«Жасөспірімдердің тәртібін бұзатын жағымсыздықтардың алдын алуда маңызды әрекеттер жасау мен қауіпсіз, мәдениетті өмір салтын қалыптастыру» атты тақырыппен өткен конференцияда жастар арасындағы өзіне қол жұмсау мәселелері талқыланып, жиналған мамандар одан шығу жолдарын қарастырды. Конференцияға Астана қаласы полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Сергей Сергейұлы Ильиных, «Жастар» ғылыми зерттеу орталығының Жастар ресурстық орталықтарын әдіснамалық қамтамасыз ету басқармасының өкілі Әнуар Сатмурзин Сағымжанұлы, Астана қаласы «Әдістемелік орталығы» психологиялық сүйемелдеу бөлімінің басшысы Гүлмира Қыдырбайқызы Қапанова және дәрігерлер мен басқа сала мамандары қатысты.
Конференцияның мақсаты – оқу орындарында оқушылар мен студенттердің тұлғалық қарым-қатынас мәселесіне психологтардің назарын аударып, оқу орындарында қауіпсіз білім алуды қамтамасыз ету. Сондай ақ, жасөспірімдер арасында есірткіге, басқа да елітетін заттарға тәуелділіктің алдын алып, кәмелетке толмағандардың суицидтік мінез-құлқының алдын алу және психологиялық жарақаттарды жою бойынша өзарар жұмыс істеу қарастырылды.
Конференция аясында суицидттің алдын алу, буллинг, жасөспірімдермен жұмыста психологтің этикасы және деонтология мәселелері талқыланды. Астана қаласы «Әдістемелік орталығы» психологиялық сүйемелдеу бөлімінің басшысы Гүлмира Қыдырбайқызы Қапанова кәмелетке толмағандардың суицидттік мінез-құлқының алдын алу, стресске төзімділікті дамыту, білім алушылардың психикалық денсаулығын сақтау және нығайту мәселелері туралы айтты. Гүлмира Қыдырбайқызының «Сенім ұялату» туралы психологиялық әдісі көңілге қонымды болды. Ата-анасы өмірден өткеннен кейін күйзеліске түскен жасөспірім ата-анасының артынан кетпек болып, өзіне қол жұмсамақ болып дайындалып жүреді. Жасөспірім бала бір күні әжесінің Алла Тағалаға жалбарынып, «Екі немеремді жеткізуім үшін маған ұзақ өмір бере гөр. Саған келінімді, ұлымды бердім. Немерелерімді аман-сау ете гөр» деп жасап жатқан дұғасын естіп қалады. Ол баланың санасына қатты әсер етеді. Ұл бала ретінде өзіне үлкен сенім артылғанын ұғып, өзіне қол жұмсау туралы ішкі күйзелістен саналы түрде бас тартады. Бұл жерде жасөспірімді суицидттен арашалап қалған өзіне артылған сенім күші. Жасөспірімдерді өбектеп, еркелете бермей оларға Сенім арту керек. Олар үлкен күш иесі екенін білуі керек. Бұл бала санасында кез келген жағымсыздықтарға психологиялық тегеурін қояды. Психолог Гүлмира Қыдырбайқызының осы әдістемесін психология саласына тәрбие негізі ретінде енгізсе дер едім. Себебі, сенім – ұлы күш. Қалалық психикалық денсаулық орталығының шұғыл психологиялық көмек бөлмесінің психолог-суицидологі психологиялық қауіпсіз орта құру маңызы жайлы сараптады. «Жастар» ғылыми зерттеу орталығының Жастар ресурстық орталықтарын әдіснамалық қамтамасыз ету басқармасының өкілі Әнуар Сағымжанұлы Сатмурзин жасөспірімдермен психологтің этикасы және деонтология туралы өз ойымен бөлісті. Ал, Астана қаласы поиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бөлім бастығы Сергей Сергейұлы Ильиных бұл тақырып аясында өз ойымен, тәжірибесімен бөлісті. Ола ата-аналарға баланың есірткіге әуестене бастағанын қалай байқауға болатын туралы айтты. Мысалы, бала үйге кешігіп келе бастаса, түнде ұйқысы қашса, тіпті, үйге апта бойы келмейтінді шығарса, онда баланы міндетті түрде бақылауға алып тексеру керектігін ескертті. Есірткі қолдана бастаған баланың мұрнында ақ түйіршіктер қалады. Қазір арнайы зәрі арқылы тексеретін өлшеуіш құралы шыққан. Жасөспірім бала бойынан жоғарыдағы күмәнді әрекеттер байқалса, уақыт созбай тексеру керек деді тәжірибелі маман.
Конференцияға қатысушылар өздерін мазалаған сұрақтар төңірегінде мамандармен ой-пікір бөлісіп, жауап алды.
Бірлескен жұмысы үшін колледж директорларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары емхана атынан алғыс хатпен марапатталды.
«BILIM AINASY»,
Астана,
Зүбәйра Тілегенқызы