Home » Мақалалар » Сын  тұрғысынан   ойлау технологиясын пайдалана  отырып, өзге тілді мектепте  қазақ  тілі сабағында   ң  әрпінің  емлесін  меңгертудің  тиімді  жолдары

Сын  тұрғысынан   ойлау технологиясын пайдалана  отырып, өзге тілді мектепте  қазақ  тілі сабағында   ң  әрпінің  емлесін  меңгертудің  тиімді  жолдары

 Жақыпова  Бақытхан Қаиржанқызы
«Нұр-Сұлтан  қаласы  әкімдігінің
«№60 мекеп-лицей» ШЖҚ  МКК
қазақ  тілі  мен  әдебиеті  пәнінің  мұғалімі

 

Өзге  тілде  оқитын  мектептерде  мемлекеттік  тілді  оқыту –  мұғалім  мен  оқушы  тарапынан  көп  ізденісті  қажет  ететін  аса   күрделі  жұмыстардың  бірі.

Сын  тұрғысынан  ойлау  технологиясы  арқылы  оқушының  ізденіске  баулып, үйренген  сөздерін дұрыс  айтып, сауатты  жаза,  қолдана  білуі  үшін  4  дағдыны  қатар  қолдана  отырып, әсіресе, айтылымға  ерекше  мән  берген  жөн. Мұнсыз   ешқандай  нәтижеге  қол  жеткізу  мүмкін  емес. Ол  үшін  баланы алдымен  әр  сөзді, сөйлемді, сұрақты  ыждағаттылықпен  тыңдай  білу  дағдысын  қалыптастырған  жөн. Сөзді  есте  сақтау  бар да, оны  дұрыс  дыбыстай  білу, яғни  дұрыс айта  білу  бар.  Соған  қарамастан,  балаға  сын  тұрғысынан  ойлау   арқылы    танымдық  қабілеттерін  арттыру, өздігінен   алған  білім  бойынша  өзіндік  ой-толғау  жасау, өтілген  тақырып бойынша талдау  жұмыстарын жасауға  үйрету —  мұғалімнің  тікелей  міндеті. Мұны  бастауыш  сыныптың  өзінде-ақ  қолға  алған  жөн. Себебі  бастауыш  сынып – баланы оқуға  үйрету, реттілікке  тәрбиелеу, ерте  бастан  тұлға  ретінде  қалыптасуына  бағыт-бағдар  беру  үшін   алғашқы  баспалдақ  болып  табылады. Неғұрлым  ерте  басталған  әрекет   соғұрлым  баланың  тезірек  қалыптасуына,  қызығушылығының  артуына, өз  бетінше  әрекет  жасауға  талпынуына  мүмкіндік  береді. Алайда  бұл  жұмыс  мұғалім  тарапынан  жан-жақты  ізденісті,  қажымай-талмай  бала  жасына  сай  өтілетін  тақырыптың  қызықты  болуымен  қатар, не  ауыр, не  тым  жеңіл  болуына  жол  бермеуді, әр  баланың  білімді  қабылдау  қабілетін  ескеруді  қажет  етеді.

Балалар   сын  тұрғысынан  ойлау дағдысын меңгере   отырып, ізденудің  жолдарын  үйрету, өз-өзіне  Неге  бұлай? Неліктен  осылай  істеген  дұрыс? Әрі  қарай  қалай  істеу  керек?   деген  сияқты  сұрақтарды   қоя  отырып  жұмыс істеуге баулыған  жөн. Ол  үшін  мұғалім баланың  пәнге  деген  қызығушылығын оята   отырып, сабақ  берудің  сан  түрлі  әдіс-тәсілдерін  баланың  жас ерекшелігі  мен  әр  баланың  білімді  қабылдау  қабілетіне сәйкес  шеберлікпен жүзеге  асыра алады.  Сабақ барысында   ұстазға  мынадай  талаптар  қойылады:

  1. Баланы ойлана  білуге  үйрету;
  2. Басқалармен бірлесе отырып,ынтымақтастықпен жұмыс істей білуге баулу;
  3. Білімнің қажет  екендігін  сезін  білуге  баулу;
  4. Алған білімін  қолдана  білуге  дағдыландыру;
  5. Баланың өзін  тұлға ретінде дамуына  жағдай  жасау;
  6. Еңбекқорлыққа, тиянақтылыққа,әр істі соңына  жеткізе  білуге   баулу.

Тілді  үйретуде тыңдалым, айтылым, оқылым,  жазылым  дағдыларын  қатар  алып  жүрумен  бірге  тіл  сабақтарында   сөздерді  дұрыс айту мен  жазу, сөздік  қорын  байытып  отыру, сөз тіркесі, сөйлем құрау, сұрақ  қоя  білу, сөздің  құрамы  жасалу жолы т.б. ескеріп  отыру мұғалім  жұмысының  басты  қағидасы  болып  табылады.

