Home » Балабақша » Еңбек – бала тәрбиесінің қайнар көзі

Еңбек – бала тәрбиесінің қайнар көзі


Бабылова Гульмира Кадиртаевна

КМҚК «N187 бөбекжай- балабақшасының» тәрбиешісі

 Еңбек – бала тәрбиесінің қайнар көзі

Адамның адам болып қалыптасуының  құралы – еңбек. Еңбектің нәтижесі әрбір адамға, оның еңбекке саналы, шығармашылық көзқарасына байланысты. Олай болса бүгінгі таңдағы қоғам қажеттілігі – жас ұрпақтың бойында еңбекке ынталандыруды тәрбиелеу, болашақ еңбек жолын дұрыс таңдауға баулу. Баланың жеке басының еңбекке бейім болып өсуі оны еңбек тәрбиесіне баулуға тікелей байланысты. Мектепке дейінгі жас – негізінен ойын кезеңі болғандықтан, еңбектің бала өмірінен алатын орны тым аз. Әдетте еңбек әрекетінің қарапайым элементтері көрініс тауып, бірте-бірте еңбек ойыннан бөлініп, айрықша сипатқа ие болады.

Еңбекке баулуда бала күнделікті өмірге қажетті дағдылар мен ептіліктерді меңгеріп қана қоймай, еңбек баланың ақыл-ойының дамуына әсер ететіндей, бастаған ісін соңына дейін аяқтауына, оның әсем де әдемі болуына назар аударту көзделеді. Еңбекке тәрбиелеудің негізгі мақсаты – еңбексүйгіштікке тәрбиелей отырып, оның нәтижесіне қуана білуге, балалардың күшін толықтыруға және денсаулығының нығаюына жәрдемдеседі, дене қозғалысының үйлесімді, сергек болуына ықпал ету.

Балалардың еңбегі туралы айтатын болсақ, күнделікті өмірде кездесетін көзге көріне бермейтін, өзіміз мән бермейтін қарапайым еңбек түрлері өте көп.
Мысалы: 2 – 3 жастағы баланың өздігінен тамағын ішіп-жеуі, ойыншығын, киімін жинауының өзі олар үшін үлкен еңбек. Баланың өз-өзіне қызмет қыла білуінің өзі еңбекке жатады.
Еңбекке баулу арқылы баланың есте сақтау, көру, сезіну қабілеттері арта түседі.
Мысалы: Шұлығын, қолғабын, бас киімін, көйлегін киетін кезде оны қай жерге киетінін, ойлау, көру, есте сақтау қабілеттері арқылы жасалады.
Баланың әр жасаған еңбегін, қылығын мақтап отыру қажет.
Мысалы: Ой, жарайсың, бәрекелді, өте жақсы, керемет деген сөздер баланы еңбек етуге деген қызығушылығын оятады.

Балабақшадағы балалардың еңбегі.
Балалардың еңбекке деген дұрыс көзқарасын қалыптастыру, өз-өздеріне қызмет етуге үйрету, бір-біріне кедергі жасамай еңбек етуге үйрету. Ойнап болған соң ойыншықтарын орын-орнына жинауға тәрбиелеу. Балаларды балабақшадағы еңбек жұмыстарына араластыру ойын бұрышындағы кезекшілікті атқаруға үйрету. Үлкендердің көмегімен гүлдерді суару, ағаштарға су құю, оқу құралдарын тарату, ас ішу кезінде тарелка, қасықтарды қойып шығу сияқты жұмыстарды үйрету. Үлкендердің еңбегінің және еңбектің қажеттілігі жөнінде түсінік беру. Балаларды алдына мақсат қоя білуге, оған жетуге үйрету жұмыс істеу мәдениетін қалыптастыру.
Арнайы жабдықтарды дұрыс пайдалану, қадірлеу, қайта орнына қою, бір-біріне көмек көрсетуге тәрбиелеу. Балаларды жұмысты бастап оны аяғына дейін жеткізуге тәрбиелеу. Балабақшадағы еңбек жұмыстарына қатысу, ұжымдық еңбекке үйрету. Ертегі, әңгімелерді кейіпкерлер арқылы «Еңбек түбі — зейнет» екенін түсіндіру. Үлкендер еңбегін құрметтеуге баулу. Мысалы: «Бір уыс мақта», «Бұзау бақтым», «Көйлекті маған кім берді?», «Қайдан келдің, бауырсақ?» деген әңгімелер арқылы барлық заттардың еңбекпен келетіндігін түсіндіру.

