Аяпбергенова Сауле Шабанбаевна
Нұр-Сұлтан қаласы
№ 60 мектеп-лицейінің
қазақ тілі мен әдебиеті
пәнінің мұғалімі
Андатпа. Бұл мақалада жаңартылған білім мазмұны жағдайындағы қазақ тілі мен әдебиеті пәндерін оқытуда саралау тәсілдерін жүргізудің тиімділігі туралы айтылады.
Оқушыларды оқытудың ең жоғары стандарттарын қамтамасыз етуде мұғалімдердің қолданатын оқыту тәсілдерінің маңызы өте зор. Мұғалімдер пайдаланатын әдіс-тәсілдер оқудың тиімділігіне елеулі әсерін тигізеді. Қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша оқу бағдарламаларындағы оқу мақсаттары оқушылардан өздерінің дағдыларды үйренуі туралы ой-пікірлерін білдіріп, оны талдай және бағамдай білуді талап етеді. Мұғалімдер оқушыларды өздігінен білім алуға, шешім қабылдауға қабілетті, ынталы, қызығушылығы жоғары, өзіне сенімді, жауапкершілігі мол, өзінің және өзгенің іс-әрекетіне талдау жасай алатын жеке тұлғаны қалыптастыруға бағытталған қағиданы ұстанады [1].
Жаңартылған білім мазмұны жағдайында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқу бағдарламаларын іске асыруда қолданылатын тәсілдердің бірі — саралап оқыту.
Саралау – біріншіден, мұғалімнің белгілі бір іс-әрекетті жүзеге асыруда қолданылатын ресурстардың ішінен ең қажеттісін, маңыздысын, өзектісін, тиімдісін таңдап алу, саралап алу, екіншіден, жоспарланған шараны жүзеге асыру кезіндегі оқушының әрекетін саралау, сол арқылы күтілетін нәтижеге бағыттау болып табылады.
Мұғалімдер «Саралау қай кезде жүзеге асырылады?» деген сұрақты жиі қояды. Саралау сабақты жоспарлаудан басталады:
- Сабақтың тақырыбына сәйкес оқу мақсатын оқу бағдарламасындағы ұзақ мерзімді жоспардан дұрыс, нақты таңдау.
- Оқу мақсатының нақты, шынайы, қолжетімді, өлшенген, уақыты шектеулі болуы, яғни, СМАРТ-қа негізделуі керек.
- Оқу мақсатынан сабақ мақсатын нақтылау: оқушылардың барлығы, көпшілігі, кейбіреуі орындай алатын мақсаттарды анықтау.
- Ойлау дағдыларының деңгейлерін анықтау: Блум таксономиясына негізделген білу, түсіну, қолдану, талдау, жинақтау, бағалау.
- Оқу мақсатына сәйкес бағалау критерийлерін нақты құрастыру.
- Бағалау критерийлеріне сәйкес тапсырмаларды саралап алу. Тапсырмаларды саралауда оқушылардың жас ерекшелігі, қажеттілігі, қабілеті, деңгейлері ескерілуі тиіс.
- Тапсырмаларға сәйкес дескрипторды дұрыс, дәл, нақты құрастыру.
- Сабақ соңындағы оқушының рефлексиясын ұйымдастыру.
- Пәнаралық байланыс, сабақ үдерісінде қолданылатын ақпараттық – коммуникациялық құралдар, ресурстар, қалыптастырушы бағалау жүргізу тәсілдері — барлығы жоспар жасау барысында мұқият сараланып, жан-жақты талдаудан өткізілуі керек. Қысқа мерзімді сабақ жоспарын жасауда сабақ үдерісі кезіндегі мұғалім мен оқушының әрбір әрекетіне жете мән беру маңызды. Мысалы: 7-сыныптың қазақ тілі мен әдебиеті пәніндегі «Жаңа технология жетістіктері» тақырыбын оқытуда жүзеге асатын оқу мақсаты:
7.2.5.1 диалогке қатысушылар коммуникативтік жағдаяттың талаптарына сай «сөйлеуші→тыңдаушы» позицияларын еркін ауыстыру [4].
