Home » Білім және тұлға » МЕМЛЕКЕТТІК СЫЙЛЫҚҚА ЛАЙЫҚ КІТАП

МЕМЛЕКЕТТІК СЫЙЛЫҚҚА ЛАЙЫҚ КІТАП

Жазушы, сыншы-ғалым құлбек ергөбектің мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған «АДАМНЫҢ БІР ҚЫЗЫҒЫ БАЛА ДЕГЕН…»  кітабы жайында бірер сөз…

         (Қ.Ергөбек. «Адамның бір қызығы бала деген…». Астана 2021 жыл)                                                                    

I

БАҚ беттері мен Әлеуметтік желілерде Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған шығармаларды талқылау науқанының басталып кеткеніне біршама уақыт. Насихат мерзімі кесіліп, үмітті шығармаларды талқылау мен таразылауға кең жол ашылған.  Үміткерлердің қимыл-қозғалысы белсенді-ақ…
      

Ақын, жазушы, драматург, публицист еңбектері жайында жазылып жатыр.  Жазылғаны жазылғандай жариялану үстінде. Бірақ, сыйлыққа ұсынылған Әдеби сын еңбегі жайында  ләм жоқ. Сырттан пікір айтушыларды оқып отырған сәтімізде,  үміткерлердің өздерінің де насихат ісіне қызу кірісіп кеткені байқалды.  Міне, осы сәтте біз іздеп отырған әдебиет сыншысы Құлбек Ергөбектің «Думан  Рамазанға хат» аталатын мақаласы жарқ ете қалды.  Бұл өзі тосын хат екен. Абзалы сол хатты тағы бір оқып шығу:

       «ДУМАН  РАМАЗАНҒА ХАТ»

     «Думан-ау! Әлеуметтік желіде тарихшы ғалым Берекет Кәрібаевтың Сенің Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған шығармаң жайында «Ана тілі» газеті бетінде жариялаған мақаласына орай әңгімеміз сабақтала қалғаны. Пікір қостым. Пікіріме ризашылығыңды айтып отырсың.

      Құрметіңе құрмет, бейіліңе рахмет. Сыйлық жөні әңгіме болып қалды ғой. Бір шешіліп көрейінші.

     Ертеде  еуропалық үлгідегі ұлы жазушымыз Төлен Әбдікпен  осы сыйлығы түспегірге бірге ұсынылып қалыппын. Кеш біліп қалдым. Өзгелермен бірге Мен де құлап, Төкең сыйлық алғанда, балаша қуандым. Әділет жеңді – деп қуандым. Сәл,  болмағанда (қате шешім болғанда) сөз өнерінің киесіне ұшырай жаздадық емес пе?! Ең бастысы – классик Төлен Әбдіктің Мемлекеттік сыйлық алғанына сыйлыққа бірге қатысқан қанжығаластар да Мен сияқты қуанған шығар.

    Тағы бірде  әлеуметтік сарынның  философ ақыны (Ә.Тәжібаев бала кезінде «ұлы ақын шығады»-деп бас бармағын қайқайтқан)  Темірхан Медетпекпен бірге ұсынылып қалдым. Жүгінер жеріміз кемеңгер Кекілбай! Ол кісі Мені жақсы көрді. (Мен жайында төрт рет пікір айтыпты. Бірі бірінен өтеді. Бақытқа балаймын!) Темірханды, Сауытбекті Менен де жақсы көрді. Оларды Менен асық бағалайтын еді  кемеңгер. Не амал? Әбіштей дананы қинап қоймайық деп,- Мен кандидатурамды алдырып тастадым сол жолы бәйгеден.

   Тағы бірде, ресми «Ғасыр халтурщигі» атанған бір ағамыз Мемсыйлықты «қарақшы әдіспен» (Оспанхан) алып кетті. Мен ол жолы сыйлыққа түспегем. Жаным күймесе де болатын еді. Жұрт үшін жанымыз күймесе кім болғанымыз? Әділетсіздікке шыдай алмадым. Президент жарлығы шыққан күні. Әдебиеттің ары —  Төлен Әбдік отырған бір жерде дастархан басқардым. Сонда айттым: «Бүгін қазақ әдебиеті үшін қаралы күн! (Пауза). Бүгін қазақ әдебиеті үшін қаралы күн… (Пауза. Дастархан басында қолайсыздық. Қонақтардың басы салбырап кеткен…) Олай болатын себебі, маңдайымыздағы  қазақ мемлекеті атынан берілетін жалғыз абыройлы сыйлық ғасырдың  ең абыройсыз халтурщик «жазушысының» қанжығасында кетті. Президент жаңа  ғана Жарлыққа қол қойды. Біз болсақ, жазушының тойын тойлап отырмыз… Бүгін қазақ әдебиеті үшін қа- ра -лы күн…»

     Төлен Әбдік отырысты тастап аэропаортқа тартты.

