Home » Мақалалар » КІШІ ЖАСТАҒЫ БАЛАЛАРДЫҢ ФИЗИОЛОГИЯЛЫҚ-ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІНЕ СӘЙКЕС ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ҚОЛДАУДЫҢ МАҢЫЗЫ  

КІШІ ЖАСТАҒЫ БАЛАЛАРДЫҢ ФИЗИОЛОГИЯЛЫҚ-ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІНЕ СӘЙКЕС ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ҚОЛДАУДЫҢ МАҢЫЗЫ  

Смаилова З.О.
«Өрлеу»  БАҰО» АҚ филиалы Жамбыл
облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің
біліктілігін арттыру институтының аға оқытушысы

 

 

 

Жамбыл облысы, Тараз қаласы
Қазіргі таңда білім беру жүйесін модернизациялауға байланысты болашақ ұрпаққа қойылатын талап өзгерді. Бұл жағдайды керісінше  қарауға да болады. Себебі қазіргі өсіп келе жатқан жас ұрпақтың талаптарына сай білім беру жүйесіне көптеген өзгерістер енгізілуде. Демек, мәселеге қай жағынан және қай тараптан қарасақ та балаларды психологиялық сүйемелдеу мәселесі бірінші орынға шығады. Олай болса, мектепке дейінгі кезеңдегі бала бойындағы физиологиялық-психологиялық ерекшеліктерге тоқталайық.
Кіші жастағы бала ағзасының қарқынды жетілуі 3-7 жас аралығында  анық көрінеді. Жалпы өсуімен қатар тіндер мен мүшелердің анатомиялық қалыптасуы және функциялық дамуының жүретіндігі белгілі. Қаңқаның сүйектеніп, бұлшық еттерінің сомдануы, тыныс алу, қан айналу мүшелерінің дамуының үлкен маңызы бар. Ми салмағы 1110 граммнан 1350 граммға дейін өседі. Шартты рефлекстердің пайда болу жылдамдығы артып, әсіресе екінші сигнал жүйесі қарқынды дамиды. Дене дамуы баланың дербестігінің арта түсуі үшін, тәрбие мен оқыту процесінде қоғамдық тәжірибенің жаңа формаларын игеруі үшін қолайлы жағдайлар жасайды. Сондықтан осы кезеңде кез келген психолог немесе тәрбиеші баланың физиологиялық өзуіндегі өзгерістерге мән беруі керек. Орындалатын тапсырмалар жүйесі жалпы моторика мен ұсақ моториканың дамуына бағытталғаны дұрыс.
Баланы табиғатпен жастай таныстыра дамыту, оның өзіндік логикалық ойын, сөз қорының, санасының жетілуіне әсері мол екенін К.Д. Ушинский өз тәжірибесінде атап  көрсеткен. «Логикалық ойдың, пікірдің дамуы баланың келешекте рухының жоғары болуына, батыл пікір, нақты шешім айтуына және оны дәлелдеп беруге жетелейді. Сондай-ақ, кімде-кім баланың тіл қабілетін дамытқысы келсе, ең алдымен оның ой қабілетін дамытуы тиіс», — деп көрсетеді. Онтегенездің бастапқы кезеңдерінде қарым-қатынас бала өмірінде аса маңызды рөл атқарады. Бала мен ересектің қарым-қатынасы білім, іскерлік, дағдыны біреудің жай қасында емес, өзара әсерлесу нәтижесінде, өзара баю мен өзгерудің күрделі процесі. Бала өзіне берілетін басқаның тәжірибесін белсенді түрде ой елегінен өткізіп, өңдеп пайдаланады. Демек, баланың тіл, ой қабілеттерін дамытуды ересектермен, баланың достарымен қарым-қатынастың негізінде жүзеге асыруға болады. Мұнда ата-ана мен тәрбиешіер баланың өз қатарларымен толыққанды араласуына баса назар аударғаны дұрыс.
