Хамзина Ғазиза Оралқызы
Павлодар облысы
Екібастұз қаласындағы Облыстық
көп салалы дарынды балаларға
арналған көптілді лицей-интернатының
қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
«Білім туралы» Қазақстан Республикасының Заңында: «Білім беру жүйесінің басты міндеті – ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтар, ғылым мен практика жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға және кәсіби шыңдауға бағытталған білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау, оқытудың жаңа технологиясы мен инновациялық әдіс-тәсілдерді енгізу, білім беруді ақпараттандыру, халықаралық ғаламдық коммуникациялық желілерге шығу» – деп көрсетілген болатын [1].
Өзгермелi қоғам жағдайында өркениеттi елдер қатарынан орын алу әр мемлекеттiң бiлiмiнiң берiктiгiне байланысты. Сондықтан да еліміздің білім беру жүйесінің жаңа модельге сәйкес болуы заңды құбылыс. Бұл мемлекетіміздің әлем қауымдастығынан орын алуының бірден-бір кепілі болмақ. Себебі, білім кеңістігінде өркениетті елдердің бәрі білім саласына үлкен жауапкершілікпен қарауда, бұл бағытты инновациялық, заманауи технологиялармен жабдықтауда.
Білім саласында болып жатқан оңтайлы өзгерістер білім мазмұнын, оқытудың әдістері мен тәсілдерін, оқушылардың дағдысын қалыптастырудың жаңа жолдарын іздестіруге ықпал етті.
Елбасы «Қазақстанда адами капиталдың сапалы өсуі, ең алдымен, білім беру мен денсаулық сақтауға байланысты екендігін айта келіп, «…оқыту үдерісіне қазіргі заманғы әдістемелер мен технологияларды енгізу, педагогтар құрамының сапасын арттырудың маңызы зор» — деп маңызды іс-шараларды атап көрсетті [2].
Бұл міндеттерді шешу әрине мұғалімнің шеберлігіне, ізденісіне байланысты болмақ.
Қоғам үрдісінде болып жатқан интеграциялық, трансформациялық, парадигмалық өзгерістер білім мазмұнына бірнеше міндеттер қояды, атап айтсақ:
- Барлық дамыған елдердегідей сапалы білім беру жүйесін қалыптастыру;
- ұлттық білім берудің барлық деңгейінің сапасын жақсарту.
- орта білім беру жүйесінде Назарбаев зияткерлік мектептерінің тәжірибесін тарату;
- мектеп түлектері қазақ, орыс және ағылшын тілдерін жетік білуі[3].
Жоғарыда айтылған талаптарды тұжырымдайтын болсақ, жаңартылған білім мазмұнының мақсаты — оқытудың жаңа әдіс-тәсілдерін енгізу арқылы Қазақстанның ұлттық білім беру жүйесін құру. Жаңа парадигма білім беру жүйесінің мазмұнын өзгертуді, оны жаңаша құруды ұсынады. Ол мектептің тұтас педагогикалық үрдісі арқылы жетілдіріледі. Сабақ барысында тиімді әдістерді қолдану арқылы оқушылардың ойлау, көркем сөйлеу, қарым-қатынас дағдысы қалыптасады. Әдіс ұғымы бірнеше ғалымдардың зерттеу нысанына айналған.
Ю.К. Бабанский «Әдіс» термині грек сөзінен аударғанда «methodos» таным жолы дегенді білдіреді. Оқыту әдістері – бұл алға қойылған мақсатқа жетуге бағытталған мұғалім мен оқушының бірлескен іс-әрекеті-деп айтқан болатын[4].
Қазақстанда Ж.А.Қараевтың, Б.А.Тұрғынбаеваның, Ә.Жүнісбектің, Қ.Қ.Қабдықайыровтың, Қ.М.Нағымжанованың, М.М.Жанпейісованың және т.б. ғалымдардың ұсынған оқытудың жаңа әдістері мен технологиялары оқу үдерісінде белсенді түрде қолданылуда.
