Гүлжан Сансызбайқызы Кажкенова
БҚО
Орал халықаралық гимназиясы.
қазақ тілі және әдебиет пәні мұғалімі
Жақында мектепке барамын!
«Мектепке қарқынды даярлау» курсын ашып, балаларды оқытып жүргеніме 3жылдай болды. Өз практикамның нәтижесінде оқу материалдарын дайындап, қолданып жүрмін. Әр бөліміне түсініктеме және балаға қызықты практикалық тапсырмалар легі беріледі.
Сіздің балаңыз қаншалықты тез өсті! Жақында балабақша артта қалып, жаңа, қызықты өмір басталады. Үш айдан кейін алғашқы мектеп қоңырауы соғылады.
Мектептің табалдырығын аттай отырып, сіздің бірінші сынып оқушыңыз, әрине, белгілі бір білім жиынтығына ие, бірақ оқуға психологиялық дайындық бірдей маңызды. Сабақта балаңызға қызықты және жайлы болуы маңызды, демек, балаңыз тәртіпті және белсенді болуы керек, басқаларды тыңдап, өз көзқарасын қорғап, жолдастарының жетістіктеріне қуана білуі керек.
Бәріміз де баланың жақсы оқығанын, өзін сенімді сезінгенін және сыныптастарынан артта қалмағанын қалаймыз. Уайымдамаңыз, бәрі міндетті түрде солай болады, тек болашақ оқушыға жаңа тәртіпке бейімделуге көмектесу керек, оқу жүктемелеріне — белгілі бір дағдыларды қалыптастыру керек, бұл оған сәтті оқу және тамаша бағалар үшін пайдалы болады.
Әрине, барлық ата — аналар үлгерімге алаңдайды, көбісі ұлын бірінші оқушы, қызын мектептің мақтанышы ретінде көруді армандайды. Есіңізде болсын, өтінемін: баланың атына кез — келген бағалау сын айту оның өзін солай бағалауына алып келеді.
Сіздің еңбекқор оқушыңыз жас және жеке ерекшеліктеріне, әл — ауқатына, психологиялық даму деңгейіне сай келетін нәрсені игере алады.
Баладан үнемі үлкен жетістіктер күтпеу керек, мүмкіндігінше оқу жүктемелерімен байланысты стресстік жағдайлардан аулақ бола отырып, оның кішігірім жеңістері мен жетістіктеріне қуану маңызды. Оқытудың бастапқы, бейімделу кезеңінде өте маңызды сұрақтар алдыңғы орынға шығады: бірінші сынып оқушысы бағдарламаны еңсере ала ма, ол шамадан тыс жүктемелерді көтере ала ма, ол жаңа күн тәтібіне қалай ауысады? Сондықтан да баланың демалуға, ойнауға, серуендеуге уақыты болатындай етіп күн тәртібін құруға тырысыңыз.
Болашақ оқушы үшін қызықты және пайдалы тренинг ұйымдастыруды ұсынамыз. Сізге көмектесу үшін біз осы кітапты дайындадық. Онда кездесетін барлық тапсырмалар қабылдауды, зейінді, есте сақтауды, логиканы, ойлауды, сөйлеуді, ұсақ моториканы дамытуға бағытталған. Сүйікті ойыншықтарыңыздың айналасына отырыңыз және мектеп ойынын ұйымдастырыңыз. Егер сіз сабақта және үзілісте мінез — құлық ережелері туралы сөйлесетін болсаңыз, әр бала үлкен қызығушылықпен дамыту жаттығуларын орындайды. Аю мен қоян, ботақан мен марғау да сабаққа жауап беруге және партада дұрыс отыруға дағдылансын. Қуыршақтар мен кішкентай лақтарға сіздің ынталы оқушыңыз сабақ кезінде неге орнынан секіруге, сөйлесуге, алаңдауға болмайтынын өзі түсіндіреді.
Көңілді «дайындық» барысында өзіңіздің мінез — құлқыңызды бақылап көріңіз. Бұл болашақта қателіктер жібермеуге көмектеседі. Мүмкін сіз тым жиі және көп жағдайда болашақ ғалымға шамадан тыс көмектесуге тырысатын боларсыз. Балаға тапсырмаларды қадағалап отырып орындатудың немесе ұсынудың қажеті жоқ — өйткені мектеп жағдайында, егер ол үнемі біреудің көмегіне сенуге дағдыланған болса, бойында сенімсіздік пайда болуы мүмкін. Немесе сіз шамадан тыс қатаңдықты көрсетсеңіз — содан кейін сіздің бірінші сынып оқушыңыз сабақта қателесуден қорқатын болады. Балаңызға тым жоғары талап қоймаңыз, болашақ оқушыдан белгілі мөлшерден артық нәтиже күтпеңіз. Әр нәрсенің өз уақыты бар, шыдамдылық таныта білсеңіз балаңыз сізді сан мәрте қуанышқа бөлері анық.
Кішкентай ақылды қызды, ұлыңызды эмоционалды түрде қолдаңыз: мақтаңыз, бірге күліңіз — бірдеңе дұрыс болмаса да қолпаштап қойыңыз. Есіңізде болсын, алғашқы сабақтар ойын түрінде ұйымдастырылып, бала шаршағанға дейін аяқталуы керек. Қызықты үзілістер жасаңыз, баланың шексіз «неге» деген сұрақтарына шыдамдылықпен жауап беріңіз, түсіндіріңіз, ойнаңыз, — сонда бәрі ойдағыдай жақсы болады!