Мектепке дейінгі шақтың  алғашқы үш жылы психологияда «қауіпті» кезең деп аталып, өзіне зерттеушілердің үлкен зейінін аударуда. П. Бадалян «…осы уақытта сәби арнайы үйрету мен тәрбие көрмесе, кейін ол өте қиынға түсіп, тіпті кеш болуы да мүмкін» деген. Дер кезінде тәрбие мен үйрету көрген бала бес жасында еш қиындықсыз таза сөйлей білуі тиіс. Осыған орай елімізде жүргізілген түрлі сауалнамалардың нәтижесінде болашақтағы «капиталды» — «бала» десе, ал балаға салынатын қаражат қай жасты қамтуы керек? – деген сауалға түрлі ұтымды жауаптарды береді. Соның ең тиімдісі – «балаға қаражатты 2,5 — 7 жас аралығында салыңыз, сонда ол болашақта сізге 7есе қайтып келеді» — делінген.
Сонымен мектепке дейінгі жас — ерте онтогенез кезеңіндегі ең ұзақ және күрделі психикалық даму көрінісі болып табылады. Мұның өзі психологиялық зерттеулердің объекті ретінде қосылды және ол ғылыми әдебиеттерде оқиғалардың әр алуандығылығы ретінде көрсетіледі. Жас баланың өмірді тануы, еңбекке қатынасы, психологиялық ерекшеліктері ойын үстінде қалыптасады.  Л.С. Выготский пікірінше, ойын мектеп жасына дейінгі баланың жеке басының дамуына ықпал ететін жетекші, басты құбылыстың бірі деуге болады. Бала ойын арқылы өзінің күш-жігерін жаттықтырып, қоршаған орта мен құбылыстардың ақиқат сырын ұғынып үйрене бастайды. Ойын кезіндегі баланың психологиялық ерекшелігі мынада: олар ойнайды, эмоциялық әсері ұшқындайды, белсенділігі артады, ерік қасиеті, қиял елестері мен таным процестері дамиды, мұның бәрі баланың шығармашылық қабілеті мен дарынын ұштайды.
Т.Рибоның айтуынша, баланың шығармашылық қабілеті тәжірибелілігіне байланысты дамиды. Мектеп жасына дейінгі кезең – қиялдың тез дамитын уақыты. Сондықтан  қиялдың  дамуын 2 жастан 6-7 жасқа дейінгі аралықта төрт ерекше кезеңдерге бөлуге болады:
Бірінші кезең баланың қабылдауының ерекшелігіне байланысты (бір заттан басқа бір затты көре бастауы). Мысалы, бала қарапайым қораптан машина немесе үй жасап ойнайды. Мұнда баланың тұрмыс-тіршілігі мен мәліметтерді алу тізбесіне мән беру керек.
Екінші кезең – қиялдың ойыншықтарды жандандыру құдіретінің байқалуы. Көбіне осы жастағы балалар ойыншықтарға ат беріп, оны қимыл-қозғалысқа түсіріп, сөйлетіп жатады. Бұл әрекетке баланың көрген мультфильмдері де әсер етеді.
Үшінші кезең – ойындағы рөлдерге байланысты өзгеруі. Осы жаста балалардың қиялын дамытуға рөлдік ойындар үлкен әсерін тигізеді. Бала рөлді сомдай отырып, өз қиялы мен актерлік шеберлігін дамытады. Ең бастысы бала осы кезеңде кез келген рөлді еш қиындықсыз, әрі ұялмай сомдауға бейім болады.
Төртінші кезең – бала қиялында өзіндік көркемдік шығармашылықтың басталуы (бейнелерді қайта құруы, жасауы). Осы кезеңде бала саналы түрде қандай да бір бейне мен әрекетке өз тарапынан өзгерістер енгізе бастайды.
