындайтын нақтылы бір оқыту құралдарын табу мәселелерін көздейді[1].

Бұл қадамдар білім беру мазмұнын, оқытудың әдістері мен тәсілдерін қолданудың  жаңа жүйесін құруды ұсынады.

Н.Ә.Назарбаев: «Білім беру реформасы – Қазақстанның бәсекеге нақтылы қабілеттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін аса маңызды құралдардың бірі» — деп атап өткен болатын[2].

Сондықтан да, оқушылардың  шығармашылық және ақыл-ой қабілеттерін дамытуға, тұтас ғылыми дүниетанымын қалыптастыруға ықпал ететін заманауи әдістерді қалыптастыру қажет. Дәстүрлі педагогикалық әдістер оқушының білік, дағдысын және оқуға деген мотивациялық ұмтылысын қаңағаттандыра алмайды.

Н.Ә.Назарбаев өзінің Жолдауында «Бізге оқыту әдістемелерін жаңғырту және өңірлік мектеп орталықтарын құра отырып, білім берудің онлайн-жүйелерін белсене дамыту керек болады» — деп атап көрсеткен болатын [3].

Қазіргі мектептің басты мақсаты – әр оқушының қабілетін ашу, бәсекеге қабілетті жеке тұлғаны өмірге дайындау,  заманауи білім, дағдылар мен қасиеттерді дамыту. Дәстүрлі репродуктивті оқыту бұл міндеттерді шеше алмайды. Оларды шешу үшін жаңа педагогикалық технологиялар, оқу процесін ұйымдастырудың тиімді формалары мен белсенді әдістері қажет.

Белсенді әдістерді қолдану арқылы мұғалім  оқушыны ойлануға, практикалық іс-әрекет дағдыларын дамытуға мүмкіндік жасайды.

Жеке тұлғаның белсенділігі педагогикалық, психологиялық мәселелердің бірі болып табылады. Белсенділіктің басым бөлігі бастауыш сыныпта қалыптасады.

Оқытудың белсенді әдістері – бұл оқу материалдарын игеру үдерісінде оқушылардың ойлау және практикалық іс-әрекетінің белсенділігі мен әртүрлілігін қамтамасыз ететін әдістер жүйесі[4].

Белсенді оқыту әдістерінің басты принципі – оқушылардың «мен істей алмаймын», «мен білмеймін» деген ұстанымдарына тосқауыл қою. Еркін кеңістік принципін ұстану арқылы оқушылар еркін қозғалып,  топта бірігіп, мәселені шешуге, тапсырманы орындауға талпыныс жасайды.

Жаратылыстану бағытында жүргізілетін «Дүниетану» пәнінде белсенді әдістерді қолдану арқылы оқушылардың ғылыми дүниетанымын дамытуға болады. Себебі, Дүниетану интеграциялық пән ретінде, биология, география, химия, экология сияқты пәндердің негізін үйретеді. Бастауыш сынып оқушысы ғылыми ұғымдармен таныса отырып, қоршаған ортаға деген өзіңдік көзқарасын қалыптастырады. «Кластер», «Ми шабуылы» сияқты белсенді әдістерді сабақ үрдісінде қолдануға болады. Ол, оқушылардың логикалық ойлау дағдысын дамытады.

Адам әрекетінің табиғатқа әсері қандай? Жерде тіршілікті, адамды қалай сақтап қалуға болады?- деген сұрақтарды қою арқылы, оқушылардың креативті ойлау дағдысын, тез шешім қабылдау ептіліктерін дамытуға болады. Миға шабуыл әдісі білім алушыларды дерек көздерімен өз бетінше жұмыс жасауға бағыттайды.  Оқушы бір мәселенің бірнеше шешімін іздеу арқылы шығармашылықпен  ойлауды үйренеді.

Табиғатта болатын өзгерістер, табиғат құбылыстары (көктем, жаз, күз және қысқы мезгілдердегі маусымдық өзгерістер, туған жердің табиғаты, табиғатты қорғау т.б.)  мәселелерді зерттеу үшін жоба әдісінің маңызы зор.

Жобаны жазу барысында оқушылар тақырыпқа байланысты фактілер мен аргументтер іздестіреді. Тапсырмаларды орындау барысында оқушыдан ақпаратты жүйелеу және талдау, фактілерді, құбылыстарды жалпылау, қорытынды жасау қабілеті талап етіледі.  Дүниетану сабағында адам, табиғат, қоғам арасындағы интеграциялық байланысты және табиғи үйлесімділікті  оқушылар көреді. Қоршаған ортада болатын әртүрлі құбылыстарды сезіну арқылы олардың таным мүмкіндіктері артады. Дүниетану пәнінде оқушылардың алғашқы зерттеу әрекеттері қалыптасады.

Осындай жұмыс түрлері оқушының зерттеушілік мүмкіндіктерін ашуға көмектеседі.  Сабақ үрдісінде әртүрлі әдістерді қолдану дидактикалық принциптерді дамытуға және әдістемелік  тәжірибені жетілдіруге көмектеседі.

Қазақ тілінде  үй тапсырмасын тексеру барысында «Ақиқат, жалған» әдісін  қолдануға болады. Топтағы оқушылардың алдында қызыл және жасыл түсті қиылған қағаздар беріледі. Мысалы, «Дыбыстар екіге бөлінеді, дауысты және дауыссыз; н-дауыссыз үнді дыбыс» — деп белгілі бір тұжырымды айтқан кезде оқушылар ақиқат  болса жасыл түсті қағазды, жалған болса қызыл түсті қағазды көрсетуі керек. Бұл әдіс оқушыдан шапшаңдықты талап етеді.