Оқыту әдістерін мектептің барлық оқу пәнінде қолдану және оларды орынды пайдалану мұғалімнің даярлығына байланысты.
Сабақ үрдісінде белсенді әдістерді қолдану оқушылардың шығармашылық мүмкіндіктерін ашады.
Белсенді оқыту әдістерінің басты принципі – оқушының «мен істей алмаймын», «мен білмеймін» деген ұстанымдарына тосқауыл қою. Еркін кеңістік принципін ұстану арқылы оқушылардың еркін қозғалуына, шеңбер бойынша орналасуына, кіші топтарда бірігіп жұмыс істеуіне мүмкіндік жасалады. Мұғалім оқушылардың белсенділігі мен креативті ойлау қабілеттерін дамыту үшін, әртүрлі әдістерді қолданады. Себебі, оқушының өмірде табысты болуы мұғалімнің тұтас педагогикалық процесті ұйымдастыру шеберлігіне байланысты екенін түсінген дұрыс.
Қазіргі күні педагогикада ең танымал оқу жүйесіне айналған, яғни мектепте оқу процесінің негізінде интербелсенді әдістемелер керек, мұғалім сабақта белсенді әдістерді, құралдар мен тәсілдерді қолдануы қажет. Интербелсенді оқыту көптеген жұмыс түрлері мен әрекеттері арқылы жүзеге асырылады: бірлескен жұмыстар, жеке және бірлескен ізденіс пен зерттеу жұмыстары, ситуативтік және рөлдік ойындар, ақпараттың әртүрлі көздерімен жұмыс жасау, шығармашылық жұмыстар т.б. [5]
Сабақ үрдісінде оқушылар белсенді әдістер арқылы терең ойлануға, жүйелі тұжырым жасауға, ақпаратты талдауға, пікірталасқа қатысып, өзіннің ойын дәлелдеуге, басқа оқушылармен қарым-қатынасқа түсуге үйренеді.
Оқу-тәрбие үдерісінде пән сабақтарында белсенді оқыту әдістерін қолдануда оқушылардың бойында төмендегідей қабілеттер қалыптасады:
- ізденушілік;
- зерттеушілік;
- шығармашылық;
- қызығушылық;
- белсенділік.
Белсенді әдістерді қазақ тілі пәнінде қолданудың маңызы ерекше. Себебі, оқушының көркем сөйлеу және ойлау қабілеті тіл арқылы қалыптасады. Оқушылар арасында еркін, ашық шығармашылық қарым-қатынас орнатылады. Сабақта оқушыларды топқа бөліп, проблемалы сұрақтар құрастырып, соларға тез жауап алу мақсатында «Миға шабуыл», «Дисскусиялық карта» әдістерін қолдануға болады. Қазақ тілі сабағында мәтінмен жұмыс істеудің әртүрлі тәсілдері бар.
Мәтіндегі ақпаратты анықтау, тірек сөздерді дұрыс қолданып, иллюстрацияларды сипаттау мақсаттарын жүзеге асыру барысында оқушы әрекеті белсенді оқуға бағытталады. Мәтін ішінен топтарға жекелеген тапсырмалар беріледі. Бұл жұмыс түрі мәтіннің негізгі ойын түсінуге шоғырланған дайындық жұмысы. Әр топқа бір суретті немесе сөз тіркесін мәтін ішіндегі бар сөздермен сипатта немесе мәтіндегі сөз тіркестерімен бер, — деп тапсырмаға уақытты шектеп бергендіктен, қызығушылық та, бәсекелестік те арта түседі.
Тыңдау- көру- орындау тәсілін қолдану барысында оқушылар мәтінмен жұмыс істейді, нақты суреттер мен тірек сөздерді қолдана отырып, әңгімелейді.
