Home » Мақалалар » Биология сабағында оқушылардың зерттеушілік дағдысын дамыту

Биология сабағында оқушылардың зерттеушілік дағдысын дамыту

Жолтанбаева Гаухар Унербековна
ШҚО Тарбағатай ауданы Байтоғас ауылы
«Ғ.Мүсірепеов атындағы орта мектебі» КММ
Биология пәні мұғалімі

 Өркениетті елдердің әлем қауымдастығына енуі, осыған сәйкес білім реформасының  жаңаруы оқыту мен тәрбиелеудің мазмұнын өзгертуді талап етеді. Себебі, жаһандық тенденциялардың жедел дамуы әсерінен білім саласында көптеген тәжірибелер пайда болды. Соның бірі 21 ғасыр дағдысын қалыптастыру болып табылады. Осыны меңгерген тұлға қоғамға қажетті дағдыларды меңгереді,  цифрлы ақпараттарды, электронды ресурстарды сұрыптайды, креативті ойлай отырып, шешім қабылдайды,  зерттеушілікпен айналысу арқылы  ғылыми жаңалықтар ашады.

Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында «…қазіргі қоғамның басты талаптарының бірі — зерттеушілік құзыреттілігі дамыған жаңа тұрпатты адамды қалыптастыру» — делінген. Еліміздің жаңа тұрпатты тұлғасы бірнеше тіл меңгерген, логикалық ойлау дағдысы қалыптасқан, жаңаша ойлайтын, зерттеумен айналысатын зиялы азамат болуы қажет.

Айтылған ойлар,  заманауи  білім беру үдерісінде туындайтын тың өзгерістер жағдайында шығармашыл, қабілетті  оқушының жаңа түрін қалыптастырудың өзектілігін айқындай түседі.

Осы қажеттіліктерге байланысты, білім берудің жаңа парадигмалық жағдайында оқушылардың  зерттеушілік іс-әрекетін қалыптастыру оны тиімді дамытуға деген сұраныс артуда. Зерттеушілік дағдыны қалыптастыру  мектеп пәндері негізінде жүзеге асады.

Кез-келген баланың табиғатынан зерттеуші болуға, танымдық мүмкіндіктерін жүзеге асыруға ұмтылысы жоғары болатыны сөзсіз. Оқушының  қабілетін ашудың және дамытудың жолы зерттеушілік іс-әрекет болып табылады.

Биология пәнінде  мұғалім оқушының зерттеушілік дағдысын дамыту барысында әртүрлі әдістерді қолданады. Пән мазмұнына байланысты зерттеу жұмыстары жүргізіледі. Білім, ақпарат дайын күйінде берілмейді, оқушы үнемі ізденеді, сондықтан да  зерттеушілік жұмыс оның күнделікті іс-әрекетіне айналады. Зерттеушілікпен айналысқан оқушының бойында ғылыми ізденіс пайда болады.

Биология — бұл теориялық білімді іс жүзінде бекітуге негізделген ғылым. Эксперименттер, практикалық және зертханалық сабақтар мектеп оқушыларының зерттеу дағдыларын қажет етеді, яғни бақылау, өлшеу, қорытынды жасау, салыстыру, ғылыми құбылыстар мен гипотезаларды эмпирикалық түрде бекіту және т.б. Бұл оқушылардың бойында биологиялық білімді,  өмірлік тәжірибесіне қажетті ақпараттарды меңгеруге көмектеседі.

Зерттеу барысында  оқушылар өздеріне сұрақ қояды, ал мұғалім тиісті сценарий жасай отырып, оқу үйлестірушісі рөлін атқарады. Оқушылар тақырыпты зерттеу үшін ресурстарды пайдаланып, өз қорытындысын тұжырымдайды. Бұл терең білім алуға және пәнді түсінуге қажетті жоғары деңгейлі дағдыларды шыңдауға көмектеседі. Зерттеу жұмысы жаңартылған білім мазмұнының негізгі нысаны болып табылады.

А.Н. Леонтович өз еңбегінде оқу үдерісіндегі зерттеу іс-әрекеті нақты оқушы орындайтын әрекет екенін атап көрсетті. Оның пікірінше, кез-келген белсенділік зерттеушілік әрекет бола алмайды. Оқушыда мотив, мақсат, болуы қажет.  А.Мұхаметжанова  оқушылардың зерттеушілік іс-әрекетіне теориялық талдау жасай отырып, былай дейді: «Алған білімін өздігінен толықтырып, өз идеясын дәлелдей алатын, саналы түрде әрекетке түсетін, өзі үшін жаңа болып табылатын, нәтижеге жету».

Зерттеушілік іс-әрекетке бейім оқушыда төмендегі қабілеттері болады:

  1. Жұмысты орындауға деген талпыныс
  2. Жаңа білімді іздеуге деген мотивация
  3. Өз көзқарасын дәлелдеуге ұмтылу.

Автордың ойын тұжырымдайтын болсақ, зерттеушілікке бейім оқушының бойында ерекше шығармашылық мүмкіндіктері жоғары болады.

Педагогикалық үдерісте оқушылардың  зерттеушілік мотивтерін туындату үшін,   мұғалім оқытуды ұйымдастырудың формалары мен әдістерін меңгеру қажет. Олар:

  • мәселені көре білу;
  • сұрақтар қою;
  • болжамды ұсына білу;
  • дағдыларын анықтау;
  • топтастыра  білу;
  • бақылау ;
  • эксперимент жүргізу;
  • қорытынды жасау;
  • материалды сұрыптау;
  • өз көзқарасын дәлелдеу және қорғау.

