Home » Ашық сабақтар » Жадырап жаз келді

Жадырап жаз келді

Жадырап жаз келді

Жадырап жаз келгелі бері балалардың көбі, балабақшадан тыс уақытта ата-аналарымен қыдырып, тынығып, демалып жүргендері айтпасақ та белгілі. Одан бөлек, Алматы қалалық білім басқарамасына қарасты, Түрксіб ауданында орналасқан №15 бөбекжай-балабақша ұжымы да бүлдіршіндерге арнап, түрлі тақырыптарда жазғы ойындар ұйымдастыруда.
Балабақшада өткен әр мерекенің орыны ерекше. Тәрбиешілердің идеясынан туындаған әр түрлі тақырыпты қамтыған бүгінгі ойындар бүлдіршіндердің жанын жадыратып, көңілдерін бір көтеріп тастады. Ересек «Бұлбұл» тобының тәрбиешісі Қ.Қ. Қайбұлдаева ұйымдастырған «Сабынды көпіршіктер» атты жарыста балалар түрлі көлемдегі шарларды үрлеуден бір-бірімен бақ сынасты. Олар өздері үрлеген шарлары қаншалықты биікке ұшса, көңілдеріне қанат біткендей, шаттана секіріп, соншалықты мәз болды. Сонымен қатар, ересек «Аққу» тобының тәрбиешісі А.С. Абаеваның тәрбиеленушілері түрлі-түсті көпіршіктерден түрлі-түсті көбелектер ұшырып, «Көбелектер» ойынын ойнады. Көпіре ұшқан шарларды қуалаған балалар ойын аяқталмаса екен дейтіндей. Қанша ұзақ ойнаса да жалығуды, шаршауды білмейді.
Одан әрі мектепалды «Бүркіт» тобының тәрбиешісі Г. А. Есибаева мен әдіскер
Б.К Нуржикеева дайындаған балалар «Су патшалығы» тақырыбы бойынша бассейнге шомылған балалар балық та аулап, суда да жүзіп, доп та ойнап, күнге қыздырынудан жалыққан емес. «Су патшасы мен боламын!» деп, ертегілер әлеміне саяхаттап кеткен балалар, бірнеше сағат бойы суға шомылып, осылайша рахаттана демалды.
— Бүгін ұжымдағы тәрбиешілеріміздің ұйымдастыруымен, жаз мезгілінде балаларымызға арналған осындай демалыс түрін өткіздік. Күннің ыстығында балақайлар суға жүзіп, қызықты ойындар ойнап, спорттық жаттығулар жасап бір марқайып қалды. Біздің негізгі мақсатымыз — кішкентай бүлдіршіндерімізге көтеріңкі көңіл күй мен естен кетпес жаз сыйлау еді. Бұл бастамамызды ұжым да, ата-аналар да қолдап, бүгін өткізіп отырмыз. Балалар қуанса, өзіміз де қуанамыз. Іс-шара өте көңілді өтті, -деді балабақша меңгерушісі Айман Бейсенқызы.
-Балабақшамыздың ұжымына, балаларымызды тәрбиелеп жатқан тәрбиешілерге, меңгеруші Айман ханымға ризашылығымыз мол. Әрқашан тынбай еңбек етіп келеді. Балаларымыздың осы балабақша табалдырығын аттағанына қуанамыз. Үнемі ізденіс үстінде жүретін тәрбиешілеріміз бізді таңқалдырудан жалықпайды. Балаларымыздың қуанышты жүздерін көріп өзіміз де қуаныштымыз. Мектепке дейін балаларымыз жан-жақты, білімді болып шығатынына күмән жоқ. Себебі, бұл ұжымның педагог-ұстаздары өте білімді,- деді ата-аналар.

    

          

Жұлдыз Смаилова
«BILIM AINASY»
Алматы қаласы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.