Home » Мақалалар » Ойнайық та, ойлайық!

Ойнайық та, ойлайық!

Сатканова Гульбану Бактығалиқызы
Түрксіб ауданы,»№119 бөбекжай- балабақша»
КМҚК меңгерушісі 

Ойнайық та, ойлайық!

Қазақстан Республикасында әлемдік білім беру кеңістігінің қазіргі замаңғы үрдістеріне бағдарланған білім берудің жаңа жүйесін қалыптастыру жүріп жатыр. Бұл үдеріс мектепке дейінгі білім берудің мазмұнына айтарлықтар өзгерістер әкеледі, сонымен қатар қазіргі заман педагогының инновациялық технологияларды меңгеруін міндеттейді.

Мектепке дейінгі білім беру — бұл жалпы мәдени, ұлттық құндылықтар негізінде балалардың үйлесімді дамуы, баланы жалпы орта білім берудің бастауыш сатысына дайындау, қоғамдық өмірге белсенді қатысу үшін қажетті жағдайлар жасау, олардың қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында құрылатын білім беру ұйымы.

Президент Қ.К.Тоқаев «…..Әлемнің жетекші білім беру ұйымдары толығымен балалардың креативтік әлеуетін дамытумен айналысуда, олар цифрлық технологиялар мен нақты ғылымдарды оқытады. Педагогтер оқыту әдістерін ойын форматына қарай өзгертуде, олар үнемі ізденіс үстінде…» — деп атап өткен болатын.

Мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытуды дамыту моделінде «бірге ойнау, еңбек дағдыларын, тазалық, тәртіп, ұйымшылдық, ойлау, қабылдау, сурет салу және басқа дағдыларды меңгерту ойын нысанында іске асуға тиіс. Ойын – баланың негізгі әрекеті және дамытудың негізгі құралы» — екендігі айтылады.

   

Ойын – мектепке дейінгі жастағы балалардың ең сүйікті де, табиғи, балаға ғана тән қызмет түрі болып табылады. Ойын баланың балабақшада болған уақытының барлық көлемін қамтиды. Ойын кезінде бала өзі, достары, жалпы қоғам туралы түсінік алады. Балабақшада баланың шығармашылық, танымдық қабілетін дамытуға бағытталған орталықтар бар. Сол орталықтарда бала әртүрлі іс-әрекеттер жасайды. Өзіне қажетті дағдыларды игереді. Соның бірі- сюжетті-рөлдік ойындар орталығы.

Мектепке дейінгі ересек жастағы балалардың шығармашылық ойындарының ішіндегі ең жиі ойналатыны — сюжетті-рөлдік ойындар. Cюжетті-рөлдік ойындар баланы жан-жақты дамытуда маңызды өте рөл атқарады. Сюжеттік-рөлдік ойындар баланың шығармашылық мүмкіндіктерін жетілдіреді. Ойын кезінде баланың  қоршаған әлем, табиғат  құбылыстары туралы білімі қалыптасады. Ойын барысында балалар бір-бірімен саналы әрекет жасайды. Сондықтан да ойын әдісін оқыту және тәрбиелеу үрдісінде қолдану маңызды.

 

Мектеп жасына дейінгі балалар ойынының ерекшеліктеріне байланысты  өздерінің ішкі эмоционалды күйлерін сюжет образдарына кіріктіреді. Олар рөлдерді ойнау арқылы кейіпкерлердің қасиеттерін, іс-әрекеттерін, ішкі және сыртқы образдағы бейнелерін сипаттайды. Мәселен,  сюжетті рөлді ойындарды қолдану арқылы әртүрлі мамандық иелерінің бойындағы қасиеттерін, мамандыққа тән қызметтерін түсінуге болады. Осы орайда «Ойнайық та, ойлайық!» тақырыбындағы жоба бойынша  мамандық иелеріне байланысты сюжетті рөлдік ойындар ұйымдастырылды. «Агроном боламын», «Банк қызметкері», «Пиццерия», «Тележүргізуші боламын», «Байланыс орталығы», «Өрт сөндіруші» мамандық иелерінің еңбектерін түсіну арқылы балалар әр кәсіптің қоғамдағы пайдасын ұғынады. Мамандықтың адам өміріндегі маңызын ескереді. Мамандық иелерінің әрқайсысы адамзатқа қажет рөлдерді атқарады.