Оқу мақсатынан нақтыланған сабақ мақсаттары:
Барлық оқушылар орындай алады: Коммуникативтік жағдаятқа сай ресми сөздер мен тіркестерді қолдана алады;
Оқушылардың көпшілігі орындай алады: Дайын тіркестер мен терминдерді орынды қолданып, диалогке қатыса алады;
Кейбір оқушылар орындай алады: Ресми сөздер мен тіркестерді, терминдерді орынды қолдана отырып, диалогке қатыса алады, ойын анық жеткізе алады.
Ойлау дағдыларының деңгейі: білу, түсіну, қолдану.
Оқу мақсатына сәйкес құрастырылған бағалау критерийлері:
— Коммуникативтік жағдаятқа сай ресми сөздер мен тіркестерді қолданады;
— Дайын тіркестер мен терминдерді орынды қолданып диалогке қатысады;
— Ресми сөздер мен тіркестерді, терминдерді орынды қолдана отырып, диалогке қатыса алады, ойын анық жеткізеді.
Бағалау критерийлеріне сәйкес алынған тапсырмалар:
Сабақтың басындағы ширату жаттығуында «Сөзді тап» әдісі бойынша қобдишаға тақырыпқа қатысты жазылған түйінді сөздер салынады [2]. Бір оқушы қобдишадан қиынды қағазды алып, 1 минутта ондағы сөздің өзін атамай, сипаттап түсіндіруі керек. Сөзді тапқан оқушы келесі сөзді алып, түсіндіруді жалғастырады. Сөздер: велосипед, теледидар, телефон, бейнекамера, фотоаппарат, компьютер, ұшақ, т.б. Осы сөздер арқылы оқушылар сабақ тақырыбын анықтайды, суреттер арқылы топқа бөлінеді.
Сабақтың ортасында:
Тыңдалым. Аудиожазбадан «Жаңа технология» тақырыбындағы мәтін тыңдатылады.
Айтылым. 1-тапсырма. «Жылдам дебат» әдісі бойынша бүкіл сынып екі шағын топқа бөлінеді. 1 — топ «ХХІ ғасыр – жаңа технология заманы» деген пікірді жақтайды, 2-топ қарсы пікір дайындайды [2].
Дескриптор:
— Терминдерді орынды қолданып, диалогке қатыса алады;
— Өз ойын анық жеткізе алады.
Қалыптастырушы бағалау ауызша жүргізіледі (өз көзқарасыңды нақты дәлелдей алдың, терминдерді орынды қолдандың, диалогке жақсы қатыса алдың, ойыңды жинақта, толықтыр, өз ойыңды жеткіздің, т.б.) Бұл тапсырма жалпы сыныпқа беріледі.
Саралап оқыту тәсілі оқу үдерісін оқушылардың әр түрлі топтарына арнайы бағдарлауды, оқушылардың жеке қабілеттерін ескеру мақсатында түрлі топтар үшін әр түрлі нысанда ұйымдастыруды көздейді. Осы бағытта төмендегідей тапсырмаларды ұсынуға болады.
1-топқа «Жарнамалық мәтін» әдісі бойынша дайын тіркестер мен терминдерді орынды қолданып, жаңа технологияның бір өніміне жарнама жасау, ойын анық жеткізу [3].
2-топқа «Сайлау» әдісі арқылы топтан 2 оқушы таңдалады. Олар сайлауда жас өнертапқыштар атауына үміткер болады [3]. Топ алдында өз бағдарламасын, жобаларын (жаңа технологияға байланысты) ұсынып, сөз сөйлейді. Қалған оқушылар жас өнертапқыштардың әңгіме құрастыру шеберлігін бағалап, дауыс береді.
