Жумадилдаева Кулзат Ибрагимовна
Мукамадиева Гульзира Мукамадиевна
Алматы қаласы, Наурызбай ауданы,
КМҚК «№193 бөбекжай- балабақша»
Ерекше балалармен іскерлік ойын ерекше білім беруді қажет ететін, балаларды тәрбиелеудің белсенді әдіс-тәсілдері
Әлеуметтік құрылымның демократиялық қайта құрылуы инклюзивті білім берудің қарқынды дамуына ықпал етті, өйткені ол этникалық, тілдік, мәдени ерекшеліктеріне, психофизикалық ауытқуларына қарамастан барлығына кедергісіз кеңістік құруды қамтамасыз етеді.
2020 жылғы статистикалық деректер бойынша біздің республикамызда 161 мыңнан аса мүмкіндігі шектеулі адамдар бар, бұл жылдан-жылға көбеюде. Біздің елімізде инклюзивті білім беру мемлекеттік саясатты жаңғыртудың перспективалы бағыты болып табылады.
Білім саласында болып жатқан өзгерістер білім беру стандарттарын, оқытудың қызметін, педагогикалық процесті ұйымдастырудың жолдарын жаңаша құруға ықпал етті. Сондықтан да білім саласында қызмет ететін педагогтер өздерінің педагогикалық шеберханаларын үнемі жаңартып, толықтырып отырулары қажет. Тәжірибе жинақтау, әдістеме негіздерін меңгеру, технологияны жетілдіру маңызды мәселелердің біріне айналды.
Себебі, әлемдік білім беру кеңістігіне ұмтылыстар, қоғам дамуындағы қалыптасып отырған жаңа жағдайлар, тыңнан туындаған мәселелер, өзгеріп жатқан өмірге бейімделу қажеттігін туындатып отыр. Жаңа реформалардың пайда болуы жаңа әдістерді және оқу үдерісін ұйымдастырудың тиімді технологияларын іздестіруді талап етеді. Бұл ерекше балаларды оқыту мен тәрбиелеуде маңызды аспект болып табылады.
Сондықтан адам капиталына инвестиция салу – балалар мен жастардың шығармашылық мүмкіндіктерін кеңейту, оларды өз-өздерін табысты жүзеге асыруға тарту және тиімді технологияны пайдалану мектепке дейінгі білім беру ұйымдары стратегиясының негізгі элементі болып табылады. Осы орайда Қасым-Жомарт Кемелұлы үздіксіз білім беру аясында айтқан: «Жас ұрпақ өкілдері шығармашылықпен айналысулары қажет. Қазіргі уақыт балалар үшін соншалықты қауіпті, сондықтан олардың энергиясы мен қызығушылығы дұрыс бағытқа бағытталуы керек»-деген болатын. Президенттің бұл сөзі ойымызды тереңдете түседі. Сондықтан да жас ұрпаққа тәрбие мен білім беру балабақшадан бастау алуы кездейсоқ емес.
Балабақша — балаларды қоғамда өмір сүруге үйрететін алғашқы әлеуметтік институт болып табылады. Дәл осы жерде баланың қоршаған адамдармен дербес байланысы жүзеге асады, ол қарым-қатынас жасауды және өзара әрекеттесуді үйренеді. Осы орайда балабақшада заманауи технологиялар мен әдістерді қолданудың маңызы ерекше.
Мектепке дейінгі білім берудің педагогикалық үрдісінде жиі қолданылатын әдістердің бірі -ойын.
Қоршаған ортадағы заттармен танысып, қасиеті мен сапасын ажыратуға, әртүрлі құбылыстардың ерекшеліктерін білуге талпыныс жасайды, өзіне қажетті көптеген мәліметтер жинайды және олардың сөздік қорлары кеңейеді. Л.С.Выготскийдің айтуы бойынша, «Ойын – адам өмір танымының алғашқы қадамы».
Ойын — мектепке дейінгі жастағы бала қызметінің жетекші түрі, тиімді әдісі және балалардың сөйлеу белсенділігін ынталандыратын оқыту мен тәрбиелеудің бір түрі. Ерекше білімді қажет ететін балаларды оқыту мен тәрбиелеуде қолдануға болады.
Тілді дамыту отбасында, бала-бақшада және мектепте әртүрлі пәндердің интерграциялық байланысы негізінде жүзеге асады. Сөйлеу тілі мен сөздік қоры молая бастаған сайын бала айналадағы адамдармен, құрдастарымен белсенді түрде сөздік қатынас жасайды.
Баланың тілін дамытуда ойынның маңызы ерекше. Баланың қоршаған ортаны тануы, еңбекке қатынасы, психологиялық ерекшеліктері ойын үстінде қалыптасады.
Ойын — мектепке дейінгі жастағы бала қызметінің жетекші түрі, тиімді әдісі және балалардың сөйлеу белсенділігін ынталандыратын оқыту мен тәрбиелеудің бір түрі болып табылады.
Ойын балалар үшін айналаны танып-білу тәсілі. Ойын кезінде бала өзін еркін ұстайды. Іскерлік ойындар арқылы балалар баланың қарым-қатынас дағдысын дамытуға болады. Мысалы, әртүрлі мамандықтардың рөлдерін ойнау арқылы бала бойында іскерлік дағды қалыптасады. Іскерлік ойында балалар образға кіріп, ойынның қызығына енеді. Баланың жауапкершілігін, төзімділігін сынайды. Ертегілерден көрініс көрсету, рөлдерді ойнау балалар үшін қызықты.