Үлкендерге көмек көрсетуге (тәрбиешіге, оның көмекшісіне, ата-аналарына), оларға ықыласпен қарауға тәрбиелеп, сондай-ақ, олардың еңбектерінің нәтижесіне ұқыпты қарауға ынталандыру.
Топ бөлмесі мен балабақша ауласында тазалық сақтауға және үлкендердің тапсырмаларын орындауға, бастаған ісін соңына дейін жеткізуге үйрету. Өзіне-өзі қызмет көрсету.

Өз бетінше белгілі бір реттілікпен киімін кию, шешіну, бүктеу, ілу, түймелерін қадау, ағыту, аяқ киімінің бауын байлау, шешу дағдыларын дамыту.

Балабақшада еңбек тәрбиесінің алғашқы бастамасы қалыптасады. Еңбек, педагогтік тұрғыдан мектеп жасына дейінгі жастағы балалар үшін бұлжымас міндет саналады. Еңбекке баулудың өзіндік ерекшелігі — оның ойынмен тығыз байланыстылығында. Олардың ойыны мен еңбегін ажырату қиын, өйткені алғашқы еңбек әрекетінің қарапайым элементі ойыннан басталады.

Баланы ойын арқылы да еңбекке баулуға болады. Баланың ойынына аса мән беру керек.

Ұлы педагог А.С.Макаренко айтқандай бала ойын кезінде қандай болса, кейін есейгенде жұмыс орнында да сондай болады. Сондықтан бала кезінде ойнаған кезде баланы қадағалап, ойынына мән беру керек. Егер дұрыс емес екеніне  көз жеткізсеңіз, дұрыс жолға бағыттау керек. Бала ойын ойнағанда үлкендерден немесе теледидардан көргендерін қайталайды. Өйткені ойын кезіндегі іс-әрекеті қыймыл қозғалысы бәрі өз отбасында көрген білгендерінің айқын дәлелі. Баланың ойыны арқылы отбасындағы беріп жатқан тәрбиенің қандай екенін аңғаруға болады және қандай мамандық иесі екенін білуге болады. Сондықтан баланың көзінше артық сөз, артық қимыл жасаудың қажеті жоқ Балаға ата-ана жақсы жағынан көрінуі қажет. Сондай-ақ баланы еңбекке баулу арқылы адамгершілікке, мейірімділікке тәрбиелеу болып есептеледі.

Мысалы: Жерде жатқан нанды алып қоюы, киімін күтіп киюі бәрі адамгершілікке, үлкендердің еңбегін сыйлағаны болып есептеледі.

Балабақшадағы бала өмірін дұрыс ұйымдастыру баланың еңбек етуіне ауадай қажет өміршең әдет-дағдыларды меңгертеді. Бұл еңбек пе әлде ойын ба? Мұндай іс-әрекет орындалуы бойынша, сөз жоқ, еңбек, бірақ бұл іс-әрекеттің орындалу процесі ойындық сипат алуы мүмкін. Осы ойын мотивін бұзып алмай, оны еңбекке икемдеу, ал кейбір жағдайда еңбектің өзін ойынға бір табан жақындата түсу жетекшінің негізгі міндеті болуы тиіс.

Балаларды еңбеке үйретуде қолданылатын әдістерге – үлкен адамдардың еңбегімен, тәрбиешінің өзінің үлкен еңбек үлгісімен танысу, балаларға әр түрлі еңбектік операцияларды тапсыру және олардың орындалуын тексеру, тәрбиешінің және бүкіл топтың істеген жұмысына баға беру жатады. Болашақ біздің ізбасарларымыз жас жеткіншектерге «Еңбек түбі – береке», «Еңбектің наны тәтті, жалқаудың жаны тәтті» екенін айтқым келеді.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.