Маңғыстау облысы
Мұнайлы ауданы
«№7 жалпы білім беру орта мектебі» КММ
Бастауыш сыныптар бойынша директордың
оқу ісі жөніндегі орынбасары:
Толегенова Бибигул Жолтыхановна
Бүгінгі таңдағы әлем жұртшылығына үрей туғызып отырған пандемия қазақ елін де айналып өтпеді. Осыған орай бәрімізге белгілі, Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев төтенше жағдай енгізді. Осындай қиын-қыстау кезеңде білім саласы да тәрбие мен білім көшін тоқтатқан емес.
Оқушыларымыз 4-тоқсан оқу бағдарламасын қашықтықтан оқып бастап кетті. Бүгінгі таңда біздің білім ошағымызда 989 оқушы білім алуда. Бұл кезең тосаттан келген толқын болса да, ұстаздарымыз өздерінің шеберлігін, сабырлылығын, сауаттылығын пайдалана отырып, ата-ана мен оқушыға түсінік жұмыстарын жүргізіп, білім арнасының жаңа бір қырына шәкірттерімен бірге жол тартты. Алғашында мүлде басқаша оқу мен оқыту түрі ұстаз бен оқушы үшін оңайға соқпағаны анық, дегенмен жаңа серпін, жаңа тәжірибе, жаңа мақсаттар ұстаз бен оқушыны білім көкжиегіне күннен -күнге машықтандыра білді. Қашықтықтан білім алуда шәкірттеріміз ауыз толтырып айтатын қиындықтарға кездеспеді.
Қашықтықтан білім беру, жаңа заманның жаңашыл ұстаздарына не үйретті?
Ұстаз бойындағы цифрлық сауаттылықты заманның ағымына сай дамытуды үйретті. Виртуалдық әлемде де білімнің мол кеңістігінің барын үйретті. Қашықтықтан оқытқан уақытта да сол күнгі білім мақсатына сай әр түрлі әдіс-тәсілді пайдаланып жете алатынымызды үйретті. Осыған орай айта кететін бірден-бір жайт қашықтықтан білім алу бүгінгі білімге құмар шәкірттер үшін өте тиімді бола білді. Олай дейтінім, білім алушылар қазір әр түрлі оқушыға арналған білім платформалардан өздеріне қажетті мағлұматты жылдам алуды толық меңгерді. Заманның ағымына қарай білім нәрімен сусындатып келе жатқан ұстаздар қауымы үшін аса бір қиынға соқпағанын аңғардым. Барлық ұстаздарымызда ноутбук, компьютерлері бар және ғаламтормен толық жабдықталған. Қазіргі таңда мектебімізде елуге жуық бастауыш сынып мұғалімдері жұмыс жасап, әрбір күнін, сағатын оқушымен бірге өткізіп отыр. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп Абай атамыз айтқандай, ұстаз -ол қашанда ұлы есім. Еліміздің ертеңі мен бүгіні шәкірт болса, сол шәкіртке бүгінде білім мен тәрбие беріп, үлкен өмірге қанаттандыратын ол әрине ұстаз. Бүгінгі біздегі білім арнасының тыныс-тіршілігі осылай жалғасын табуда. Қазақ еліне амандық, тыныштық болсын. Ел іргесі аман болып, дарынды шәкірттеріміз көп болсын!