     Мәдениет министрінде (комиссия төрағасы) алқалы жиын өтпек. Жиынға іші уілдеп жеткен Төкең Әбдік ашынды сөйлепті: «Қазір ғана Шымкенттен ұшып кешігіп  келіп тұрмын. Ұшақпен көкті жарып ұшып келген сияқты емес, жеті қат Жердің астымен жаяу жүріп жеткендеймін. Талқылар  мәселеміз – ұлт руханияты мәселесі екен. Ұлт руханиятын көтеретін, көгертетін бір тетік – Мемлекеттік сыйлық емес пе? Мемлекеттік сыйлықты беруде әділет болмаса, қайда болады?! Шымкентке Д. тойына барып, әдебиет сыншысы Құлбектен осындай сөз есітіп, жер болып келіп тұрмын…»-деп бастапты сөзін Төкең.

     Жиын тараған бойда орталықтан алыс, дүйім Түрік дүниесінің орталығы – Түрікстанда жатқан маған жиыннан шыққан бойда алдымен Алдан Смайыл, іле Мереке Құлкен телефондап ризашылығын айтып еді. Үшеуінің, төртеуінің  де көзі тірі. Шүкір.

     …Биыл, міне тағы да Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылып, талқыға түсіп отырмыз. Сыйлыққа ұсынылған ақын, жазушылар дарынды аға, інілерім. Өздерің сияқты талантты  шоқ қаламгерлік топпен бәйгеде бірге бақ сынауды өзіме абырой тұтамын. Тек «өзіме болса»-деген бейіл қазақ қоғамын иектегелі қаншама уақыт. Сыншылығымнан сүйекке сіңген мінез  шығар, Өз басым бұл тараң бейіл, қараңғы көңілден аулақпын.  «Диірменіңді дөңге сал, бейіліңді кеңге сал» — дәйімгі ұстанымым. Имандай шыным. Қайсымыздың атымыз бәйгеден келсе де – ұлт руханиятына ұялмастай олжа болып қосылса жетті.

    Өзімді маман сыншы санаймын. Сыншы әділетті болмаса, енді кім? Сондықтан сапарлас (бақталас деп есептемеймін) азаматтардың шығармаларының насихатталуын бағып қана отырмын. Бір өкініші – Сыйлыққа ұсынылған шығармалар ішінен Светқали мен Асқардың ғана шығармасын оқып үлгеріппін. Олардың аяқ алысын  бала жасынан қадағалап келемін. Жұлдызы жоғары. Жазғандары ұлт руханияты қазынасы!  Өкініші – Сенің сыйлыққа ұсынылған шығармаңмен таныс емеспін. Ана жылы Сенің пъесаң бойынша қойған спектакльді тамашалауға Астанаға арнайы бара  тұра, сәті түспеді. Театр маусымы жабылып қалды. Үлгермедім.  Сенің пъсаң бойынша  қойылған спектакльді  ҚР Президенті Қ.К.Тоқаевтың арнайы барып  тамашалағанын елдіктің жаңа нышаны тұтып,  әлеуметтік желіде ризашылығымды айтып, хат жазғаным есіңде шығар.  И.В.Сталиннің 1936 жылы «Қазақ әдебиеті мен өнерінің он күндігінде» ГАБТ-ға барғанын, спектакльді тамашалағанын, оның қазақ әртістерін қанаттандырғанымен салыстырғанымды әбес көрген әлдебір азаматтар хатым үшін Мені күстаналап жазғанын да білесің. Ондай үрдіс бұрын өзімізде де болған. Ж.Шаяхметов, Мирзоян театрға барады екен. Опера және Балет театрын салдырған үкіметбасы Н.Д.Оңдасынов театрға тым жиі баратын. (Ол кісіні өте жақсы білемін.) Өзбекәлі Жәнібек 1970 ж. Торғай облысы құрылғанда, 3-ші хатшы ретінде «атқораны» театрға айналдырып, Торғай сазды-драма театрын, театр ішіне түней жүріп құрғанын, театр труппасы оны сол қамқорлығы үшін «Театрымыздың кіндік әкесі» санағанын білемін. 1978 жылы Алматыға гастрольдік есеппен келген кезінде «Лениншіл жас» газеті бетінде жазғанмын. Алтынбек Сәрсенбаев, Мұхтар Құл-Мұхамедті министр қызметінде театрдан көргенімді де осыған қосайын.