Тіл  үйретуді    фонетикадан  бастаған  жөн. Себебі  тек  басқа  ұлт  балалары  ғана  емес, орыс  тілді  қазақ  балаларының  өзі  сөзді  дұрыс айтып  үйренбейінше, ойды  нақты  жеткізе қиналады,  мағынаны  толық  түсінбейді,  сауатты  жазуға  қол  жеткізе  алмайды. Әсіресе,  басқа  тілді мектеп  оқушылары  қазақ  тілінің  төл  дыбыстары  кездесетін  сөздерді  дұрыс  дыбыстап  айтуда,  жуан, жіңішке  дыбысталатын  сөздерді  бір-бірінен ажыратуда  көптеген  қателіктерге  ұрынып  жатады.

Сондықтан  әр сабақтың  басында фонетикалық  жаттығулар  жасату, түрлі  әдіс-тәсілдер  арқылы   орфоэпиялық, орфографиялық  заңдылықтарды  меңгертуге  басымдық  берген  жөн.  Сөздерді  дұрыс дыбыстай  білгенде  ғана  бала  сауатты  жазуға  қол  жеткізеді. Ол үшін  әр  сабақта Жүнісбеков  методикасы  бойынша фонетикалық  жаттығуларды  түрленте  отырып  жүзеге  асыруды   дағдыға  айналдырған  дұрыс.

Баланың  әр  қате  айтылған  сөзін  түзетіп  отырғаннан  гөрі  топтық,  жұптық  жұмыстар ұйымдастырып, көбінесе  ойын  түрінде   бір-бірімен  жарыстыра  отырып, қателікті  өздеріне  іздетіп  таптыру  әлдеқайда  тиімді.

Қазақ  тіліне  тән дыбыстар  кездесетін  сөздерді  қайталатып  отырумен  қатар жазылу  емлесін  де  меңгерте  білген  жөн.  Мысалы,

ә  дыбысының  емлесін  меңгертерде, жіңішке  дауысты  дыбыс  екендігі, сөздің  алғашқы буынында  жазылатыны, соңғы  буында, біріккен  сөздерде  сөз  ортасында кездесетінін (бастауыш  сыныпта оларды  айтпаса да  болады) түсіндіреміз. Бұған  мысалдар  келтіру  арқылы  көз  жеткізіледі (Әке, әже, әдемі, әліппе, дәптер, кәрі, сәлем т.б).

Жіңішке  дауыстыға  жататыны, жуан  дыбысталатын  сыңары

а дыбысы екендігі   кесте  арқылы  көрсетіледі.

Көру   арқылы  есте  жақсы  сақталатындықтан, кез  келген  сабақта қолданылатын   кесте  үнемі  оқушының  көз  алдында  тақтада  ілулі  тұрғаны  дұрыс. Тіл  дыбыстарының  жуан, жіңішке  болып  екіге  бөлінетіні, олардың  сөз  құрамында  бірыңғай  жуан  немесе  жіңішке  болып  жазылатыны әртүрлі  жаттығулар  арқылы  оқушы  санасына  берік  бекітілуі  керек.

Ң   дыбысы  туралы  айтатын  болсақ,  ң  дыбысын  дұрыс  айту  мен  сауатты  жазуды меңгерту тек оқушыдан  ғана  емес, мұғалімнен  де  үлкен  ыждағаттылықты талап  етеді.  Басқа  төл  дыбыстарға  қарағанда ң  дыбысының айтылуы мен жазылуын  меңгерту күрделі. Ң  дыбысын  дұрыс  айтудың  өзі  де  жеңіл  емес. Ал  бұл  дыбысты  дұрыс  айта  алмаған  адам  құрамында  ң  әрпі  кездесетін  сөздерді ешқашан  сауатты  жазуға  қол  жеткізе  алмайды. Тіпті  қазақ тілінде  оқитын  кейбір  балалар  осы  дыбысты  дұрыс  айта  алмағандықтан,  қателіктерге  ұрынып  жатады. Себебі  ң  дыбысын  айтып, жазуда  белгілі  бір  ереже  жоқтың  қасы. Фонетиканы  зерттеуші  ғалымдардың  еңбектерінде  ң  дыбысы  жайлы  мына  сипатта  түсінік  берілген:

… «ң»  -это  носовой  сонорный   специпический звук  казахского  языка. Для  правильного  воспроизведения  этого  звука рекомендуется тесное  соприкосновение задней  части спинки языка с  задним  небом,  требуется  закрытие полости  рта, а  прохождение  воздуха  осуществляется  через  нос, при  этом в казахском языке обязательносмычка, что  придает звуку требуемый носовой  тембр»  (С.М.Жұматаев.  Қазақ тілі (Вводно-коррективный  фонетический курс  для  начинающих).