Тапсырманы орындауда «Хикая картасы» әдісін қолдану оқушының сыни тұрғыдан ойлау дағдысын қалыптастырады. «Хикая картасын» толтыру үшін, оқушылар берілген суреттерді мәтін мазмұнына сай ретімен орналастыра отырып, берілген тірек сөздерді пайдалана отырып, суреттерді сипаттайды. Ретімен сипаттай отырып, мәтін мазмұнын, негізгі ойды баяндайды. Топпен орындау оқушылардың ұжымдық, коммуникативті қарым-қатынас стилін дамытуға мүмкіндік береді.
Педагогикалық үрдісте белсенді әдістер жиі қолданылады. Соның ішінде, кластер, инсерт, пирамида құру, тезарус құру, синквейн, Блум таксономиясы т.б.
«Сұраққа жауап бер» әдісін алатын болсақ, бес бағаннан тұрады. Әр бағанда оңайдан қиынға күрделеніп берілетін сұрақтардың тізімі беріледі. Оқушылардың жас ерекшеліктеріне сәйкес сұрақтар іріктеледі. Бұл әдіс оқушының жеке қажеттіліктеріне сәйкес, білімдерін әрі қарай арттыруға, сын тұрғысынан ойлау дағдысын, шығармашылығын дамытуға мүмкіндік береді. Оқушылар қабілетіне байланысты деңгейлік тапсырмаларды орындай алады. І деңгейдегі тапсырма репродуктирті болса, ІІ деңгейдегі оқушы мәтіннің мазмұнына талдау жасап, мәтіндегі кейіпкерлердің іс-әрекетіне баға береді, ал ІІІ деңгейлік тапсырма осы кестені толтыру нәтижесінде қорытынды жасап, өмірбен байланыстырып, «Мен қалай демалыс күнімді пайдалы өткізгім келеді?» деген сұраққа жауап береді. Бұл тапсырмалардың мазмұны деңгейлеп оқыту технологиясы негізінде құрастырылады. Оқушының оқуға деген мотивациясын оятады.
Сабақ бойынша өз пікірлерін және сыни ойлау деңгейінің қаншалықты артып отырғанын анықтау мақсатында сабақта «ББҮ» стратегиясы, «Екі жұлдыз, бір тілек», «Күнделік жазу» арқылы кері байланыс жасап отыруға болады. Рефлексия жасау оқушылардың пікірлерін дәйектеп, ойларын жүйелі, сөздерін нақты жазуға дағдыланады.
Жаңартылған білім мазмұны аясында әдіс- тәсілдерді тиімді қолданудың ерекшеліктерін былай жүйелеуге болады:
- оқушы білімді дайын күйінде алып қана қоймайды, оны өмірде қолданудың тәсілдеріне үйренеді;
- оқушының әлеуметтік ортамен өзара әрекет ету негізінде қарым- қатынас дағдысы қалыптасады;
- жеке рефлексиялық қабілеттері дамыйды;
- ақпаратты өздігімен түсініп, жан-жақты талдап, таңдап алуға үйренеді.
Қорыта айтқанда, жаңартылған білім беру мазмұны аясында белсенді әдістерді, дидактикалық принциптерді, инновациялық технологияларды жүйелі қолдану мұғалім жұмысының жаңа қырларын ашуға мүмкіндік береді.
Пайдаланған әдебиеттер
- Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңы -2007. 27 шілде
- Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Қaзaқcтaн xaлқынa Жoлдaуы «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты. — Астана, 2012 //http:akorda.kz.
- Жүргенова К.А. Жаңартылған білім мазмұны контексінде оқушылардың сыни тұрғыдан ойлау дағдысын қалыптастыру //Білім айнасы. -2020.
- Бабанский Ю.К. Педагогика -М: Образование, — 2002.
- Еңсегенова А.А. Қазақ тілі сабағында интербелсенді тәсілдерді қолдану жолдары //Білім айнасы -2018.