Ибраева Айнаш Жуматевна
Нұр-Сұлтан қаласы
№30 «Қайнар» балабақшасына
қарасты шағын орталықтың
тәрбиешісі
Педагогтар тәуелсіз мемлекетіміздің ертеңгі болашағын тәрбиелеушілер. «Ұстаздық – ұлы тұлға» — деп М.Әуезов айтқанындай педагогика саласында қандай маман болмасын әдістемелік іс-тәжірибені жетік меңгерген біліктілікті, баланың жан-дүниесіне үңіле білетін кәсібилікті талап етеді. Қазақ ауыз әдебиеті халық тарихымен тамырлас, біртұтас біте қайнасып келе жатқан ғылым. Әдебиеттен ұлтымыздың рухын, мінезін, болмысын сезінеміз.
Қазіргі жаһандану заманында жас ұрпақ тәрбиесіне тілдік ортаның, әсіресе, теледидар, радио, электронды құрал-жабдықтардың ықпалы өте күшті. Бүгінде қазақстандық қоғамның еңкейген қарты мен еңбектеген баласына дейінгілердің барлығы интернет жүйесінде, әлеуметтік желілердегі шоуларды тамашалап жүр. Алайда олардың жартысынан көбі жас ұрпақтың тәлім-тәрбиесіне кері әсерін тигізуде, көпшілігі орысша немесе өзге елдердің сайттарынан ұсынылған.
Ауыз әдебиеті – халық шығармашылығының айрықша саласы, ауызша шығарылып, ауызша тараған көркем-әдеби туындылардың жиынтық атауы. Көрнекті қоғам қайраткері, қазақ тіл ғылымның негізін қалаушы, Алаш арысы Ахмет Байтұрсынов өзінің «Әдебиет танытқыш» кітабында былай дейді: «Өнердің ең алды сөз өнері деп танылады. «Өнер алды – қызыл тіл» деген қазақ мақалы бар. Мұны қазақ сөз баққан, сөз күйттеген халық болып, сөз қадірін білгендіктен айтқан. Алдыңғы өнердің бәрінің де қызметін шама-қадірінше сөз өнері атқара алады. Қаладағы сәулетті сарайлар болсын, қандай сымбатты немесе кескінді суреттер болсын, қандай әдемі ән-күй болсын, сөзбен сөйлеп, суреттеп көрсетуге, танытуға болады. Бұл өзге өнердің қолынан келмейді».
Бүлдіршіндердің ой-өрісін дамытуға, қиялын шарықтатып, тіл байлығын дамытуда ауыз әдебиет үлгілері — ертегілер, жұмбақтар, жаңылтпаштар, санамақтар, қаламақтар, өтірік өлеңдер т.б.тигізетін пайдасы ұшан-теңіз. Балаларға арналған қазақ ауыз әдебиетіндегі шығармалар Отанды сүюге, ерлікке, елін қорғауға тәрбиелеумен бірге, халық ауыз әдебиетінен сусындаған баланын тілі ұшқыр, ойы зерек, алғыр, қиялын шарықтатып тіл байлығын молайтады. Ауыз әдебиетінің үлгілерімен таныстыру үшін, алдымен оқылатын материалдың көлемін, мазмұнын жас ерекшелігіне байланысты анықтап алу керек. Қазақ ауыз әдебиетінің негізгі түрлеріне мақал-мәтелдер мен жұмбақтар, санамақтар мен ертегілер, жаңылтпаштар жатады.
Балалардың халық ауыз әдебиеті шығармаларына деген қызығушылықтарын оятуда әдіс-тәсілдердің тиімді тұстарын қолданған абзал. Мәселен, балаларды қысқы серуен кезінде қармен оның қасиеттерімен таныстырып, топқа келген соң ғана «Қыста ғана болады, ұстасаң қолың тонады» деген жұмбақты жасырып, өздеріне айтқызып шешуін тауып айтуды ұсынуға болады. Жұмбақты 3-4 рет естіген соң балалар өздері жатқа айтып тілдері жаттығып, мағынасын түсіне бастайды. Балаларды төрт түліктің бірі түйемен таныстыруған соң «Түйе маған шұбат береді, Шұбат маған қуат береді» деген жаңылтпашты баланың сөздік қорын байытып, сөздерді анық айтуға жаттықтыруға болады.
