Home » Жаңалықтар » ҚАШЫҚТАН ОҚЫТУ: АЛҒАШҚЫ БАЙҚАУ САБАҒЫ

ҚАШЫҚТАН ОҚЫТУ: АЛҒАШҚЫ БАЙҚАУ САБАҒЫ

        ҚАШЫҚТАН ОҚЫТУ: АЛҒАШҚЫ БАЙҚАУ САБАҒЫ

Жақын күндері елімізде оқу жылының төртінші тоқсаны өз бастауын алады. 6 сәуірден бастап еліміздің барлық мектептері қашықтан оқытуға көшеді. Барша білім ордалары, оның ішінде Нұр-Сұлтан қаласындағы Халықаралық  мектеп оқытудың мұндай форматын алғаш рет жүзеге асырғалы отыр. Қазіргі уақытта мектептің барлық педагогикалық құрамы оқытудың осы форматына дайындық үстінде.

Қашықтан оқытудың барлық қырларын зерттей келе, Халықаралық мектептің оқу бөлімі ең қолайлы нұсқасына тоқтады. Бүгінгі күні ББМЖМС талаптары мен ХБ бастауыш және негізгі мектеп бағдарламаларының күтілетін нәтижелеріне сай келетін, сондай-ақ, орын алып отырған жағдайда балалардың оқу материалын меңгеруін қамтамасыз ететін оқытуды әзірлеуде.

Осыған байланысты бүгін Халықаралық мектептің педагог-ұйымдастырушы-кураторлары Zoom қосымшасы арқылы оқушылармен қашықтан оқытудың алғашқы байқау сабағын өткізді. 20-дан астам оқушы бір сәтте бейне конференцияға қосылып, онлайн сабақтың өзгешеліктері мен ерекшеліктерін талқылады. Кураторлар оқушыларға қашықтан оқытудың сипаттамасына сай сабақ кестесі болатынын ескертіп, оқу үрдісі Zoom және Microsoft Teams қосымшалары арқылы іске асырылатынын жеткізді.

Педагог-ұйымдастырушы-кураторларымен, сыныптастарымен онлайн режимде қауышқан оқушылар сағыныштарын жасыра алмады.

­­­- Біз мектепті сағындық. Бір-бірімізді бетпе-бет көріп, әдеттегідей ыстық құшақпен амандаса алсақ қой. Сол сәтті асыға күтеміз. Бір әрдайым біргеміз», — деді оқушылар бірауыздан.

Әрбір оқушыға Miscrosoft Teams-ке жеке логині мен паролі бар аккаунт берілген болатын. Miscrosoft Teams есептік жазбасына кіруге арналған деректер педагог-ұйымдастырушы-кураторлар тарапынан алдын ала үлестірілді.

— Бейне конференция барысында мұғалім жаңа сабақты түсіндіреді, Сіздерге қосымша түсіндірме қажет болса, онлайн режимде бірден мұғалімге сұрақ қою мүмкіндіктеріңіз бар. Zoom қосымшасы арқылы мұғалімнен уақытылы ақпарат алып, сыныптастарыңызбен онлайн режимде қарым-қатынас жасай аласыздар, — деді кураторлар бейне конференция барысында.

Сонымен қатар, оқушыларға аудио және бейне байланысты іске қосу, чаттарды пайдалану туралы қажет ақпарат берілді.

Оқытудың бұл форматы балаларға үйреншікті емес екендігі түсінікті, дегенмен Халықаралық мектеп ұжымы оқу үрдісінің мүмкіндігінше тиімді болуы үшін бар күштерін салуда. Басты мақсат – оқу бағдарламасын толық көлемде қамту екені сөзсіз.

Жарты сағат уақытқа созылған алғашқы бейне сабақ оқушыларды ерекше әсерде қалдырды:

—  Елімізде жүзеге асырылып жатқан карантиндік талаптар мен санитарлық нормаларды қатаң түрде сақтайық. Қолымызды жиі жуып, үйде шықпауға тырысайық. Сонда ғана біз тезірек қауышатын боламыз. Желіде қайта көріскенше!», — деп тарқасты балалар.

Сандуғаш Асанқызы Кожина
«Нұр-Сұлтан қаласындағы Халықаралық мектеп»
«Назарбаев Зияткерлік мектептері»
дербес білім беру ұйымы филиалының баспасөз хатшысы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.