3-топқа «Кезбе тілші» әдісі арқылы 1 оқушы тілші болады, ол топтағы басқа оқушылармен сұхбаттасады [5]. Коммуникативтік жағдаятқа сәйкес ресми сөздер мен тіркестерді орынды қолдану керек.
Дескриптор:
— Коммуникативтік жағдаятқа сай ресми сөздер мен тіркестерді орынды қолдана алады;
— Дайын тіркестер мен терминдерді орынды қолдана алады;
— Өз ойын анық жеткізе алады.
Қалыптастырушы бағалау ауызша жүргізіледі (Жарайсың, пікірің жақсы, нақты дәлелдер ұсыну керек, пікіріңді жақсы дәлелдедің, толықтыр, т.б.)
Cабақ соңында оқушылар «Жарқын ойлар» әдісі бойынша рефлексия жасайды [2]:
- Сіз үшін жаңа болып табылатын үш мәселені жазыңыз;
- Сіздің назарыңызды аударған бір мәселе;
- Сіз сенімсіздік танытқан мәселе.
Осылайша сабақты жоспарлаудан басталған саралау тәсілі ары қарай сабақ үдерісі кезінде жүргізіледі.Саралау барысында оқушылардың қабілеті, деңгейі анықталады. Тапсырманы орындау барысында оқушы да саралау жасайды.
Сыныптағы саралауды келесі жолдармен жүзеге асыруға болады:
Тапсырманы түрлендіру арқылы:
— Білім деңгейі әр түрлі оқушыларды тапсырмалар мазмұнына сай қолдау (күрделендіру керек пе, әлде қолдау керек пе?)
— Қажеттілікке қарай кесте, жаттығулар дайындау.
Дереккөздер арқылы:
— Кейбір оқушылар басқа сыныптастарына қарағанда анағұрлым күрделі дереккөздермен жұмыс істей алады;
— Дереккөздер талқылауға негіз болатын мәтін, қиын сөздер, күрделі идеялар болуы мүмкін;
— Баспадан шыққан, электронды дереккөздер болуы мүмкін.
Білім алушылардың қарқынына байланысты:
-Кейбір оқушы басқаларға қарағанда жылдам жұмыс істейді;
— Қарқыны күшті оқушылар үшін қосымша тапсырмалар қолдануға болады;
— Қарқыны баяу оқушылар үшін негізгі тапсырмаларды орындауға уақыт беріледі.
Топқа бөлу арқылы: Топ құруда пайдалы кеңестер:
— Қиындық деңгейі, қолдау шамасы ұқсас оқушылар;
— Талаптары әр түрлі оқушылар;
— Кәсіби дағдыларына қарай топтастыру немесе сарапшы топ, т.б.
Саралау тәсілдері бойынша нәтиже қандай болмақ? Барлық оқушы тапсырманы орындаса да, олардың нәтижелері әр түрлі болады. Мысалы, «Жаңа технологиялар» тақырыбы бойынша сабақта «Жарнамалық мәтін» әдісі арқылы берілген тапсырманы орындауда төмен деңгейдегі білім алушылар дайын тіркестер мен терминдерді қолдана алды. Орта деңгейдегі оқушылар дайын тіркестер мен терминдерді орынды қолданып, жаңа технологияның бір өніміне жарнама жасай алды. Жоғары деңгейдегі оқушылар жаңа технологияның бір өніміне жарнама жасауда қосымша тың деректер іздеп, өмірмен байланыстыра алды. Мұндайда мұғалім тек «дұрыс жауап беруге» ғана мән бермеу керек екен, керісінше, оқушылардың мықты, не әлсіз тұстарына қарай кері байланыс берілген жөн. Себебі ең төмен деген оқушының өз артықшылығы болады.
Диалог және қолдау көрсету: Кейбір оқушыларға тапсырманы орындауда жан-жақты көмек, қолдау қажет болады. Мұндайда ойланту үшін немесе бірқатар жауаптар алу үшін сұрақтар қоюға болады. Сөзбен қолдау, ынталандыру да маңызды рөл атқарады.
