Маңғыстау облысы
Мұнайлы ауданы
«№1 жалпы білім беру орта мектебі» КММ
Бастауыш сынып мұғалімі
Тулегенова Алина Шораевна
Биылғы 2019-2020 оқу жылында Қазақстан Республикасының білім саласында ерекше өзгерістер орын алды. Бұның бірден бір себебі әлемді шарлап кеткен COVID -19 індеті еді. Бүкіл әлемді дүр сілкіндірген бұл індет, Қазақстанды да айналып өтпеді. Биылғы көктемгі демалыстан кейінгі оқу үрдісі әдеттегідей мектепте емес, үйде жалғасатын болды. Қазақстанның мектептері Білім және ғылым министрі А.Аймағамбетовтың бастауымен қашықтықтан оқытуға көшті.
Қашықтықтан оқыту – білім алушы мен педагог қызметкерінің жанама (алыстан) немесе толық емес жанама өзара іс-қимылы кезінде ақпараттық-коммуникациялық технологияларды және телекоммуникациялық құралдарды қолдана отырып жүзеге асырылатын оқыту.
Бұл жүйеге көшудің алдында мұғалімдердің, сондай-ақ, ата-аналардың ойында сан сауал болды. Алайда мемлекетіміздің ақпараттық технологияларының жақсы дамығандығының арқасында, мұғалімдер мен оқушыларға арналған «Bilimland», «Imektep», «Daryn online», «You tube» желілерінің базасында ресурстық материалдардың қол жетімділігі және сабаққа керек барлық мәліметтердің болуы бұл сұрақтардың жауабы болғандай.
Білім және ғылым министрлігі бұл жүйеге үлкен дайындықпен қадам басты. Барлық жағдайларды қарастыра келе, барлығына қол жетімді болу үшін телевидениені де білім саласына ұштастыра білді. Атап айтсам, Балапан телеарнасы арқылы барлық аймаққа сабақ көрсетілімі жасалды. Бұл бірінші кезекте үй жағдайында білім алуға үлкен мүмкіндік деп ойлаймын. Себебі қазіргі таңда теледидар көпшілігімізде бар.
Ал мұғалімдер тарапынан асқан сабырлық пен шеберлік қажет еді. Себебі оқытудың жаңа форматын меңгере отырып, оны балаға білім беруде қолдану қажет болды. Мұғалімдер өзіндік шеберліктерін іске қоса отырып, түрлі форматта сабақ дайындады. Кейбір ұстаздар бейне сабақ жасап, ал басқалары, әлеуметтік желілерді пайдалана отыра жаңа тақырыпты балаға меңгерту жолдарын қолданды. Педагогтар әр баламен кері байланыс жасап, комментарий беріп, қажет болған жағдайда, қосымша ақпарат беріп жаңа білімді меңгертуде.
Осы кезекте айта кететін жайт, балаға білім берудің бұл тәсілі бірінші кезекте ата-аналарға салмақ түсірді. Себебі ата-ана берілген мәліметті баланың ұғуына көмектесу қажет болды. Бұл жағдайда білікті педагогтың орны бөлек екені түсінікті-ақ. Десе де, барлық ата-аналар өз баласы үшін және оның болашағы үшін барынша тырысып бағуда. Бұл орайда ата-анамен ұстаз арасы етене жақындай түсті. Ата-аналар ұстаздың еңбегі ерен екенін бағалап, алғыс білдіруде.
Биылғы оқу жылының ерекшелігі мәңгі есте қалары сөзсіз. Дегенмен, түрлі эмоцияларға беріліп, алдыңдағы отыз балаға сабағыңды түсіндіріп, оны талқылап, өзара пікір алмасқанға не жетсін. Бұл уақытша қиыншылықтан да аман-есен өтіп, оқушылармен қауышамыз деген сенімдемін.