Кубесова Майра Есалықызы
Алматы қаласы
Ш. К. Беркімбаева атындағы
Алматы қыздар мектеп-лицей-интернаты
Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі,
педагог-шебер
ғылым магистрі
Қазақ тілін оқытуда оқушылардың тілдік дағдыларын кешенді дамытудың тиімділігі
Білім берудің жаңашыл талаптарына сәйкес тілдік дағдыларды кешенді оқыту мәселесі – өзінен-өзі туындап отырған мәселе. Қазіргі білімді жаңартылған үлгіге салудағы контент әр түрлі дағдыларды кешенді дамыта оқыту болса, білім берудің мақсаты – бәсекеге қабілетті, жан-жақты дамыған жеке тұлға қалыптастыру. Тұлғаны жан-жақтылыққа жеткізудің негізгі педагогикалық болжамы осы тілдік дағдыларды кешенді дамыта оқытудан көрініс таппақ. Сабақта тілдік дағдыларды кешенді оқыту оқушылардың оқу-танымдық және дүниетанымдық қабілетін арттырып, олардың психо-физиологиялық ерекшеліктерін анықтауға мүмкіндік тудырады. Тілдік дағдыларды кешенді оқыту – тек қана жеке бөлшектердің тұтасқа бірігуі ғана емес, сандық және сапалық көрсеткіштерге жетелейтін әртүрлі деңгейі бар жүйе. Сондықтан олардың қарапайым оқушылық деңгейін саналы түрде альгоритмдік, эвристикалық және шығармашылық деңгейге көтере отырып, олардың санасында әлем жайлы біртұтас көрініс қалыптастыру мүмкіндіктерін жан-жақты ашуға берері мол.
Заман талабына сай, әрбір маман өз білімін жетілдіріп, ескі бір сарынды сабақтардан гөрі, жаңа талапқа сай инновациялық технологияларды өз сабақтарында пайдаланса, сабақ тиімді болар сөзсіз. Бұл жөнінде Қазақстан Республикасы “Білім туралы жүйесінің басты міндеттерінің бірі – оқытудың жаңа технологияларын енгізу, білім беруді ақпараттандыру, халықаралық ғаламдық коммуникациялық желілерге шығу” деп атап көрсеткен. Осы мәселеге сәйкес ақпаратты басшылыққа ала отырып, қазақ тілін оқытуда білім алушылардың тілдік дағдыларын кешенді дамыту арқылы білім сапасын арттыру – бүгінгі күнде өзекті мәселелердің бірі.
Әлемдік тәжірибе бойынша тілді тиімді меңгерту төрт дағды арқылы жүзеге асырылады. Оқылым, тыңдалым, жазылым және айтылым дағдылары коммуникативтік дағдылар болып табылады. Аталған дағдылардың әрқайсысының өзіне тән ішкі дағдылары мен оны үйрету жолдары, яғни ерекшеліктері бар. Сабақты аталған дағдылардың ерекшілігін ескеріп құру, тілді тиімді меңгеруге септігін тигізеді. Коммуникативті дағдыларды басшылыққа алып оқыту функционалдық сауаттылықты қалыптастыруға мүмкіндік береді. Грамматикалық білім тілдік төрт дағдыны қалыптастыру барысында жүзеге асып отырады. Оқушының әдеби тіл нормаларын дұрыс және орынды қолдана білуіне үлкен мән беріледі. Ал лексикалық тақырыптар белгілі бір тақырыптар аясында оқушылардың сөздік қорын байыта отырып, сөздердің мағынасын түсінуге, мақсатқа сай орынды қолдануын жүзеге асырады.
Тілдік дағдыларды қалыптастыруда, ең алдымен, қарым-қатынас дағдыларын дамытатын табиғи тілдік орта құру, оқушыны қызықтырып, ішкі уәжін ояту қажет. Тілдік дағдыларды меңгертудің өзіне тән ішкі ерекшеліктері бaр. Сондықтaн өтілетін тaқырыпты жоспaрлaудa әр дaғдының өзіндік ерекшеліктерін тиімді құрaстырa білу үлкен жaуaпкершілікті тaлaп етеді.
Оқушылардың тыңдалым және айтылым дағдыларын дамытуға ықпал ететін тапсырма үлгілері:
— тыңдауға, мазмұнын түсінуге түрлі стилдегі мәтіндерді ұсыну;
— мәтінді қайталап тыңдау, негізгі ойды анықтау;
— тыңдалған мәтін бойынша сұрақтар қою;
— мәтін бойынша жоспар құру;
— тыңдалған мәтіннің белгілі бір бөлігін өз сөзімен айтып беру;
— мәтіннің мазмұны бойынша қарама-қарсы пікір айту, дәлелдеу
— мәтінді өз қиялымен өзгертіп аяқтау;
— мәтіндегі оқиғаларды, іс-әрекеттерді салыстыра талдай алу;
— ұсынылған тақырып бойынша сұхбат алу немесе сұхбат беру және нәтижесі бойынша ауызша есеп беру.
