Кенжебаева Айгерим Бериковна,
Астана қаласы
МКҚК № 60 «Арай» балабақшасы
тәрбиеші
Бала тәрбиесінде отбасы басты орын алады. Мектепке дейінгі жастағы бала тұлғасының қалыптасуында отбасы тәрбиесі әрқашанда маңызды рөл атқарады. Сондай-ақ, бала тұлғасының дамуына оның ортасы әсер етеді. Осыған байланысты тәрбиеші мен отбасы арасындағы тығыз байланысты қалпына келтіру қажеттілігі туындайды. Баланың мүддесін дамуы тек қана отбасы өкілдері (тек ата – аналар ғана емес) және мектепке дейінгі мекеменің өзара тығыз қарым – қатынаста болғанда ғана табысты болады. Бұл мектепке дейінгі баланы жақсы білуге, оның әр түрлі жағдайларды түсіну, сезіну, көруге мүмкіндік береді.
Ата-аналардың барлығы да жақсы, алайда тіпті нағыз керемет адамның өзі де өмірдегі ойлау стереотипіне байланысты білімінің жетіспеушілігінен (мысалы, жас ерекшеліктері), тәжірибесінің аздығынан қателесуі мүмкін. Сондықтан, кейбір жағдайларда ата-аналар өздерінің пікірлерін жалғыз дұрыс пікір деп санап, ешкімді тыңдағысы келмей, мәселеден бастарын аулақ салып барлығы дұрыс деген көрсететіндері кездесіп жатады. Ерекше санатқа жататындар — бұлар баланың амандығы мен тәрбиесі үшін өзге адамдарға ақысын төлеуге дайын тұратын материалдық жағынан қамтамасыз етілген ата-аналар. Бала үшін басты мәселе үнемі қолдары босамайтын және оған уақытының бір бөлігін қиюға қолдары тимейтін жақын адамдар түсінбестігі болып табылады. Балалар көбінесе ықылас, қамқорлық, қолдау, мейірімді қарым-қатынастың тапшылығынан азап тартады. Алуан түрлі ата-аналар кездеседі, сол себепті олармен өзара қарым-қатынас құру барысында тәрбиешіге қиындықтар тууы мүмкін. Бала балабақшаға жалғыз келмейді, ол бізге өзінің ата-аналарымен және өзге жақын туыстарымен келеді. Балабақшаға келген кезде әрбір ересек адам кездейсоқ жүрген адам емес. Ол бала үшін белгілі бір ақпарат көзі болып табылады. Балабақша жайында ересектердің балаға айтқан ақпараты жағымды болған сайын, педагог пен бала арасындағы өзара іс-әрекет үйлесімді болады. Бұл үрдіс екі жақты, сондықтан бала тарапынан жағымды қарым-қатынас ата-аналардың балабақшаға қатынасын және оның педагогикалық ұжыммен ынтымақтастығы сапасына әсерін тигізеді.
Ата-ана балабақшаға жұмыс пен үй, тірлік пен қамқорлық әлемінен келеді, алайда оның көңіл күйі әрқашан да шаттықта бола бермейді. Оны тәрбиешінің қалай қарсы алуының өзі олардың бұдан арғы диалогы дұрыс қалыптасуына әсерін тигізеді. Көптеген тәрбиешілердің үндемей келіп немесе немқұрайлы сәлем беріп, қабағы түнерген ата-аналарды қарсы алуы ықтимал. Ата-аналардың осындай мінез құлық стереотипін өзгертуге көмек көрсету аса маңызды.
Ата-ана мен тәрбиеші арасындағы ынтымақтастық – өзара қарым-қатынасты, тәжірибе алмасуды қажет етеді. Осы мақсатта біздің №60 «Арай» балабақшасында «Толағай» атты спорттық ата-аналар сайысы өткізілді. Іс-шараға алты топтың ата-аналары қатысты. Біздің топтың намысын қорғауға Қабдолла Райанның отбасы қатысты. Сайыс алдында ата-аналармен көңілді тренингтер, таныстыру өткізілді. Жеті кезеңнен тұрған сайыстың әр кезеңінде ата-аналар түрлі логикалық тапсырмалар мен топтық ойындар кезінде өздерінің ұйымшылдығын, тапқырлығын көрсетті. «Жарыс бар жерде: жеңіс те, жеңіліс те бар» демекші, сайыс жеңімпазы анықталды. «Қарлығаш» тобы, яғни біздің топтың Қабдолла Райанның отбасы жүлдері 1-орынға ие болды.
Елімізде жыл сайын қазан айының алғашқы жексенбісінде аталып өтетін «Ұстаздар күніне» орай ата-аналар тарапынан ұйымдастырылған мерекелік бағдарлама өткізілді. Әр-бір топтың ата-аналары керемет өнерлерін көрсетіп, көтерінкі көңіл күй сыйлап, тосын сый дайындаған. Біздің топтың белсенді ата-анасы Ұлдамет Мақсутовна осы мерекеге ат салысып, өзінің жеке «Айкөркем» хореографиялық студиясымен құттықтап, тамаша көңіл күй сыйлады.
Мереке күндері – балалар үшін жан тебірентер ән мен күйдің, әсем бидің, көз қуантар көріністердің қызғылықты бір әлемі. Мереке күндерін балабақшаның әрбір тәрбиешісі және балалар асыға күтеді. Өз өнерлерін ата — аналарына көрсетуге асығады. Мерекелік ертеңгіліктердің барлық түрлері (ән салу, музыка ырғағымен қимылдар жасау, би билеу, музыка аспаптарында ойнау) балаларды музыканы сүйе білуге баулудың ерекше бір түрі. Қатар отырып қуанып, толғану балаларды тату ұжымға топтастырады және ата-аналарды қуантады.
25 қазан Республика күніне арналған іс-шара «Қазақстан – туған елім»
«Берекелі алтын күз!» ертеңгілігі
Жаңа Жыл мерекесіне арналған ертеңгілік
8 — Наурыз Халықаралық әйелдер күніне арналған «Мерекеңізбен, аяулы анашым!» ертеңгілігі
«Әйел бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді». Тәуелсіз еліміздің ұл — қыздарын тәрбиелеп, азаматтарға сенімді тірек болып, қоғам ісіне білек сыбана кірісіп, қиын кезде демеу болып жүрген нәзік жандарды біздің топтын әкелері ерекше құттықтап, жылы тілектерін жеткізді.
Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мерекесіне арналған балабақшамызда жалпы концерт ұйымдастырылды. Концертті тамашалап, тобымызда мерекелік дастархан жайылды. Балалар мен ата-аналар арасында «Мақал – сөздің азығы» сайыс өткізіліп, бірлесіп Наурыз мерекесіне арналған әсем ән орындалды.
Баланы дені сау және ақылды, ұқыпты және кішіпейіл, сыпайы, еңбек сүйгіш және епті етіп тәрбиелеу, оның бойына ең жақсы қасиеттерді сіңдіру – бұл тәрбиешінің және ата- аналардың ортақ қамы.