Шығарманы талдау барысында әр балаға өз ойларын еркін айтуларына болады.
— Шығарма мазмұны (мұнда ересек, даярлық тобы балалары бірінен соң бірі шығарма мазмұнын жалғастырып әкетеді);
— Шығармадағы ұнамды кейіпкерлер, несімен ұнады? (балалар пікіралысуы жалғасады, ұнамды кейіпкерлер, олар несімен ұнады, сол туралы әңгімеленеді);
— Шығармадағы ұнамсыз кейіпкерлер (балалар шығармадағы ұнамсыз кейіпкерлер туралы ой бөліседі).
Балаларды халықтық, ұлттық рухта тәрбиелеу ісінде көркем әдебиеттің атқаратын қызметі айрықша. Ұлттық педагогиканың маңызы әлі де болса түбегейлі зерттеліп болды деуге болмайды.
Өтірік өлеңнің балалар фольклорында ерекше сипат алуы – бала психологиясының табиғатына жақындығында. Бала өтірік өлеңнің өтірік екендігін түсіну үшін алдымен шындықты білуі керек. Бала өз білімін өлеңдегі өтірікпен салыстыра отырып бекітуге көмектесті. Балалар өтірік өлеңдерді жоғары қызығушылықпен қабылдады. Себебі, өтірік өлеңдерде үлкен – кішірейіп, әлсіз – күшейіп, ұзын – қысқарып, биік – аласарып деген сияқты үйреншікті жағдайлар адам сенгісіз керісінше сипатталады. Бала үшін қоршаған ортадағы заттар мен құбылыстардың бәрі жұмбақ болып көрінеді. Сондықтан 5-6 жастағы бала жұмбақ заттардың құпиясын ашуға құмар келеді. Өтірік өлеңнің көлеміне қарай іс-әрекет, белгілі сюжет болады.
Жұмбақтар – белгілі бір заттар мен құбылыстардың ең негізгі қасиеттерін жұмбақтап айту арқылы баланы ойлауға мәжбүр ететін ой жаттығуы. Бала үшін қоршаған орта жұмбақ дүниелерге, түсініксіз оқиғаларға толы. Балалар қоршаған ортаның сырын ашуға, білуге құштар келеді. Сондықтан да жұмбақтың балаларды қызықтыратын қасиеті — балалардың білуге, үйренуге деген ынтасын оятатындығы.
Балалардың дүниетанымын қалыптастыруға әсер ететін қазақ балалар фольклорының тағы бір түрлері — диалог түрде құрылған сұрамақтар мен қызықтамалар. Қызықтамалар мен сұрамақтар балабақшаның оқу-тәрбие жұмыстарында сирек қолданылатын жанрдың бірі. Сұрамақтар диалог түрінде құрылып, қызықтамаларға қарағанда шағын сюжетті көрсетеді және екі баланың кезектесіп айтуына ыңғайлы жанр. Сұрамақтардың тағы бір ерекшелігі табиғат құбылыстарымен, жан-жануарлармен адам ретінде тілдесуі болып табылады. Сұрақтан-сұрақ туындата отырып жасалған сұрамақтар балаларды тереңірек білуге, зерттеуге жетелейді.
Қызықтамалар — негізінен белгілі бір сюжетке құрылып, өлеңдік баяндау түрінде жырланады. Қызықтамалардың сұрамақтардан айырмашылығы — үлкен бір сюжетке құрылып, ертегілерге ұқсас болып келеді және сұрақ арқылы басталып, оқиға бірден-бірге өрбіп, бала ойын «одан әрі не болар екен?» деген қызықтарға тартып отырады. Қызықтамалар өлең ұйқастарынан құрылып, танымдық астарларында жеңіл әзіл астарласып жатады. Кейіпкерлері жан-жануарлардың, құстардың, адам әрекеттерін бейнелейді. Қызықтамалар кейіпкерлер өлі және тірі табиғатпен тілдесіп, дүниенің қыры мен сырын, өмірдегі болатын қарама-қайшылықтарды түсіндіруге көмектеседі.
