Маңғыстау облысы
Мұнайлы ауданы
«№4 жалпы білім беру орта мектебі» КММ
бастауыш сынып мұғалімі
Каражанова Гулзира Ильясовна
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың елде төтенше жағдай енгізілуіне байланысты үндеуі жарияланды. Коронавирус індетінің таралауына жол бермеу, алдын алу шаралы мемлекетімізде жүйелі түрде іске асырылып жатыр. Білім саласының қызметкерлері де жұмысын қашықтықтан оқыту арқылы жалғастырып отыр. ІV тоқсанды қашықтықтан бастауға біршама дайындық жүргізілді, оқытуға ыңғайлы желілерді таңдап, ата-аналар мен мұғалімдер «Zoom» , «WhatsApp» желілерінде сынама сабақтарын өткізді. Бастауыш сынып оқушылары үшін де, мұғалім үшін де алғашқы аптада алаңдаушылық пен үрей басым болды. Арнадан көрсетілетін сабақтың уақытына сәйкестендіре отырып, сабақ кестесі жасақталды. Телефон тапшылығы, желіге қосылу мүмкіндігі жоқ отбасылар үшін біршама қиындықтар болды. Алайда білім алудың маңызын түсіне білген ата-аналар бұл жағдайдан да жол тауып, желіге толық қосылып үлгерді. Аз уақыт ішінде ата-аналарының көмегімен бастауыш сынып оқушылары қашықтықтан білім алуға төселіп кетті.
Бастауыш сынып бағдарламасына сәйкес әр сабақты әсерлі, әрі қызықты етіп жоспарлау- менің басты мақсатым болды. «Тәуекел нарды жығады» ,-деген ұстаныммен бірнеше бейнесабақ әзірлейтін бағдарламаларды үйреніп, тәжірибе жинақтадым. Сабақ барысында сергіту сәттері, қолөнер жасау, дене қимылдарын, көзге жасалатын жаттығу түрлеріне арналған анимациялық фильмдерді назардан тыс қалдырмадым. 1-сынып оқушылары болса да, үлкен жауапкершілікпен кері байланысты үздіксіз жасап, тәжірибемнің сәтті жүзеге асып жатқанына жігерлене түстім. «`WhatsApp» желісі арқылы тақырыпты түсіндіргенде ойлау қабілетін жетілдіруге бағытталған әдістерді қолдандым. Оқушылар кері байланысты қарапайым үйдегі ойыншықтар, ермексаз, асхана бұйымдары арқылы ой ұшқырлықтарын жетілдіре отырып, тәжірибемен көрсете алды. «Сауат ашу» сабағында дауысты дыбысты қызыл, дауыссыз дыбысты көк түсті қарындаш, ойыншықтармен, аталған дыбыстан басталатын зат атауларын үй жабдықтарымен көрсету және математика сабақтарында «Ақша ұсақтау» сияқты тақырыптарды отбасы мүшелерімен нақты қолмен ұстап, есептеу оқушылардың ынтасын жоғарылата түсті. Үй жағдайында отбасы мүшелерімен бірге жасалатын тапсырмаларды берудің де пайдасы мол екеніне көзім жетті. Әр тақырыпты тәжірибемен көрсете білді. Мұндай ойын элементтері отбасылық қарым-қатынасты бекіте түсетініне куә болдым. Бұл іске жұмыла атсалысып, жүгін жеңілдетіп отырған ата-аналарыма мың алғыс айтамын.
Оқушылармен жасалып отырған жұмыстарымыз бен кері байланыстарымызды ортаға салып, Республикалық «Өрлеу» порталына еңбектерімізді жарияладық. «Білім айнасы –біз біргеміз» ашық алаң аясында өтетін «Менің тәжірибем-мой эксперимент» конкурсына қатысып, «Көрермен көзайымы» димломымен марапатталдым.
Білім беру қандай әдіспен болса да ең алдымен мұғалімнің шеберлігіне байланысты. Ізденіс пен қажырлы еңбекті талап етеді. Жинақталған жұмыстар менің тәжірибе қорыма мол қазына құя білді. Алдағы уақытта түрлі себептермен мектепке бара алмаған, ауырып қалған оқушыларға дайын бейнесабақтар мен тәжірибелік тапсырмаларды жолдап, оқушы толық біліммен қамтамасыз етуге болатындығына сенімім артты. Оқушылар телефонды ойын құралы емес, білім алатын тетік екенін де ұғынды. Сонымен қатар, сынып сағаттарын, ата-аналар жиналысын болашақта да осындай қашықтық арқылы жалғастыру жоспарымда бар.
Елдегі уақытша қиындықты да еңсеріп, болашақтың жарқын бүлдіршіндеріне жан-жақты білім беруден жалықпайық.