О.М. Дьяченко мен А.И. Кирилованың тәжірибелік зерттеулерінде бала дамуында қиялдың екі түрі (сезімдік және танымдық) жүзеге асады. Танымдық қиялдың басты міндеті – ақиқат өмірдің белгілі бір түрде бейнеленуі. Сезімдік қиял, белгілі бір жағдайға байланысты қайшылық болғанда, баланың өзіндік «Мені» қалыптасқанда және оның құрастырудағы бір механизм болады. Е.Е. Кравцованың зерттеуінде қиялдың даму қызметінде үш түрлі компонентті бөліп көрсетті:
Көрнекілікке сүйену;
Өткен тәжірибесін қолдану;
Ерекше ішкі позицияны қолдану.
Осы үш компоненттің қолдануында халық ертегісінің айрықша орнын анықтап, зерттеуге мән берілді
Мектеп жасына дейінгі кезеңде қиял – қоғамдық тәжірибені меңгерудегі алғышарттары болып келеді, өйткені балалар қоршаған ортаны, адамгершілікті, эстетикалық идеяларды өзіндік көзқараспен қабылдайды. Баланың қиялы ересектерге қарағанда әлсіз. Л.С. Выготскийдің тұжырымына сүйенсек, «Бала қиялының дамуы біртіндеп, шамасына қарай қабылдауынан басталады. Қиялда болатын барлық образдар, қаншама таңғажайып болып көрінгенімен,  ол баланың өмірден көрген-білгеніне негізделеді. Кейде бала өмірде кездескен кейбір жағдайларды өзіндік қабылдаумен түсіндіргенде, бізге үлкендерге күтпеген таңқаларлықтай болып естіледі». Демек, баланың қиялының ерекше екендігін осы тұста анық көруге болады. Жоғарыда аталған әрекеттердің барлығы баланың мектепке толыққанды дайын болуына жол ашады.
Мектептегі оқудың басталуы – бала өміріндегі әлеуметтік психологиялық жағынана да, физиологиялық жағынан да қиын әрі жауапкершілігі мол кезең. Бұл адам өміріндегі және іс-әрекетіндегі жаңа жағдай болып табылады. Сонымен қатар жаңа қарым-қатынастар жаңа міндеттердің тоғысуы болып табылады. Баланың бұл кезде бар өмірі өзгеріске түседі. Мектеп бірінші күннен бастап оқушыға бірнеше талаптар қоятыны белгілі. Ал баланың азын-аулақ алған білімі талаптарды орындауға мүмкіншілік бермейді. Осындан келеді де, балалардың мүмкіндіктері мен мектеп қоятын талаптары арасында қарама–қайшылықтар туады. Себебі оқу басталғаннан жүктеменің көлемі өседі.
Қорыта келе, алдыңғы зерттеу нәтижесін негізге алған маңызды. «Балаңыз мектеп уақытында да еш қиындықсыз білім мен тәрбие алып, толыққанды дамысын десеңіз – қаражат бөліңіз.  Балаңыздың таным процестерінің дамуына ден қойыңыз. Сонда балаға салынған әр қаражаттың 7 есе қайтады» —  тұжырымы таным процестерін дер кезінде дамытудың қажеттілігін көрсетеді.
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР:
Қоянбаев Ж.Б., Қоянбаев Р.М. Педагогика. Астана, 1998 ж.
Ибраева М.К. Ерте жастағы балалардың танымдық белсенділігін қазақ халық шығармашылығы құралдарымен дамыту. Алматы, 2017 ж. 172 бет.
Мұқанов М. Жас және педагогикалық психология. Алматы,1981 ж.
Бүлдіршін жастағы балалардың физикалық және психикалық-әлеуметтік дамуы (0-5 жас), Әдістемелік құрал. Алматы, 2014 ж.
5.     Петровский А.В. Педагогикалық және жас ерекшелiгi психологиясы. Алматы, Мектеп, 1989 ж.
6. http://tilimen.org/bastauish-mektep-oushilarini-pedagogikali-psihologiyali-ereksh.html

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.