    Бірақ, кейін-келе осы дәстүр аяқсып, тіпті үзіліп қалды ғой. Президентке хат жазуым осы дәстүрді жаңғыртса деген тілек еді. Президенттің Сенің пъсаң бойынша қойылған спектакльге (спектакль – труппа еңбегі, театр туындысы. Қ.Е.) Президенттің қатысуы – СЕНІМ. СЕНІМ сені, театр труппасымен бірге  шығармашылық шабытқа шақырды емес пе?!

    Шығарма талқылау басталып кетті. Тарих ғылымында өз сөзі, өз үні бар тарихшы ғалым Берекет Кәрібаев Сенің сыйлыққа ұсынылған шығармаң жайында жақсы пікір айтыпты. Оған неге Сен ғана қуануың керек? Ізгі ойдағы бәріміз қуануымыз керек. Менің ф/б-дағы пікірімнің жүйесі осы жерден келіп шығады.Бүгінгі әңгіме осы жерден басталып кетті.

     Сөз басында Мемлекеттік  сыйлыққа ұсыну, ұсынылған шығармаларды іріктеудегі әділетсіздік жайында айтып бастадым. Биылғы бәйгеде

  1. Әдебиет пен Өнер комиссиясын бөлек-бөлек жүйелеу,
  2. Әдебиет Жанрларын (поэзия, проза, драматургия, әдеби сын дегендей)   қамти  қарастыру – қай-д-а көп ілгерілеушілік! Комиссия мүшелері ары қалғымаған,  Құдайы бар, иманды азаматтардан іріктеліпті. Бағамызды беруді соларға сеніп тапсырайық!

    Соңғы кездері қазақ әдебиетінің асыл үлгілерін Нобель сыйлығына ұсыну сияқты ізгі ойлар төбе көрсетіп қалып жүр. Бұл қуанарлық жағдай! Бұған да Мемлекет араласпай, Үкімет қамқорлыққа алмай болмайды.  Жалпы әдебиетті ұлт (мемлекет құрушы және мемлекет құраушы  ұлт) руханияты жетістігіне айналдыра қамқорлық жасау мәселесін бәлкім біз Жапондар, Алмандардан үйрене білуіміз керек шығар. Түрікстанда  (Орта Азида) жазушыларынан Нобель шығару мәселесінде Өзбек ағайындар қай-да ілгері әрекетте! Ол да Шәукәт Мирзеевтің өзбек руханиятына адалдығынан бастау алатын шығар. Әрине, алдымен халық, жазушылар ынтымағына байланысты. Бізге І.Есенберлин («Көшпенділер») мен Н.Думбадзе («Мәңгілік заңы») қатар  Лениндік сыйлыққа ұсынылатын кезең трагедиясы ащы сабақ болуға тиісті. Біріміздің жетістігімізге біріміз қуана алмасақ, жазушылығымыз қараң қалсын! Биыл да біріміздің жетістігімізге біріміз қуана білейік. Көмбеде – ұлт руханияты ұтса болды емес пе?!

          Тілектес бейілден ағаң,- ҚҰЛБЕК  ЕРГӨБЕК.

                            11.07.2024»

Әлеуметтік желі оқушыларымен бірге оқып шықтық. Сыншының өзі жайында мақала ма? Жоқ. Сыйлыққа бірге түсіп, бақ сынап жатқан  әріптестеріне, онан асса Сыйлық жөніндегі комиссияға ойласу мақала екен. Біз мақаланы осылай қабылдадық. Осылай қабылдай тұра, өзінен бұрын шын талантты шығарма үшін қаны қызып, жан-жүрегі жылып отырған көрнекті сыншыны көрдік, таныдық. «Бәрекелді!» -десіп, әлеуметтік желі сыншыны қолдай кетті. «Сөз түзелді, тыңдаушым Сен де түзелдің…» жөні. Биылғы Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған шығармаларды талдау, талқылау, сұрыптау бұған дейінгі «әпербақандықтан» мүлде бөлек болады-ау. Әлбетте, солай болғай!

М.Тәукебаев,
Халықаралық Ақпараттандыру академиясының академигі

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.