Маңғыстау облысы
Мұнайлы ауданы
№2 орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі
Чакаева Жанымай Султановна
Бүкіл әлемді жайлаған аты жаман ауру елімізге де келді. Осыған сәйкес, елімізде төтенше жағдай режимі енгізіліп, барлық оқыту жүйесі қашықтан оқыту форматына көшті. Күнделікті балаларды көріп үйреніп қалған біз, яғни, ұстаздар қауымы үшін бұл оқыту жүйесі алғашқы күндері біраз қиындықтар туғызды. Бір үйде бірнеше бала оқитын жағдайда бір компьютерді не бір телефонды пайдалану секілді келеңсіз жайтар болып жатты. Дегенмен, қашықтан білім беруге көшу инфекцияның таралуын азайтуға бағытталған шаралар екендігін балаларға түсіндіруді бір міндетіміз деп есептедім. Ата-аналар да өз тараптарынан қолдау көрсетіп, түсіністік танытып, балалардың сабаққа қатысуын, сабаққа деген ынтасын қадағалап отырды.
Теледидар арқылы онлайн сабақ өткізу – бұрын соңды елімізде болмаған жаңа формат. Балаларымыз «Еларна» және «Балапан» телеарналарынан IV тоқсанның жоспары бойынша тақырыптарды тыңдап, видеосабақтар қарады. Ал арнайы мамандандырылған интернет-платформалар арқылы оқушыларымызбен тікелей эфирде тілдесіп, кері байланыс жасадық.
Уақыт өте келе, бұл жағдайларға да үйрендік. Еліміздегі қиын жағдайларға қарамастан, мен және менің әріптестерім заман ағымына сай, жағдайларға бейімделіп, өз міндеттерімізді лайықты атқарудамыз. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген сөз бекерден-бекер айтылмаса керек. Егер барлығымыз бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып бірлесе жұмыс атқарсақ, бұл қиын кезеңді де артқа тастайтындығымызға бек сенімдімін!