Home » Жаңалықтар » Өнегелі ұрпақ — үлгілі тәрбиешіден

Өнегелі ұрпақ — үлгілі тәрбиешіден

«Білім айнасы»  республикалық газетінің бас редакторы Қуантай Амантайұлы Ақмола облысы, Қосшы елді-мекенінде орналасқан «Алтын сақа» жекеменшік балабақшасында болды. Мақсат — балабақшаның ішкі тынысымен, тәрбие-білім деңгейімен танысып, жеке жобасын ұсыну. Бұл мақсатқа жетуіне балабақша меңгерушісі Бекебаева Жанар Қасқатайқызы қолғабыс етіп, жылы қарсы алды. Кездесу барысында балабақшаның қазіргі жайы, тәрбие құралдары мен оқыту әдістері жайлы әңгіме өрбіді. Барлық ақпаратқа қаныққан Қуантай Амантайұлы өзінің «Шашу» аты оқу-танымдық жобасымен таныстырды. Кешеннің жеті артықшылығы, оқыту механизмінің ерекшелігі балабақша меңгерушісінің қызығушылығын оятты. Жоба авторы бұнымен шектелмей, тәрбиеленушілердің бір күндік өмірінің бірер сәтіне куә болу үшін балабақша ішін аралап қайтты. Кішігірім саяхат барысында мектепке даярлық тобынының тәрбиешісі Сағинбаева Гүлнар Сағдатқызымен танысты. Бала тәрбиесіне 6 жылын арнаған маманның «Алтын сақа» балабақшасындағы еңбек өтілі 2 жылға жуықтап қалған. 5-6 жастағы бүлдіршіндерді мектепке даярлау барысында «Алматыкітап» баспасының кітаптарын басшылыққа алып отыр. Көбіне сабақты ойын түрінде өткізіп, музыка арқылы сергітіп алатын көрінеді. Жадысын дамыту үшін өлең жаттатса, ертегі айтып, оны сұрау арқылы мазмұндауға үйретуде. Балдырғандарды көркем жазуға  қызықтыра отырып, оның ішінде әріптер мен сандар жазбасына үлкен мән беруде. Күніне  3-4 сабақтан оқитын тәрбиеленушілері спортқа да бейім екен. Араларында шахмат, тоғызқұмалақ үйірмелерінен бөлек, каратэ спортына да қызығушылар көп. Осындай талапты балаларды тәрбиелеп отырған өз ісінінің шеберіне Қуантай Амантайұлы ризашылығын білдірді. Болашақта балабақша  ұжымы мен редакция арасында іскерлік қарым-қатынас орнайтыны анық.

Жұпар Сансызбаева,
«Білім айнасы»
Нұр-Сұлтан қаласы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.