Бағалау: Оқушылар тапсырманы қандай деңгейде орындаса да, үнемі бағаланып отырады. Оқушының қажеттілігіне қарай саралау да, бағалау да өзгертіліп отыруы мүмкін. Педагогикалық үдерісті жақсарту, түзету, табысты арттыруды қолдайтын әмбебап үдеріс болуы керек.
Саралау үдерісінде:
Барлық оқушыларға бірдей тапсырма беріледі:
- бірақ мұғалім олардың алдыңғы білімі мен тәжірибесін ескере отырып, оқушыдан деңгейіне сай нәтиже күтеді.
- бірақ мұғалім олардың жылдамдығын ескеріп, тапсырманы орындау уақытын түрлі етіп береді.
- бірақ оқушыларға көрсетілетін қолдау олардың деңгейіне / қабілетіне сәйкес әр түрлі болады.
- тапсырма беруде топтың немесе жекелеген оқушылардың әлеуеті ескеріледі.
- тапсырма ортақ, бірақ ресурстар әр түрлі болады.
- топтастыру процесі – нәтижеге жеткізудің құралы, яғни оқушылар ортақ тапсырманы орындайды, бірақ әркімнің өз рөлі бар (бұл барлық оқушының өз мүмкіндігін көрсетуіне жол ашады).
- Мұғалім сұрақтарды оқушы деңгейіне қарай саралайды (түсіну, білуден бағалауға дейін).
- Сыныптағы оқушыларға үй тапсырмасы беріледі, ал кейбір оқушыларға сынып жұмысын аяқтап келу тапсырылады және т.б.
Саралау — білім беру мазмұнын жаңарту жағдайында неге өзекті? Қысқа да нұсқа айтатын болсақ, оқушылардың метасанасын дамыту. Оқу процесін «қажеттен» «өте қызық» деңгейіне жеткізу. «Бұл сендерге қажеттен» оқушыға «бұл маған қажетке» жетелеу.
Саралап оқыту — мұғалім мен оқушының ынтымақтастығын, қазақ тілі мен әдебиетті оқыту үдерісінің диалогтік сипатта, әрекеттік-шығармашылық сипатта өтуін, оқушының жеке тұлғасының дамып, қалыптасуын көздейтін дидактикалық үдеріс.
Сонымен, дұрыс ұйымдастырылып, жүргізілген саралау нәтижесінде:
- Мұғалімде әлсіздерге көмектесуге, мықтыларға назар аударуға мүмкіндік болады;
- Қоғамдық нормаларға бейімделе алмайтын қиын балалармен тиімді жұмыс істеуге
мүмкіндік туады;
- Мықты оқушылардың білім беру үдерісінде жылдам және тереңінен білім алуға деген
ынталары жанданады;
- «Мен» тұжырымдамасы: мықтылар өз қабілеттеріне көз жеткізеді, әлсіздер оқудағы
жетістіктерін сезінуге мүмкіндік алады, толыққанды емес комплекстен арылады.
Пайдаланылған әдебиеттер
- Қазақ тілді емес мектептердегі «Қазақ тілі мен әдебиеті» пәндері бойынша педагог кадрлардың біліктілігін арттыру курсының білім беру бағдарламасы, Мұғалімге арналған нұсқаулық. «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы, 2016 ж.
- Үлестірме материал. «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы, 2016 ж.
- Мәтінмен жұмыстың тиімді тәсілдері, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ, Астана – 2016 ж.
- Негізгі орта білім беру деңгейінің 5-9-сыныптарына арналған «Қазақ тілі және әдебиеті» пәнінен жаңартылған мазмұндағы үлгілік оқу бағдарламасын жүзеге асыру бойынша ұзақ мерзімді жоспар
5.Сыныпта сындарлы әңгімені ынталандыратын стратегиялар, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ, Астана – 2016 ж.