Оқушы  осындай  анықтаманы  жаттап  алған  күннің  өзінде  ң  дыбысының  емлесін  ешқашан  меңгере  алмайды. Сондықтан  бастауыш  сыныптан  бастап,  әр  сабақта  жалпы  төл  дыбыстарға  байланысты  түрлі  тапсырмалар орындата  отырып (әсіресе  ауызша) соның  ішінде  ң дыбысына  ерекше  мән  беру  керек. Төл  дыбыстарды  дұрыс  айтуға, соның  ішінде әсіресе ң  дыбысы  кездескен  сөздерді  айтуға байланысты  жаттығуды  сабақтың  кез  келген  тұсында  өткізуге болады. Кейде  сөздік  дәптерлерінен  арнай  бет  арнатып, оған  құрамында ң дыбысы кездесетін  сөздерді  (қосымшалы  сөзден басқа) жаздырып отыруға  да  болады.

Алдымен  тәуелдік  жалғауын  қолдануға  байланысты ң дыбысының  қолданылуын  есте  сақтатуға  мән  бергіземіз. Тәуелдік  жалғауын  өтпей  тұрып-ақ, балалар  тіл  үйрене  бастағаннан   осы  жалғауды ауызекі  сөйлеуде  қолданады. Бала   тіл  сабағында  тәуелдеулі  сөздерді  қолданады. себебі  әр  заттың  атын  үйретумен  қатар, оның  кімге  меншікті  екендігін  айтып  үйренеді. Мысалы, оқу  құралдарының  атын  үйренумен  қатар  кімге  меншікті  екендігі  айтылады. Отбасы  мүшелерінің  атауын  үйреткенде  де  солай. Мынау  не? Бұл  кімнің  қаламы,  дәптері,  қарындашы?  немесе Мынау  кім? Кімнің  әкесі,  анасы,  інісі ? Осылайша  сұрақтар  арқылы  баланы  жауап беруге  жетелейміз  және  олардың  жауабы  дұрыс  болу  үшін тәуелдік  жалғауын  дұрыс  қолдануын  қадағалаймыз.

Мұндайда  бала  тәуелдік  жалғауын  дұрыс  қолдануға  және  көру  мүшесі  арқылы  жадында  тоқуға  төмендегідей  тірек  сигналын (кестені)  қолданамыз. Сурет  арқылы  да  заттың  кімге  тиесілі  екенін   өзіне  айтқызуға  тырысамыз.

  Менің      ………………………    –м; (-ым\-ім)

  Сенің      ………………………    –ң; (-ың\-ің)

Оның      ………………………    –ы;і (-сы\-сі)

Алғашында  есте  сақтауға  оңай  болу  үшін  3 жақта  жекеше  түрде  үйретіп, әбден  жаттығып  алған  соң, ІІ жақтың  сыпай  түрін  үйретеміз. Осылайша  менің, сенің, оның  деген  сөздердің  соңында  ң  жазылатынына  назар  аудартамыз. Сонымен  қоса  ІІ  жақта  тәуелдік  жалғауының  жалғанатынына  көз  жеткіздіртеміз. Басқа  тақырыптарды  өткенде  де, осылайша  көз  жеткізеді  және  өз  беттерімен  орындайтын  тапсырмаларда  оны ескеріп  отырады. Жіктік  жалғауларын  да  осылайша  меңгертуге  болады. Алайда  тәуелдік  жалғауы  мен  жіктік  жалғауларын  шатыстырмау  үшін  тәуелдік  жалғауы  адамның  меншігіндегі  затты  көрсетсе,  жіктік  жалғаулары  әрекетті  көрсететінін өздерінен  сұрап, еске  түсіртіп, қолдана  білуіне  мән  беру  керек.. Кейде  екі  жалғауды  қатар  беріп, оқушылардың  өздері  талдау  жасап,  қолдана  білуін  қадағалаймыз.

Тек  ң  дыбысына  қатысты  емес, әр  сабақта  төл  дыбыстардың  айтылуын  қадағалап, кейде  сабақ  үстінде  сөздік  диктант  алып  отыруға  болады. Мәтіннен  төл  дыбыстары  бар  сөздерді  тергізіп  жаздыра  отырып, оларды сөз  тіркесі, сөйлем  құрауда  қолдануын  қадағалап отыруға  болады. Балаларды   топқа  бөліп, әр  топқа  төл  дыбыстарды бөліп  беріп, берілген  дыбыстар  бойынша  сөздерді топтап  жазуды  тапсыруға  немесе  ауызша  жарыстыруға  да  болады. Оқушылардың  ң мен н дыбыстарын  шатыстырып,  жиі  қателіктер  жіберетін  тағы  бір  тұсы  ол  реттік  сан  есім  жұрнақтарын  қолданғанда  кездеседі. Сандарды  айтып, дағдыланған  соң, -ыншы\-ншы;                 -інші\-нші  жұрнақтарында  ң  емес  н  әрпі  жазылатынын  үнемі  еске  түсірту  арқылы  есте  сақтатуға  болады. Сұрау  есімдіктерін  жазуда  да н мен ң  әріптерін  шатыстыратын  кездер  жиі  кездеседі.