«Жалғасын тап» әдісі үй тапсырмасын тексеруде  тиімді әдістің бірі. Оны ұйымдастыру үшін сөйлемнің басы жазылған парақшаларды оқушыларға таратып, әрі қарай  олар ойды жалғастырып сөйлемді толықтырады. Сөйтіп, мәтін мазмұнын өздері шығарады,  барлық оқушы қатысады. 

«Шығармашылық шеберхана» әдісі оқушылардың шығармашылық дағдысын дамытуға көмектеседі.  Сабақ барысында оқушылар мәтіннің мазмұнына сәйкес суреттер, иллюстрациялар дайындайды. Сонымен қатар эссе, өлеңдер, әңгімелер жазады. Оқушылардың шығармашылық әрекеттері нәтижесінде керемет туындылар пайда болады. Белсенді оқу қызметі оқудың уәжінен, мақсаты мен шартынан және нәтижесiнен құрылады. «Инсерт», «Миға шабуыл», «Топтық пікірталас»,  «Блум сұрақтары», «Кластер», «Синквейн», «Рөлдік ойын», «Шатастырылған логикалық баулар» т.б. белсенді әдістер пәнге деген қызығушылықты оятады.  «Инсерт» әдісі аналитикалық ойды дамытады, материалды толық меңгеруге мүмкіндік туғызады. Бұл әдісті қазақ тілі, дүниетану сабақтарында қолдануға болады. Оқылған мәліметті   түртіп  алу жүйесі бойынша   таным түсінігін  қалыптастырады. Жаңа материалмен таныса отырып, түртіп алу арқылы мәлімет жинайды, саралайды, бағалайды.

Кластер құрастыру кең тараған әдістердің бірі болып табылады. Жаңа тақырыпқа болжам жасайды, не білетінін есіне түсіреді, жазады, салыстырады. Кластермен жұмыс жасағанда оқушылардың еркін ойлануына мүмкіндік беріледі.  Кластерді сабақтың барлық кезеңдерінде пайдалануға болады. Ол материалды жүйелеуге көмектеседі.

Белсенді әдістердің бірі — «Үштік әдіс».  Қазақ тілі сабағында оқушылардың оқылым, айтылым, тыңдалым дағдылары қалыптасады. Оқушылар бірнеше жұптарға бөлінеді. Бірінші оқушы мәтінді оқиды немесе мазмұндайды, екінші оқушы тындайды, үшінші оқушы керек жерлерін түртіп алады, кейін өз пікірін айтады. Бұл әдіс оқушылардың мәтінмен жұмыс жасау шеберлігін дамытады.

Ақпараттың жағымды және жағымсыз жағын анықтау мақсатында педагогикалық тәжірибиеде  «SWOT – талдау» әдісі жиі қолданылады. Мысалы, Дүниетану сабағында Табиғат құбылыстарын зерделеу барысында табиғатта, экологияда кездесетін жағдайлардың адам өміріне тигізетін жағымды және жағымсыз әсерін анықтауға болады. Бұл әдісті қолдану барысында мәселенің жағымды және жағымсыз жақтарына сипаттама беріледі, қауіп-қатері туралы дәлелдемелер мен аргументтер келтіріледі. Табиғатта, экологияда болатын күнделікті проблемаларды анықтап, оны шешудің жолдарын ұсынады. Салыстырмалы анализ жасау нәтижесінде табиғи құбылыстарда болатын әртүрлі фактілерді анықтайды. Теория мен тәжірибені байланыстыру арқылы өмірлік дағдылары қалыптасады.  

Жаңа сабақты қайталау кезеңінде Синквейн құрастыру маңызды. Тақырып бойынша оқушылар қысқаша мәліметтер келтіреді. Синквейн құрастыру оқушының коммуникативтілігін айқындайды.

Оқыту үрдісінде мұғалім мен оқушының қарым-қатынасы гумандық педагогиканың принциптеріне негізделеді.  Бірақ, мұғалім педагогикалық үрдістің негізгі ұйымдастырушысы болып табылады.

  • Оқушы пассивті тыңдаушы емес, сұрақтар қояды, өз идеяларын, шешімдерін ұсынады, яғни, ол оқу қызметінің субъектісі болады;
  • тақырыптар, мәселелер бірлесіп талқылау барысында қалыптасады;
  • мұғалім сабақ кезеңдерін өзгерте алады;
  • оқытуда демократиялық стиль қолданылады;
  • шығармашылық тапсырмалар беріледі [4].

Қорыта келе,  белсенді әдістерді сабақта тиімді қолдану, оқушының танымдық белсенділігін арттыруға, өз бетінше білім алуға, шығармашылығын қалыптастыруға ықпал етеді. Білім алушы өз ой-пікірін еркін, ашық айтады, бір-бірін тыңдауға үйренеді, ұжымда ынтымақтастық атмосфера қалыптасады.

 

Пайдаланған әдебиеттер

  1. А.Д.Майматаева Болашақ биолог мұғалімдердің ақпараттық құзыреттілігін қалыптастыру әдістемесі. Философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін дайындалған диссертациясы. -Алматы, 2019.
  2. Назарбаев Н.Ә. Ұлт жоспары «100 нақты қадам» бағдарламасы. — Нұр-Сұлтан, 2016 //www.akorda.kz/
  3. Назарбаев Н.Ә. «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауы. -Нұр-Сұлтан, 2018 //www.akorda.kz/
  4. А.М.Малофеева Использование активных методов на уроках в начальной школе https://nsportal.ru/nachalnaya

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.