Оқушылардың оқылым дағдыларын дамытуға ықпал ететін тапсырма үлгілері:
— көз жүгірте, шолу жасай отырып оқу;
— мәтіннің тақырыбы мен бастапқы бөлігіне сүйене отырып, оқиғаның дамуын болжау;
— мәтіннің негізгі ойы мен бөліктерін анықтай отырып оқу;
— «ақпаратты табу үшін оқу, қызығып оқу және өз көзқарасын айту үшін оқу, мәтінге ауызша және жазбаша шолу жасау.
Оқушылардың жазылым дағдыларын дамытуға ықпал ететін тапсырма үлгілері:
— оқушыларға таныс ертегі, әңгіме, өлеңдердің қысқаша мазмұнын жазу;
— сөздердің орфографиясын меңгертуге арналған тапсырмалар;
— газет-журналдарға шағын хабарлама / мақала жазу;
— эссе жазу;
— оқушының жеке көзқарасын білдіруі мақсатында пост жазу;
— әр түрлі стильдегі хаттар жазу;
— ұялы телефон, әлеуметтік желілерде сауатты хабарлама жазу;
— электронды почтада хат алмасу;
— ресми іс-қағаздарды жазып үйрену;
— суретке қарап әңгіме құрастырып жазу;
— белгілі оқиғаны өз ойынша өзгертіп аяқтау.
Айтылым дағдысында – тақырыпқа қатысты ойын білдіру, өз көзқарасын дәлелдеу, шешім шығару, қорытынды пікір жасау, диалогқа түсе алу, сұрақтарға жауап бере алу, сұрақ қоя білу, жағдаятты түсіну, мазмұндау, ойын еркін жеткізу, мәтін құрастыра білу, лексика-грамматикалық құралдарды дұрыс пайдалана білу туралы түсінік пен біліктілік деңгейіне бағытталады. Тыңдалым дағдысы бойынша: негізгі ойды түсіну, ақпаратты анықтау, түсінгенін практикада қолдана білу бағаланады. Оқылым дағдысында – мәтіндегі негізгі және қосымша ақпаратты әртүрлі деңгейде қабылдауы және түсіне білуі, тілдің айтылым заңдылықтарына сәйкес оқи алуы. Оқылым бойынша біліктілік деңгейін анықтау және бағалау келесі нәтижелермен айқындалады: түсініп оқу, зерттеп оқу, шолып оқу, мәселені сын тұрғысынан бағалау, негізгі аргументті анықтап, дәлелдеу. Жазылым дағдысында келесі көрсеткіштер бойынша бағаланады: тақырыпты аша білуі, грамматикалық сауаттылығы, өз ойын сын тұрғысынан дәлелдеуі, қорытынды шешім шығарып, өз көзқарасын дәлелдеуі, жазба жұмыстың құрылымының сақталуы, ұсынылған тезистердің нақты дәлелдемелермен дәйектелуі, тақырып бойынша ой жүйесі, мағыналық тұтастық. Тілдік дағдыларды дaмытуғa aрнaлғaн тапсырма түрі әр алуан болуы мүмкін. Мәселен, жобa жұмысы, пікіртaлaс, мәселені шешу, себебін aнықтaу сияқты тaпсырмaлaрдaн тұрaды. Бұл тaпсырмaлaрдың бaрлығы дa оқушылaрғa жaңa aқпaрaттaрды бір-бірімен бөлісуге және қaрым-қaтынaсқa түсуге мүмкіндік береді.
Тілдік дағдыларды кешенді дамыту үдерісінде оқушылардың негізгі құзыреттілігін қалыптастыру және дамыту мақсатында құндылықтар негізінде білім беру стратегиясы ұсынылады. Мектеп оқушыларының тілдік дағдыларын қалыптастыру процесі, оқу-әдістемелік кешеніне сәйкес қазақ тілі сабағын жаңаша ұйымдастырып, рухани білім негізіне тәрбиелеу басты негізге айналып отыр. Білім алушылардың ой өрісін кеңейтуге, мұқият оқу дағдыларын дамытып, өз ойын еркін жеткізуге бағытталған. Оқу бағдарламасы негізінде оқушылардың сауаттылығын әрі ой еркіндігін ширату, дағдыландыру мақсатын қажет етеді. Оқушылардың тілдік дағдыларын шыңдап, іздендіреді, мемлекеттік тілге деген қызығушылығын арттырады.