Табиғат пен қоғам, адам арасындағы қарым-қатынастар қайшылықсыз, әрдайым үйлесімді деп қарауға болмайды. Олардың арасында барған сайын ішкі қайшылықтар көбейіп отырады. Техникалық прогресс дамыған сайын табиғатқа деген адамның үстемділігі артуда, бұл табиғи апаттардың туындауына себеп болады. Экологиялық және техногендік апаттардың пайда болуы адамзатқа зиян келтіруде. Төтенше жағдайдың пайда болуы табиғи құбылыс болып табылады. Елімізде болып жатқан су тасқыны, жер сілкінісі, ормандардың өртенуі т.б. табиғи экологиялық жағдайлардың туындауы салдарынан адамдардың әлеуметтік жағдайына, денсаулығына, өмір сүру дағдысына кері әсері тиді. Осындай төтенше жағдайлар балалардың өміріне де қаупін төндіруде.  Табиғи апат ешқашанда айтып келмейді, ойламаған жерден орын алады.

Мектеп жасына дейінгі балаларды табиғи апаттар мен төтенше жағдайларда қорғану әрекеттеріне үйрету барысында балалардың психологиялық ерекшеліктерін, эмоционалды қалыптарын ескеру қажет.
  

Балалардың назарын өрттің, су тасқынының қорқынышты салдарына ғана аударуға болмайды. Балалардың қауіпсіздік туралы тиісті ақпаратты қабылдауға және төтенше жағдайлардағы әрекеттерге психологиялық дайындығы болуы керек.

Табиғи апаттар мен  төтенше жағдайлар   тәуекелдерін азайту үшін ата-аналармен жұмыс істеу маңызды. Ата-аналар  табиғи апаттар  тәуекелдерін азайту бойынша мектепке дейінгі ұйымда жүргізілетін іс-шараларға белсенділікпен қатысса тиімді болады. Олар өздерінің алған тәжірибелері мен білімдерін балаларына үйретеді және төтенше жағдайда қорғанудың жолдарын түсіндіреді.

Балалар төтенше жағдайда әрекет етудің жолдарын ойын көріністері негізінде көрсетті. Телефонмен хабарласу арқылы оқиғаны түсіндіруге мән берді. Төтенше жағдайдың алдын-алу үшін көптеген іс-әрекеттер жасады. Балалардың экологиялық дағдысын қалыптастырады. Өрт сөндіру кезіндегі ұйымдастырылған шаралар балалардың белсендігін дамытады. Олар оқиғаны тез, белсенді түрде шешуге тырысады.

Педагогтар баланы жан-жақты дамыту үшін белсенді әдістер мен инновациялық технологияларды қолданады. Сондықтан да педагог өзінің шеберханасын жетілдіріп, жаңартып отырады. Осы орайда 2023 жылы шетел тәжірибесін зерделеу барысында ұйымдастырылған іс-сапармен Англияға бару мүмкіндігіне ие болдық. Бұл тәжірибе жинақтау мақсатында ұйымдастырылған іс-шара болатын. Англияның білім беру жүйесінің ерекшеліктері, отбасы мен балабақша арасындағы сабақтастық, ресурстық базаның қолжетімділігі, волонтерлік қозғалыстың мүмкіндіктері, дамытушы ортаның баланың жағдайына бейімделуі сияқты мәселелер зерделенді. Англияның балабақшалары баланың жан-жақты дамуына, әлеуметтенуіне мүмкіндік береді. Әртүрлі ойындар қолдану арқылы баланың шығармашылық, танымдық қабілеттерін дамытады. Баланы  дамыту Британ тәрбиешілері үшін маңызды. Британ балабақшасының тағы ерекшелігі бала санына байланысты, яғни бір тәрбиешіде 3-4 баланың болуы заңдылық.  Бұл бала мен тәрбиешінің арасындағы қарым-қатынасты жақсартады. Балаға дамытушы кеңістік құруға мүмкіндік береді. Ата-ана балабақшаға волонтерлық көмек көрсетеді. Отбасы, балабақша арасындағы интеграциялық байланысты байқауға болады. Англия тәжірибесін мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына ендіру мәселесі өз жалғасын табуда.

Ағымдағы жылдың 23 сәуірінде бекітілген кестеге сәйкес Англия тәжірибесі негізінде әзірленген «Кел, ойнайық, ойлайық!» жобасын жүзеге асыру аясында педагогикалық ұжымның ұйымдастыруымен аудандық семинар өтті. Семинарға Түрксіб ауданы мектепке дейінгі ұйымдардың басшылары, әдіскерлері, аудандық мобильді топ мүшелері мен педагогтары, Алматы қаласы қалалық мектепке дейінгі ресурстық орталық әдіскерлері және  Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің өкілі қатысты.