Осындай  қателіктер  септік  жалғауларын  өткенде  де жіберілуі  мүмкін.  Сабақ  өткенде  ілік  септігін  ерекше  бөліп көрсетіп, ілік  септігінің  жалғаулары  ғана  ң  дыбысына  аяқталады  деп  ескерткен жөн. Сабақ  барысында  ілік  септігі  несімен  ерекшеленеді  деген  сұрақ  арқылы  өздеріне  жауап  бергізіп,  еске  түсіртіп  отыруға  болады. Ілік  септігіне  жеке  мысалдар,  тапсырмалар  дайындап, ұмытып  қалмауына  мән  беріледі.

Дегенмен  бір  ескере  кететін  жағдай  ң  әрпінің  жазылу  емлесін  есте  сақтата  отырып, сауатты  жазуға  қол  жеткізу   жеткіліксіз. Алдымен  тіл  үйренуші  бұл  дыбысты  дұрыс айта  білуге  үйренуі  керек. Оқушылардың  тіл үйрену  қабілеті  әртүрлі  болатынын  ескерсек, мына  нәрселерге  де  көңіл  бөліп  отыру  артықтық  етпейді  деп  ойлаймыз:

  1. ң дыбысы сөздің  барлық  буынында  кездескенмен,  ешқашан  сөз  баснда  келмейді
  2. ң дыбысы тәуелдік  жалғауының  ІІ жағында  (ІІ жақ  сыпайы  түрін  қоса алғанда)   жазылады.
  3. Жіктік жалғауының  ІІ жағында  жекеше, көпше  түрінде ң  әрпі жазылады
  4. Сұрау есімдіктерінің  ешқайсысы  ң  дыбысы  кездеспейді, жазылуда н әрпін  ң әрпімен ешқашан шатыстыруға  болмайды.
  5. Бір ғана  септік,ілік  септігі  жалғауы  ң  дыбысымен  аяқталады.
  6. Түстерді атағанда  тек  бір  түс  қоңыр ң  әрпі  жазылады.

Арнайы  ереже  болмаса  да, осы  жағдайларды  есте  ұстаған оқушы  жазылуда  аса  көп  қателікке  жол  бермейді. Оның  үстіне  ң  дыбысын  дұрыс  дыбыстап  үйренсе, н  дыбысынан  мүлдем  басқаша  дыбысталатынын  түсіне  алса,  сауатты  жазуға  қол жеткізе  алады.

Қорыта  келе  айтарымыз, тіл  үйрету  мен  оқушы  сауаттылығын  арттырудың  сан  түрлі  амал-тәсілдері  бар бола  тұра,  мұғалімнің бағыт-бағдарынсыз, оқушыны  сын  тұрғысынан ойлануға  дағдыландыра  отырып, өз  бетінше ізденуге  бағыт-бағдар  бермейінше, кез  келген  сабақ табысты  бола  қоймасы  анық. Тіл  үйрену, сауатты  жазу  мен ойды  жүйелі жеткізе  білуге  қол  жеткізу, сындарлы  ойлауға  қол  жеткізу екі  жақтан да –мұғалім  тарапынан  зор  ыждағаттылық  пен оқушы  тарапынан  талмай  ізденіс, ынта  болса  ғана жүзеге  асады. «Ұстаздық  еткен  жалықпас, Үйретуден  балаға»- деп  ұлы  дана  Абай айтқандай ұстаздың ерінбей-жалықпай үздіксіз  жүргізген  жұмысы, баланың  қызығушылығын  арттыру үшін төккен  тері қай  кезде  де, қандай  жағдайда  да өз  жемісін  берері  сөзсіз.

Қолданылған  әдебиеттер:

  1. Ш.Бектұров. Казахский язык (для  начинающих). Алматы, 1998ж
  2. Мұғалімге арналған  нұсқаулық.
  3. С.М. Жұматаев. Қазақ тілі орфографиялық  сөздік. Алматы, 2007ж.
  4. Ә.Жүнісбек. Қазақ фонетикасы  Алматы, 2009ж
  5. М.Жампейісова. Модульдік оқыту технологиясы.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.