«Білім беру жүйесінің басты міндеті – ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтар, ғылым және практика жетістіктері негізінде жеке адам қалыптастыруға, дамытуға және кәсіби шыңдауға бағытталған білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау» [1, 5], – деп Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңында көрсетілуі, білім алушы тұлғалардың құзыреттілігін қалыптастыруға бағытталған білім беруді жаңартудың өзекті екенін білдіреді. Осы орайда тілдік дағдыларды кешенді дамыта оқытудың мүмкіндіктерін қарастыратын болсақ, тілдік дағдыларды дамытуда белсенді оқыту тәсілдерінің басты компоненттері – әдістемелік, ұйымдастырушылық — іс-әрекет және мазмұндық. Әдістемелік компонент бойынша, оқытуда көп қолданылатын тәжірибе – бір тақырыпты меңгерту барысында бірнеше әдістерді кешенді қолдану үдерісі. Оқу мен жазу арқылы сын тұрғысынан ойлауды дамыту, Проблемалы оқыту сияқты педагогикалық технологиялар араластырыла қолданылып жүр. Мұндай жағдай кез келген педагогтің тәжірибесіне енгізілгені дұрыс. Оқушылардың сабаққа деген ынтасын оятуда, қызығушылығын арттыруда және қазақ тілі сабағындағы күрделі грамматиканы оқыту мәселелерін шешу үшін өте қажет процесс.
Қазіргі білім берудің замануи әдіс-тәсілдерінің алдына қоятын басты мақсаты – білім алушының жеке басының ерекшеліктерін ескеріп, олардың өз бетінше білімге қол жеткізуін, ізденуін арттырып, шығармашылығын қалыптастыру болып табылады. Ал оқу мақсаттары белсенді оқыту жеке, жұптық, топтық жұмыс түрлерін қолдану арқылы іске асырылады. Мұғалімнің іс-әрекеті оқушыны бақылауға, бақылау нәтижесін өңдеуге, бағыт-бағдар беруге, күтілетін нәтижені анықтауға арналады. Оқушының іс-әрекеті өз көзқарасын салыстыруға, топтық, жұптық жұмыста бірлесе шешім шығаруға, өз жетістіктерін бағалауға арналады.
Әрбір мұғалім өзінің кәсіби шеберлігін жетілдіру мақсатында жаңа технологияларды терең талдаудан өткізіп, өзіне тиімдісін таңдау қажет. Жаңа технология оқушыға тек білім негіздерін беріп ғана қоймайды. Сонымен қатар оны тұлға ретінде дамытуға бағытталған. Қазіргі кезде бұл тақырып өзекті болып есептелгенімен, әр автор өз шеберлігімен ерекшеленеді. Сол себепті еліміз жаһандану заманында әлемдік білім беру үрдістерге енуі білім беру мазмұнын жаңа арнаға қарай бет бұру, білім беру жүйесінің жаңа сапалық деңгейде өту қажеттілігі артуда.
Қорыта айтқанда, тиімді стратегияларды қолдану арқылы оқушылардың коммуникативтік тілдік дағдыларын қалыптастыра отырып белгілі бір жетістікке қол жеткізе аламыз. Болашақ ұрпақтың жеке тұлға болып қалыптасуында білім беру жүйесін ізгілендіру, инновациялық үрдісте тиімді қолдану қазіргі заман талабы. Қазақ тілі бағдарламасының аясында оқылым, жазылым, айтылым, тыңдалым дағдыларын дамыту нәтижесінде оқушылар алған білімдері мен үйренген дағдыларын кез келген орта жағдайында бәсекеге қабілетті болуға, қарым-қатынас үдерісінде тиімді қолдануға мүмкіндік береді. Қазақ тілі мен әдебиетін оқи отырып, оқушылар негізгі төрт тілдік дағды, айтар болсақ, айтылым, тыңдалым, оқылым және жазылым бойынша түсініктері мен қабілеттерін кеңейтеді. Оқушы өзінің тұлғасын саналы жетілдіруіне және өзін-өзі заманауи білім деңгейі мен өркениетті шеберлігін шыңдауға мүмкіндік береді.
Пайдаланылған әдебиет
- Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңы//Егеменді Қазақстан.
— 2007. -27 шілді, 5-6-б.
- Әміров Р. Оқушылардың тілін дамыту үшін істелетін жұмыстар. – Алматы, 1967
- Динаева Б.Б., Сапина С.М. Академиялық сауаттылықтың теориялық және практикалық негіздері. Оқу құралы. — Нұр-сұлтан, 2020 ж.
- Дүсіпбаева Қ. С., Эссе жазуға арналған 10 сабақ: оқу-әдістемелік құрал. — Алматы: «Таңбалы», 2017 ж.
- ЖОО-ға дайындыққа арналған оқу құралы. Оқу сауаттылығы. — Алматы, 2023 ж.
- Исабаев Ә. Қазақ тілін оқытудың дидактикалық негіздері. – Алматы: Қазақ университеті, 1993.
- Қадашева Қ. Жаңаша жаңғыртып оқытудың ғылыми әдістемелік негіздері: өзгетілді дәрісханалардағы қазақ тілі: Пед. ғыл. док: … дисс. – Алматы, 2001.
- Құлмағамбетова А., «Тілдік төрт дағды бойынша белсенді оқыту тапсырмалары», оқу-әдістемелік құрал. – 2014 ж.
- Оразбаева Ф.Ш. Тілдік қатынас: теориясы және әдістемесі. – Алматы: РБК, 2000.
- Оспан Е., Академиялық жазылым негіздері. — Алматы, 2020 ж.