Ағымдағы жылдың 24-ші сәуірінде логопед Мукамадиева Г.М. ұйымдастыруымен «Ерекше балалармен іскерлік ойын ерекше білім беруді қажет ететін, балаларды тәрбиелеудің белсенді әдіс-тәсілдер» тақырыбында семинар өтті.
Мақсаты: Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеудің белсенді әдіс-тәсілдерін іс-тәжірибе арқылы дамыту.
Семинарға балабақша меңгерушілері, әдіскерлер, логопедтер, жантанушылар, тәрбиешілер қатысты.
Семинар барысында педагогтер әртүрлі әдістерді қолдану арқылы өздерінің шығармашылық қабілеттерін көрсетті. «Өрмекші» әдісін қолдану арқылы педагогтер тақырыпты терең түсінуге әрекет жасайды. Жіп орамын кезектесіп, жалғастыру арқылы өрмекшінің торын жасайды. Жіп орамдары арқылы тапсырмаларды орындайды. Бұл педагогтердің жаңа инновациялық технологияларды тиімді қолданғандығын бейнелейді.
Семинар барысында іскерлік ойындар, арт терапия әдістері қолданылды. Балалар мен педагогтер іскерлік ойындарға қатысып, логопедиялық жаттығуларды орындады. Музыканың ырғағымен тілдік, артикуляциялық жаттығуларды жасау арқылы балалар қимыл-қозғалыс жасайды. Көру, есту және сенсорлық моторикаларын дамытады. Балалар музыка ырғағына әртүрлі қимылдар жасап, өздерінің шығармашылық мүмкіндіктерін жетілдіреді.
Музыкаға деген сүйіспеншіліктері қалыптасады. Музыка ырғағымен бірге сөйлеу моторикасы дамиды. Сонымен қатар ептілік, шапшаңдылық, белсенділік сияқты қасиеттері қалыптасады. Балалардың тілінің дұрыс дамымауы, әріптерді дұрыс айта алмауы проблема болып табылады. Сондықтан осы мәселені әртүрлі логопедиялық жаттығулар, логопедиялық тренажерлар, фонематикалық дыбыстарды буынға бөлу сияқты заманауи әдістерді пайдалану арқылы алдын-ала түзету мүмкіндігі бар.
Семинар барысында арт-терапияның көптеген түрлері қолданылды. Атап айтсақ, музыка терапиясы, құм терапиясы т.б. Бұл технологиялар баланың релаксациялық қасиеттерін дамытады. Мысалы, құм терапиясы арқылы бала өзінің қиялын, қол моторикасын дамытады. Құммен сурет салу бүгінгі білім беру жүйесінің инновациялық технологияларының бірі болып табылады. Құмды алақанымен ұстаған кезде бала белгілі бір шексіздікті сезінеді. Креативті ойлау дағдысы арқылы баланың өзіне деген сенімі артады. Сурет салу бала қиялын дамытуға мүмкіндік береді.
Құм терапиясының мақсаты- балалардың ойын жинақтайды және де дәнді дақылдармен сурет сала отырып, ұсақ қол маторикасын және сөйлеу тілін дамытады.
Музыка терапиясы баланың зейінін бір нысанаға шоғырландыру үшін қолданылады. Музыка тыңдаған баланың әсемдікке, сұлулыққа деген сүйіспеншілігі оянады. Ырғақпен айтылған музыка әуені баланың ми қатпарларының дұрыс жұмыс жасауына мүмкіндік береді. Баланың көңіл күйін көтереді, мотивациясын оятады. Бейнелеу өнері немесе сурет терапиясы. Баланың шығармашылық дағдысын қалыптастыруға көмектеседі.
Баланың қоршаған ортадағы шынайылықты суреттеуі, мүсіндеуі, құрастыруы бейнелеу өнері арқылы жүзеге асады.
Баланың шығармашылық қабілетін дамыту құралы ретінде сурет салу терапиясын қарастырып көрейік. Суреттердің тақырыбы әр түрлі болуы мүмкін. Балалар өздері қызыққан суреттерді салады. Қоршаған ортаны, жекелеген заттарды, әдеби кейіпкерлерді және т.б.
Педагогикалық процесте балаларды сурет салуға үйретудің әртүрлі әдістері қалыптасқан. Олар былай топтастырылады: Құммен сурет салу, бастарма, бір бастырма, нүкте арқылы сурет салу, әртүрлі заттарды пайдалану арқылы далаппен сурет салу, сия тамшысымен сурет салу, жіппен сурет салу т.б. Мысалы: сәбилер тобында балалар алақанмен, бастырмамен, саусақпен сурет салуды үйренсе, ересек топтарда қағазды екіге бүктеу арқылы, түтікшемен үрлеу, шашырату әдісімен, далаппен салуды және жіпті, жапырақтарды қолданып сурет салуды үйренеді. Бұл арт-терапияны жан-жақты қолданудың ерекшелігі болып табылады.
Ерекше білім қажеттілігі бар балалардың даму аймағына сәйкес оқу бағдарламаларын бейімдеу маңызды. Ерекше білім қажеттілігі бар балалардың әлеуметтенуіне әсер ете отырып, тәрбие шараларына қосу, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру қажет.
Пайдаланған әдебиеттер
- Қазақстан Республикасында инклюзивті білім беруді дамытудың тұжырымдамалық тәсілдері. –Астана: Ы.Алтынсарин атындағы ҰБА, -2015. -152б.
- Мовкебаева З.А., Оралканова И.А. Включение детей с особыми образовательными потребностями в общеобразовательной процесс. –Алматы: Эверо, -2019.-231с.