Home » Жаңалықтар » Балабақшадағы қазақ тілін үйретудің инновациялық тәсілдері

Балабақшадағы қазақ тілін үйретудің инновациялық тәсілдері

Алматы қаласы, Әуезов аудандық
КМҚК №100 «Гауһар» бөбекжай –балабақшасында «Балабақшадағы қазақ тілін үйретудің инновациялық тәсілдері» атты семинар өтті. Семинардың ашылу салтанатында алғашқы сөз кезегін алған КМҚК №100 «Гауһар» бөбекжай–балабақшасының меңгерушісі Бияхметова Гулнара Кукентаевна келген қонақтарды семинардың өтілу барысымен таныстырды.

Семинарға қонақ ретінде Әуезов аудандық Білім бөлімінің басшысы – Г.Р. Саттарова, Әуезов аудандық Білім бөлімінің әдіскері – Г.Ж. Ногайсарина, Әуезов аудандық мобильдік топ басшысы – Қ.Қ. Карипбаева және Әуезов ауданы бөбекжай-балабақшаларының қазақ тілі мамандары қатысты.

Ұйымдастыру оқу қызметінің алғашқы кезегін балабақшаның қазақ тілі маманы Дауталиева Зауре Алимовна мектепалды даярлық орыс топтарының балаларымен ертегілер желісіндегі «Дос болайық» атты тақырыпта оқу қызметін көрсетіп, көпшіліктің назарын өзіне қаратты. Ертегілер желісі үш тапсырма, яғни ойын бағыты бойынша өтті:
бірінші «Бауырсақ» және «Дос болайық» ертегілерін көркемдеп сипаттаса, үшінші тапсырманы «Айтыс өнерімен» өрбітті.

   

Екінші ұйымдастырылған оқу әрекеті мектепалды даярлық «Бұлбұл» тобында «Инновациялық әдіс-тәсілдер арқылы балаларға жаңылтпаш, мақал-мәтел, санамақ, жұмбақтар үйрету тәсілі» атты тақырыпта жалғасты.
Топ тәрбиешісі Нургалиева Лира Берикбаевнаның ұйымдастырған оқу қызыметі барысында:
1.«Кім жаңылыспайды» ойынында балалар екі командаға бөлініп, «арқан тарту» ойыны арқылы жаңылтпаштарды тез айтып шықты.
2.«Ойлан тап» және «Қазақша хоккей» ойыны арқылы жұмбақтарды шешті.
3. «Санамақ – Диірмен» ойыны арқылы санамақты оқыды.
4. «Мақал сөздің мәйегі» балалар алдарында жатқан қақпақша суреттермен мақалдар құрастырды.
5. «Сингвейн» әдісі бойынша «Бәйге» ойыны ұйымдастырылды. Оқу қызметін қорытындылау барысында «Мен табиғатпен біргемін!» өлеңін оқи отыра, балалармен бірге келген қонақтарға сүйіспеншілік жүректері табыс етілді.

Баланың ақыл-ой жүйесі мен дамуына айтарлықтай үлес қосатын әдіс тәсілдермен бөліскен тәрбиешіге келген қонақтардың да риза болғаны анық.

Келесі кезекте балабақшаның музыка жетекшісі Сенгирбаева Айнур Оразқызы «Ерекше қабілеті бар балаларға арналған музыкалық терапия және логоритмика» тақырыбында ерекше балалармен бірге моторикалық, дамытушы ойындар жүйесі арқылы бірнеше әдіс-тәсілді жаттығулар барысын көрсетті. Инклюзивті балаларды оқыту — балалардың қандай да бір дискриминациясын жоққа шығару, барлық адамдарға деген теңдік қатынасты қамтамасыз ету, сонымен бірге оқытудың ерекше қажеттілігі бар балаларға арнайы жағдай қалыптастыру идеологиясы. Осы бағыт балаларды оқытуда жетістікке жетуге ықпал етіп, жақсы өмір сүру жағдайын қалыптастырады. Инклюзивті балалардың көбіне, сабақтан тез жалығары анық. Осы ретте тәрбиеші барлық балалардың мұқтаждықтарын ескеретін, ерекше қажеттіліктері бар балалардың білім алуын қамтамасыз ететін тәсілдермен бөлісіп, өз ойын ортаға салды.

Семинар соңында рефлексия (кері байланыс) сәтінде балабақшаның психологі Куанышбекова Данара Естаевна семинарға қатысушылардың көңіл-күйлерін көтеру, оларға шығармашылық шабыт беруде және бір-біріне құрметпен қарау, ұжымда сыйластық қарым-қатынас орнату мақсатында «Ризашылық пен алғыс» тақырыбында тренинг өткізді. Бұл қызу пікірталас, сұрақтардың шешімін табу, еркін оймен бөлісу, жаңа идеялармен алмасу сияқт, маңызды мәселелердің шешімін бірлесіп табуға мүмкіндік беретін әдіс болды. Сергіту сәті ретінде «Шаттық шеңбері» ұйымдастырылды.

Семинарға қатысушы әрбір қонақ №100 «Гауһар» бөбекжай –балабақшасында ұйымдастырылған семинардан «білім қоржындарын» түрлі әдіс-тәсілмен толықтырып, ризашылықпен жақсы көңіл–күйде тарқасты.

   

Балабақша жаңа инновациялы- шығармашылық бағытын кеңінен қолданады. Атап айтсақ, «Жолда жүру» ережесі, Шахмат орталығы, мобильді кітапхана мен қол моторикасын дамытуға арналған «әртүрлі жіптерді өру тәсілдерін» пайдалануда.
«Ел боламын десең бесігіңді түзе» — деп бекер айтпаса керек, елдіктің туын жықпайтын, ұлттық құндылықтарымызды ұлықтайтын ұрпақты тәрбиелеп шығару бұл ерлік. Балабақша — бала бақса, білімнің шамын жақса ізгілік.
Тәрбиеші-педагогтердің тынымсыз еңбегін қандай сөзбен өрнектесек те аздық ететіндей көрінеді.
Күнделікті балабақшада балалардың алаңсыз күміс күлкісін, шаттыққа толы көңіл-күйлерін көріп, балалармен бірге ойнап күлгеннің өзі бір бақыт деп жауапкершілігі мол қызмет жолында бар білімі мен тәжірибесін аямай еңбек етіп жатқан балабақшаның барлық қызметкерлеріне бас иеміз. Еліміздің ертеңі болар тұлғаны қалыптастыру жолында қанаттарыңыз талмасын.

“BILIM AINASY”,
Алматы қаласынан,
Ақерке Амангелдіқызы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.