Ертегілеріндегі шытырман оқиғалар, ұрпақ санасынан басқа дүниелерден гөрі ертерек орын теуіп, бала ой-танымы мен қиялының қанаттануына үлкен әсер ететінін ата-бабаларымыз жақсы білген. Ертегілер дүниесі замана белестерінде тарихи оқиғалар мен аңыздарға негізделіп, рухани мұраларымызға айналды. Қазақ ертегілері балалардың тілдерін дамытумен бірге тапқырлыққа, еңбекқорлыққа, шыдамдылыққа, төзімділікке, достыққа, қаһармандыққа, адалдыққа, парасаттылыққа шақырып, әділеттілікті қолдап, сезімтал, ұяң мінезді жандарды алдаудан, екіжүзділіктен қорғап, көмектесіп отырады. Жақсы мен жаманды айыра білуге жол сілтейді.
Ертегілер жанрлық ерекшеліктеріне қарай негізгі үш топқа бөлінеді: хайуанаттар туралы ертегілер, қиял-ғажайып ертегілері, тұрмыс-салт ертегілері. Хайуанаттар жайлы ертегілердің танымдық жағынан жануарлардың іс-әрекетінің ерекшеліктерін көрсетеді. Мысалы, «Түлкі мен қоян», «Түлкі мен әтеш», «Қасқыр мен ешкі», «Аңқау арыстан» т.б.
Қиял-ғажайып ертегілері халықтың қиялынан, арман-тілектерінен туса, тұрмыс-салт ертегілері халқымыздың тұрмыс-тіршілігін сипаттайды. Қазақ ертегілерінің басты кейіпкерлері ретінде халықтың сүйікті жануарлары – түйе, жылқы, қой, сиыр жануарлары жиі кездеседі. Ертегілер балаларды өмірге басқа көзқараспен қарауға, қоршаған ортаның жұмбақ сырларын ашуға көмектеседі. Балалар ертегілерді тыңдап, әңгімелеп айтып қана қоймай, сахналық қойылым ретінде орындауда рөлдерді сомдай отырып, жақсы мен жаманды, өтірік пен шындықты, әділет пен зұлымдықтың арасындағы айырмашылықты сезіне түседі.
Бала тілін қалыптастыруға әсер ететін мектепке дейінгі ұйымдарда сирек қолданылатын балалар фольклорының бірі — балалар айтысы. Айтыс – қазақ халқына ғана тән, толыққанды сипаты мен даму биігін жоғалтпай келе жатқан, көне де, көркем жанрдың бірі. Жалпы, ақындар айтысы бүгінгі күнге дейін мәнін жоғалтпай келе жатқан сөз өнерінің биік деңгейіне көтерілген өнер. Балалар айтысы диалогқа негізделіп құрылған өлең-ойындардың ішінде салмақты орын алатын өзгеше жанрлардың бірі. Балалар айтысы жеңіл әзіл аралас болып келеді. Көп жағдайда ұрпақтан-ұрпаққа ауысып келе жатқан жаттанды айтыстар көп кездеседі
Бүгінгі күнде елімізде инновациялық өнімдерді шығару, яғни, тұтынушылық аудиторияны қалыптастыру тәрізді ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Нәтижесінде ұлттық кейіпкерлер арқылы мултьфильмдер мен фильмдер шығару, компьютерлік ойындар, бояма кітаптар мен иллюстрацияланған кітаптарды, аудиокітаптарды, дыбысталатын қуыршақтар жасап шығарылып жатыр. Аталған өнімдерді балабақша мен отбасы тарапынан жетік қолданып, балалардың тілдерін дамытуға бағыттап отрырсақ болашақ ұрпақты өзге тілден гөрі өз тілімізді алдымен үйренуге алғашқы қадам жасай алған болар едік.
Қолданылған әдебиеттер:
- Ахметов Ш. Қазақ балалар әдебиеті. — Алматы: Мектеп, 1974. -214 б
- Жұмабекова Ф.Н. Мектепке дейінгі кезеңде білім беру мазмұнын жаңартудың әдіснамалық негіздері. Монография. — Астана, 2010.
- Бадел А. Асыл мұра:әдістемелік нұсқау.- Астана: Қазақ Пресс, 2009. – 95 б.