Биология оқулығында оқушылардың зерттеушілік  дағдыларын дамытуға  ерекше назар аударылған. Пәннің мазмұны биологиялық пәндердің кіріктірілген негізін құрайтын болғандықтан, сабақ беру барысында тәжірибе жасау, зерттеу жұмысын жүргізу, сарамандық жұмыс түрлері басым болады. Сабақта бақылау, эксперимент әдістерін қолдана отырып, зерттеу жұмысының қағидаларын игереді. Зерттеу жүргізіп, оның нәтижелерін пайдаланған кезде оқушылар жаңа білім алып, дағдыларды игереді, құбылыстардың табиғи сипатына және олардың материалдық тұрғыдан шартты екеніне көз жеткізеді, теориялық білімнің дұрыстығын тәжірибеде тексереді, қадағаланатын затты, құбылысты талдап, салыстырып, тәжірибеден қорытынды жасап үйренеді. 

Мысалы, «Табиғаттағы маусымдық өзгерістерге бейімдеу» тақырыбын өткенде «неге жылыжайларда қыс мезгілінде көкөніс дақылдары су мен жылылық жеткілікті болса да жеміс бермейді» -деген сұрақ оқушыларды ойландырып, себебін табуға жетелейді.

Оқушылардың зерттеу қызметін дамытудың ең жиі қолданылатын әдістерін талдап көрейік. Педагогикалық әдебиеттерде ең жиі қолданылатын әдістердің бірі -жоба.

Жоба жазу оқушының аналитикалық ойлау қабілетін дамытады, шешім қабылдай алу іскерлігін қалыптастырады. Оқушыны ізденушілікке баули отырып, ғылым мен техниканың жетістігіне сәйкес өзінің кәсіби бағдарын айқындауға көмектеседі. Жоба әдісінде мына міндеттер  жүзеге асады.

  1. Оқушылардың танымдық іскерліктері мен дағдыларын дамыту;
  2. Ақпараттық кеңістікте бағдар ала білу;
  3. Өз бетінше жоспар құра білу;
  4. Ғылымның түрлі салаларынан білімді біріктіре білу;
  5. Сын тұрғысынан ойлау қабілеті.

Мәселен, 8 сыныптың «Қан. Қанның маңызы. Эритроциттер» тақырыбын қарастырып көрейік. Оқушыларға қанның организм үшін ауадай қажетті екеніне көз жеткізу үшін «Кейс стади» әдісін қолдануға болады. Проблемалық сұрақтар қою арқылы оқушылардың қан туралы түсініктерін қалыптастырамыз. Адамның өмір сүруі, тыныс алуы, организмнің дамуы қан айналымына, оның қысымына байланысты екендігін ұғыну маңызды құбылыс болып табылады. Қан құрамында кездесетін заттар туралы мағлұмат бере отырып, оқушылардың биологиялық, медициналық білімдерін жетілдіруге болады. Биология мен медицина, физиология, анатомия арасындағы пәнаралық интеграциялық байланыс тұтастықты көрсетеді. Оқушы осы пәндер арқылы ғылыми ойлау қабілетін қалыптастырады. Осы салада зерттеу жұмыстарын жүргізеді.

Мысалы, «Жабықтұқымды өсімдіктердің сан түрлілігі. Қос жарнақты өсімдіктердің тұқымдастары» тақырыбын оқу кезінде сынып бірнеше топқа бөлінеді: дәрігерлер, аспаздар, бағбандар, косметологтар, фито-дизайнерлер. Өсімдіктің маңызын әр саладағы мамандар түсіндіреді. Осы тақырыпта оқушылар жоба қорғайды. Дәрігерлер тобы өсімдіктің адам денсаулығында алатын орны туралы мағлұмат береді. Ауруды емдеудің бір түрі ретінде түсіндіреді.

Фито-дизайнерлер тобы өсімдіктерді эстетикалық жағынан қарастырады. Бөлмені өсімдікпен жабдықтаудың маңызы туралы тоқталады. Этетикалық талғам оны қалыптастырудың жолдары туралы мәлімет беріледі.

Сонымен қатар  «Тамақтанудың мәні. Азық-түлік өнімдері және тағамдық заттар» атты тақырыпта  топтық биоэкологиялық зерттеу жобасын орындатуға болады.  Оқушылардың зерттеу дағдысы қалыптасады. Тамақтану гигиенасын меңгереді. Бүгінгі қоғамда дұрыс тамақтану ережесін сақтау өзекті мәселенің бірі болып табылады. Салауатты өмір салты осы тамақтанумен тығыз байланысты. Дұрыс тамақтану- денсаулық кепілі-деп қазақ халқы тегін айтпаған.

Зерттеушілік іс-әрекет арқылы оқушылардың ғылыми дүниетанымы дамиды. Ғылыми дүниетаным тек теориялық білім алу арқылы емес, сонымен қоса, дәйекті дәлелдер және зерттеушілік іс-әрекет нәтижесінде қалыптасады. Оқушылар өздігінен жүргізген зерттеушілік іс — әрекет нәтижесінде нақты шындыққа көз жеткізеді.

Қорыта айтқанда, зерттеушілік бүгінгі заманауи білім беру жүйесінде  оқушының танымдық іс-әрекетін, оның табиғи мүмкіндіктерін негізге алатын оқытудың жаңа моделі болып табылады.

 

Пайдаланған әдебиеттер

  1. Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2020 – 2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы. -Нұр-Сұлтан, 2019 //adilet.zan.kz/
  2. Леонтович А.Н. Концепция развития исследовательской деятельностиучащихся М: Образование, 2014. -152с
  3. Брунов Е. П. Самостоятельные работы учащихся по биологии: пособие для учителя. М.: Просвещение, 2021. 160 с.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.