Маңғыстау облысы
Мұнайлы ауданы
№6 орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі
Жиенбекова Айтгүл Бокушовна
Әлемді жайлаған індет бүкіл адамзатты дүр сілкіндірді.Еліміздегі аймақтардың бәрі карантинге жабылуы, жұмыстың тоқтауы, қоғамдық шаралардың шегерілуі – барлығы күтпеген тосын жаңалық болды. Ал, соның бірі – мектептердің қашықтан оқуға көшуі. «Біз біргеміз! Біз үйдеміз!» ұранымен үйде отырып бала оқыту жеңіл жұмыс емесі түсінікті жайт. Аптада бес күн білім алып, екі күн үйде ата-аналарының жанында болғанда, сондай – ақ, әр тоқсаннан кейінгі кезекті демалыстарда өз баласының артық қимыл – қозғалысына әрең шыдайтын жандар үшін тіпті қиын жағдай бұл. Оқу үдерісінің жаңа түрі – қашықтан оқытуды менің әріптестерім де жақсы игеріп алды. Әрине, бұл жаңа жүйені үйрену қиындық туғызғаны рас. Дегенмен, кез-келген нәрсенің кемшілігі болатыны сияқты, кейбір жанұяда бірнеше бала бір смартфонмен оқиды. Құралы табылса да, байланыс тетігі нашар ұстайды деген әңгімелер де орын алды. Уақыт пен заманның талабына қарай алға қадам жасап, үйде отырып оқытудың өз қызығы мен қиындығы қатар келіп жатты. Мамандығым – бастауыш сынып мұғалімі болғандықтан, кіші мектеп жасындағы балалар кері байланысты жасап, оның жауабын асыға күтетінін білемін. Баланың ынтасын арттыру үшін қолыңнан телефоның түспей немесе компьютерге үңіліп алаңдап жүргенің. «Балапан» арнасынан телесабақтар көріп, әрі қарай сабағымызды жалғастырамыз. Сергіту жаттығуларын ұсынып, оны орындауға тапсырамын. Балалар барлық сабаққа қызыға қатысады. Көктем мезгілі болғандықтан көшеттер отырғызып, оларға күтім жасап жатқандарына да қуанамын. Көз алдында көктеп жатқанын көріп бала мәз. Ал, өзі — ата-анасы еккен ағаштың жемісі екенін де ұғынса ғой. Берілген тапсырманы бірге орындап, балаша қуанып, оның дұрыс- бұрыстығын сұрап жататын ата-ана қаншама? Ата-аналар балалармен кітап оқып, ойын ойнап, өлең жаттап өзара сайысқа түссе де артық болмайды. Керісінше, балаға қанат байлап, шығармашылығын шыңдайды. Сонда үйде бала да шулап мезі қылмайды. Уақытты да тиімді пайдаланады. Қысқасы ешкім шаршамайды. Бәрі өз қолыңызда. Бес саусақ біріксе, жұмылған жұдырыққа айналады деген сөз бар. Баршаңызға сабырлылық, төзімділік тілеймін. Біз біргеміз!