Сөз басында «Саяси қуғын-сүргін құрбандары кімдер?» деген сұраққа жауап бере өтейік. Олар: ел үшін өмірін сарп еткендер; шындық үшін қасқайып тұрып, жан ұшыра шырылдағандар; жазықсыз жан тапсырғандар; еркіндік жолында күрескендер; зиялы қауым өкілдері.
Саяси қуғын-сүргін құрбандарының ел үшін сіңірген еңбегі зор. Бар айыбы халқын, шыққан тегін, жерін сүйгендігі. Мені қынжылтатыны оларды еске алу, мұражайларға бару шараларының аса көп еместігі.
Үлгі боларлық тұлғалардың ісі қазіргі қоғам жастарының арасында белгілі болуы керек. Осы жайттарды ескере отырып, өз сыныбыммен бірге Алматы қаласында орналасқан «Саяси қуғын-сүргін құрбандары» атты мұражайға барып қайттық. Талғар ауданының Жаңалық ауылында ашылған мұражайдың басты мақсаты – қуғын-сүргін құрбандарын еске алу. Мұражайдың дәл осы ауылда ашылуының да себебі бар. Зұлмат жылдарында жанын құрбан еткен жазықсыз жандарды дәл осы ауыл іргесіне көмген. Мұражай залының бірінде жазықсыз жан тапсырған 4 мыңнан астам адамның аты-жөні мәрмәр тасқа қашалып, қабырғада ілулі тұр. Сәулеті де, ғимараттың сарғыш түсі де көздің жауын алғанымен, ғимараттың ішіндегі естеліктер жанды шымырлатады. Мұражайдың 3 экспозициялық залы бар. Әрқайсысы оқушылардың сан сауалына жауап берер естеліктерден тұрады. Олар М.Тынышпаев, І.Жансүгіров, Ж.Күдерин сынды зиялы қауым өкілдерінің өмір жолымен танысты. Сондай-ақ жазықсыз атылғандардың жеке заттарын қарап, өзара ой бөлісе алды. «Сөздің ең ұлысы – тарих»,-деп Ахмет Байтұрсынұлы айтып өткендей, оқушылардың бойына ең игі қасиеттерді жинау үшін сөз ұлысы тарихты білгендерін қалаймын. Біліп қоймай, сезінулері үшін мұражайларға жиі апарған жөн. Бір қарағанда қарапайым зат боп көрінетін көне дүниелердің тарихымен танысқанда көзге жас келе жаздайды. Мұражай басшысының сөзнше, 1937-1938 жылдары жазықсыз атылғандардың саны 44 мыңды құрайды. Бұл санға енбегені де бар. Себебі саяси қуғын-сүргіннің зардабын шетел асып кеткен қандастарымыз да көрді. Сондықтан жан түршіктірерлік бұл оқиғалар әлі де тарихи зерттеуді қажет етеді.
«Саяси қуғын-сүргін құрбандары» дегенді оқысақ не естіп қалсақ, бұл кісілерді бір топ ер азаматтар деп ойлайтынымыз рас. Алайда бұл қатарда әйел адамдар да болған. Мұражайда баласына ұмтылған ананың мұңды жүзі бейнеленген мүсінді көруге болады. Жазықсыз жазаланып отырған аналардың жан айқайы жүрегіңді шымырлатпай қоймайды. Мұражайда көрсетілген мүсіндер ап-арық, аянышты. Қазіргі тыныш заманда ол кісілердің мұң-зарын қаншалықты түсіне аламыз? Көкейде осы сұрақ туындайды. Жазаланған әйелдердің бар айыбы ұлт зиялыларының жары болғандығы еді.
1937-1938 жылдары репрессияға ұшырағандарға мынадай айып тағылған:
халық жауы; Отанына опасыздық жасағандар; шпиондар; сатқын; Буржуазияшыл-ұлтшыл. Осы себептер үшін қолданылатын жаза түрлері жүргіңізді ауыртпай қоймайды. Олар: жаппай өлім жазасына кесу: түрмеге қамау; тұтас жер аудару яғни тұрғылықты жерінен көшіру; қылмыстық істерді қолдану; адамдардың қадір-қасиеттері мен жанын жаралау.
Жазықсыз жандарға тағылған жалған айыптардың әсерінен «Карлаг, Степлаг, Алжир» сынды концлагерьлер ашылды. Бұл жерлер қарулы әскерлермен күзетіліп, ұлт зиялылары аяусыз жазаланды. Қуғын-сүргінге ұшыраған ұлт зиялыларының жұбайларымен қоса өзге отбасы мүшелері де зардап шекті. Біздің қазіргі тәуелсіз заманымызда жоқ ату жазасы жазықсыз жандарға аяусыз тағайындалған.
Қуғын-сүргінге ұшыраған ұлт зиялыларының мақсаты халықты ағарту, білімге баулу, өз еңбектерін шарыққа шығару болған. Әттеген-ай дейтініміз, білімді, халық ағартушы азаматтардың жалған айыппен ажал құшқандығы.
«Жалпы түгел тәуекелге мінбей тұрып, жалқы ештеңе бітіре алмайды. Қарапайым ел деген болмайды. Жеріне, суына, тіліне, дініне, тарихына, тағдырына ие Халық деген болады. Тек сондай халық қана есерін түзеп, еріне медет бола алады. Қорлана бермей, арлана білейік. Намыстың сөзін сөйлейік»,-деген Әбіш Кекілбаевтың сөзін ұстаным етіп, жас буынды тарихымызбен таныстырайық. Елі үшін жанын берген азаматтардың асыл қасиеттерін бойына сіңірейік. Оқушыларымыздың тарих беттеріне деген қызығушылығы артуы үшін түрлі мұражайларды аралатып, туындаған сұрақтарына дұрыс жауап бере білейік. Әріптестеріме қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға қатысты түрлі шаралар ұйымдастыруды ұсынамын. 31 мамыр – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні. Соған орай оқушыларды мұражайларға алып барып, сол тақырыпта дөңгелек үстел жасауды, эссе тақырыптарын беруді, ұлт зиялыларын еске алуды ұсынамын.
«№203 ЖББМ» КММ
Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі
Н.А.Имамадиева