Маңғыстау облысы
Мұнайлы ауданы
«№1жалпы білім беру орта мектебі» КММ
Бастауыш сынып мұғалімі
Копбергенова Камшат Матжановна
Білім берудегі жаңарту үдерісі, дамытуы және өзгеріс енгізуі мектеп үшін таңсық дүние емес. Себебі білім беру үдерісі қоғамдағы жағдай мен ғылыми-техникалық прогреске байланысты өзгеріске түсіп, дамып отырады. Әдетте даму немесе өзгеру процесі кезең-кезеңімен жүзеге асады. Өзгерісті жүзеге асыруда бейімделу жағдайы мен жоспарланған уақыты есептеледі. Ал, қазір біз бастан кешіп отырған білім алудағы өзгеріс уақыт пен бейімделуге мүмкіндік бермейтін төтенше жағдаймен байланысты болып отыр. Сондықтан білім беру жүйесі қарапайым не күрделі емес, кешенді проблеманы еңсеруді мақсат еткенін біз түсінуіміз керек. Яғни бұл мақсатқа жетуде ұстаздар алдында күрделі де, қарапайым да проблемалар кездеседі. Ия, қашықтықтан оқыту ұғымы жоғарғы оқу орнында сырттай оқу бөлімі үшін қолданылатын ұғым болса, қазіргі жағдайда ол орта білім беру жағдайына да мәжбүрлі түрде еніп отыр. Сондықтан мұғалім ретінде үрейге немесе байбаламсалушылыққа бой алдырмай осынау өтпелі қиын кезеңді еңсергеніміз абзал. Еңсеріп те келеміз…
Мен де өз тәжірибемді төтенше жағдайға байланысты өзгертіп, жетілдіру үстіндемін. Менің ойымша қазіргі сабақ процесі мынадай сатылардан тұрады.
1.Жоспарлау.
Жоспарлау нақты мақсатқа құрылуы тиіс. Бәлкім сізге жыл басындағы жоспарлаған оқу мақсатынан бас тарту қажет болуы мүмкін. Беруге тиісті барлық материалды бере алмадым, барлық есепті шығарта алмадым деп алаңдамаңыз. Сізге қазір оқу материалынан ең маңызды материалдарды саралау қажет. Тапсырмалардың санын да шектеңіз. Күрделілігін саралаңыз.
2.Меңгерту
Бұл- cабақтың басты бөлігі. Себебі оқушының табысқа жетуі сіздің материалды қалай меңгерте алғандығыңызға байланысты. Дайын материалды немесе видеоны жибере салып, «ал, енді тапсырманы орындаңдар» деуге болмайды. Озіңіз пайдаланып отырған желіде материал туралы оқушы пікірін ең болмағанда 3-5 оқушыдан біліп алыңыз. Бұл тым қарапайым әдіс болғанымен оқушыларды жақын арадағы даму аймағында жұмыс жасауға шақырады. Әрі сіздің оқушыларыңыз қазір сізбен және достарымен қарым-қатынасқа зәру болып отырғанын ұмытпаңыз.
- Оқушының өзіндік жұмысы
Қазіргі жағдайда оқушыларға білімді жайлы түрде беру маңызды. Себебі бала озі түсінбейтін, түсінуге қиын проблемаларға немесе техникалық қиындықтарға кездескен жағдайда, білім алудан бас тартуы мүмкін. Сондықтан берілетін тапсырма барынша орындауға ыңғайлы, қарапайым болуы керек. Мұғалім мүмкіндігіне қарай қарапайымнан күрделіге принципін пайдалана отырып оқытуды жақсарта алады. Яғни, білім алу жағдайында оқушы мен мұғалімнің түсіну нүктесі үйлесімді болу керек. Олай болмаған жағдайда мұғалімнің ұсынған материалын түсінбеген оқушы алаңдаушылық немесе зерігуге беріліп, табысты оқуға қол жеткізе алмайды. Оқушыны жұмысты орындауын уақытпен шектеп, асықтырмаңыз. Әр оқушының әлеуметтік жағдайы мен психологиялық жағдайын сіз қазір бағдарлай алмайсыз. Сондықтан балаға барынша еркіндік беріңіз, қолдау көрсетіңіз
4.Кері байланыс пен бағалау
Оқушы жұмысы орындалғаннан кейін ол мұғалім тарапынан түзетіліп, кеңес беріліп отыруы қажет. «Дұрыс емес», «Қате», «Бұрыс» деген сөздерден аулақ болған жөн, барынша қолдау көрсетіп дұрыс жауапқа жетелеуіміз қажет. Лев Выготский «Адамдардың білім алуы жайлы болуы үшін жауапты реакция мен мадақтау қажет, бағалау ізгі болуы қажет» дейді. Ендеше, кері байланыс арқылы сіз оқушыны өзіңізге, оқу процесіне тарту мүмкіндігіне ие боласыз.
Оқушылар алдағы уақытта оқу пәндерінен бөлімді жиынтық бағалау, тоқсанды жиынтық бағалау тапсыратындығын жақсы біледі. Сондықтан оның маңызы туралы айтып немесе болатын уақытын белгілеп, еске сала берудің қажеті шамалы. Ол оқушы үшін қосымша үрей мен алаңдаушылық екенін біліңіз, түсініңіз. Оз пәніңізді ең басты проблема етіп көрсетпеңіз. Қазіргі жағдайда ең басты мәселе- қауіпсіздік, денсаулық, өтпелі төтенше кезеңнен аман өту. Оқушыңыз сіздің ол үшін алаңдайтыныңызды сезінсін, қамқорлығыңызды ұғынсын. Ал сіз бұл кезеңнен кейінгі қалыпты жағдайда оқушыларыңызбен бірге еңсере алмаган мәселелеріңізді шешіп, биік мақсаттарға әлбетте жете аласыз!