Жобаның мақсаттары сюжетті ойын арқылы балалардың табиғи апаттардың төтенше жағдайларында қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын дамыту; волонтерлік институт арқылы балалардың  ата-аналарымен тиімді байланыс орнату. Жобаның тақырыбы өте өзекті, себебі Алматы қаласы сейсмикалық аймақта орналасқан, ал қаланың тау етегіндегі аудандарында көшкін, сел және су тасқыны байқалмайды. Семинар барысында балалар мен педагогтар өрт, жер сілкінісі, су тасқыны кезінде дұрыс әрекет ету тактикасын дамытуға бағытталған рөлдік ойындар ойнады.

Ойын барысында өрт сөндірушілер, су тасқыны, жер сілкінісі кезінде көмектесетін арнайы мамандардың рөлдері сомдалды. Балалар әр мамандықтың маңызын, өздеріне тән іс-әрекеттерін меңгеруге тырысты. Шынымен де осындай қиын сәтте адамзатқа қол ұшын беретін мамандардың қиын да қызыққа толы өмірлері мен кәсіптері балаларға үлгі. Келешекте оларда өздерінің өмір жолдарын осы кәсіптермен байланыстыратыны сөзсіз. Төтенше жағдайға қатысатын мамандықтардың  рөлдерін ойын арқылы жеткізу, олардың іс-әрекеттерін ойын сюжетіне үйлестіру керемет шығармашылықты бейнелейді. Семинар барысында педагогтер мен балалар әр мамандықтың құнды қасиеттерін шынайы көрсетуге мүмкіндік жасады. Өрт, жер сілкінісі кезінде қорғану тактикаларын меңгеруге тырысты. Бұл экологиялық апат кезінде қалыптасатын негізгі дағды болып табылады. «Құтқарушы балдырған» сахналық көрініс көрсету арқылы балалар өрт кезіндегі қорғану шараларын көрсетті. Балалар өздерінің шығармашылық белсендіктерін, артистік шеберліктерін сахнада жеткізе білді. Төтенше жағдайда дабыл чемоданы дайын болу керек екендігін балалар тағы да ескертті, осы мәселені көрініс арқылы қоршаған ортадағы адамдарға түсіндірді.

Шара соңында семинарға қатысушылар арасында пікір алмасып, Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің бас инженері Нұрымбетова Гүлдана Маратқызы жобаны жоғары бағалап, өз ұсыныстарын айтты.

Жалпы алғанда,  жоба идеясы- төтенше жағдайларда өмір мен денсаулықты сақтау, балалардың дұрыс, адекватты мінез-құлқын қалыптастыру, балаларды шынайы өмірлік жағдайларда әлеуметтендіру.

Британ тәжірибесінде баланың эмоционалды тұрақтылығын сақтауға мән береді. Баланы әлеуметтендіру арқылы оның мінез-құлқындағы эмоционалды стресттік жағдайлардың алдын-алуға мүмкіндік жасайды. Кез-келген төтенше жағдайларда балалар эмоцияларын басқарып, шешім қабылдауға дағдыланады.  Қауіпті жағдайларда тәуекелдердің алдын-алуға бейімделеді, қоршаған ортамен әрекеттесе алады. Бұл мектепке дейінгі білім беру жүйесінің интеграциялық, адам мен табиғат арасындағы үздіксіз гарманиялық байланысты көрсетеді. Баланың әлеуметтік және эмоционалды дамуына мүмкіндік береді. Бұл әлеуметтік, психологиялық, педагогикалық интеграция ретінде керемет тәжірибе болып табылады.

Қорыта айтқанда Англия тәжірибесін отандық білім беру жүйесінде қолдану маңызды. Табиғи апаттарда бала мен ата-ана қауіпсіздігін қамтамасыз ету барысында шетел тәжирибесін ендіру білім беру саласын модернизациялауға, ресурстық инфроқұрылымды дамытуға тиімді ықпал етеді.

Қолданылған әдебиеттер:

  1. «Мектеп жасына дейінгі балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету» білім беру бағдарламасы.– Астана, 2024. — 73 бет.
  2. «Төтенше жағдайлар мен табиғи апаттар кезінде мектеп жасына дейінгі балаларға қауіпсіз мінез-құлық негіздерін үйрету бойынша мектепке дейінгі ұйымдардың педагогтеріне арналған әдістемелік ұсынымдар» – Астана, 2022
  3. «Мектепке дейінгі ұйым жағдайында балалардың қауіпсіз мінез-құлық негіздерін қалыптастыру әдістемелік ұсынымдары» – Астана, 2018 ж.
  4. Методические рекомендации «Сюжетно-ролевая игра как первая ступень театрализованной деятельности в дошкольной организации», Астана, 2017
  5. «Балалар жарақатының алдын-алу бойынша әдістемелік ұсынымдар» – Астана, 2018 ж.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.