Маңғыстау облысы
Мұнайлы ауданы
« №6 жалпы білім беру орта мектептің»
тарих пәні мұғалімі
Шахаева Тұрсынай Базарбекқызы
Педагог-сарапшы
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәлімдемесі бойынша, баршамызға белгілі Қазақстан халқы 16 наурыздан бастап төтенше жағдай режиміне көшті. Әрине, бұл кезең жұртшылыққа оңай тимегені анық. Алайда білім беру саласында оқушыларды оқыту мәселесіне аса назар аударылып, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағанбетов 4-тоқсанды қашықтықтан оқыту режиміне көшуді тапсырған болатын. Әрине бұл дұрыс шешім деп көпшілік мақұлдап іске кірісе бастады.
Осы орайда , Мұнайлы ауданындағы №6 жалпы білім беру орта мектебінде де, төтенше жағдайға байланысты мектеп әкімшілігінің нұсқаулығымен каникул кезінде сақтық шаралары қолға алынды. 6 сәуірден 22 мамырға дейін аралықты қамтитын 4-тоқсанды мектебіміздің директоры:
Суюнова Жадыра Базарқызы мен мектеп әкімшілігі ұстаздармен біргелікте қашықтықтан оқытудың тиімді әдіс-тәсілдерін ортаға салып, жоспарлы іс-шаралар ұйымдастырыла бастады.
Бүгінгі күнде əлемнің қай түкпірінде болса да, ауқымды желі болғандықтан, қашықтықтан оқыту технологиясы — білім алушылар мен оқытушылар арасында оқу үрдісі кезінде интерактивті өзара пікір алмасуда жүзеге асырылып, оқу материалдарын білім алушыларға негізгі бөлігін жеткізуді қамтамасыз етуге, тақырыпты меңгеруге, сондай-ақ білім алушылардың берілген тапсырмалар бойынша өз бетімен жұмыс істеулеріне жағдай туғызатын ақпараттық технология болды деп айтуға негіз бар. Өйткені оқушыларға тапсырмаларды беру мен олардың орындауын қадағалау қиынға соқпайды. Бастапқыда «Бұл қалай болмақ? Қайтіп түсіндірсек оқушы жылдам қабылдай алады, жеткілікті деңгейде түсіндіре аламыз ба деген сұрақ ұстаздарды мазалағаны хақ. Алайда , үш аптаны араға салып ұстаздар қауымы стандартқа сай сабақ өтіп, WhatsApp, Мектер.еdu арқылы тапсырмаларды алып кері байланыс жасап сапалы білім беруде.
Мен тарих пәні мұғалімі болғандықтан бір байқағаным оқушыларға тақырыпқа қатысты видеолармен слайдтарды, интернет желісі арқылы ватсапқа жіберу арқылы, оқушылардың тақырыпты оңай түсініп, кері байланысқа шығатынын түсіндім. Себебі, сынып оқушылары арасында бетпе-бет оқыту барысында өзін «ұялшақ» сезінетін, білгенін ашық айта алмайтын оқушылардың әртүрлі тапсырмаларды орындап, жылдам сұрақтарға жауап беру, үй тапсырмасын тиянақты орындап ортаға салып отырғаны бізді таң қалдырды. Әрине оқушылардың мұндай жетістікке жетуіне ықпал жасап отырған ата-аналардың еңбегі зор. «Біз біргеміз» ұранын алға тартқан ата-аналар балаларының білім алуы үшін үлкен еренді жұмыс атқарып отыр десек, асыра айтпаған боламыз.
Еліміздегі төтенше жағдайға байланысты оқу жүйесінің қашықтықтан оқытудың бәріміз үшін пайдалы екендігіне көзіміз жетті.
«Біріміз бәріміз үшін, бәріміз біріміз үшін» деген ұстанымды алға тарта отырып біз ұстаздар қауымы балаға білім беруде еш нәрседен аянбаймыз.Кез-келген жағдайда білім берудің түрлі әдістерін қолданып жаңашыл идеяларды алға тартып отыру, бұл ұстаздардың болашаққа деген батыл қадамы деп ойлаймын.