Былтыр – 2022 жылы жарнама рыногы 11,6 пайызға өскен. Бүкіл жарнама нарқының 84,9 пайызы Алматыға тиесілі екен. Еліміздің барлық қызмет секторының арасында жарнама индустриясының үлесі былтыр 3,9 пайыз болған. Әлбетте, бұл мол көрсеткіш емес. Іс жүзінде жарнама индустриясына мемлекет көп араласпайды. Сондықтан билік тарабынан қолдау шамалы деген сөз. Біздің елдегі жарнама индустриясының тағдыры тікелей жекеменшік иелеріне қатысты. Былтыр саладағы қаржы айналымының 66,2 пайызы жекеменшік иелерінің үлесіне тиген көрінеді.
Дейтұрғанмен былтырдан бері салада біршама ілгерілеу байқалады. Мәселен, Орта Азия жарнама қауымдастығының бағалауынша, бұл индустрия 22,2 пайызға өсіпті. Осы орайда биыл да әжептәуір оңтайлы динамика байқалады. Атап айтқанда, саладағы өсім жыл басынан бері 11,6 пайыз болған. Оның 37 пайызы радионың, 23,5 пайызы сыртқы жарнаманың үлесінде. Ал теледидардың үлесі – 10,7 пайыз.
Биылдан бастап салада құрылымдық өзгерістер бар. Жарнама берушілердің көпшілігі сыртқы жарнамаға бейімділік танытыпты. Нақтырақ айтқанда, 465 жарнама берушінің 413-і жарнаманың осы түрін таңдаған.
Осылайша бұрын 441 тапсырыс берушінің 395-і таңдаған делінетін теледидарды сыртқы жарнама тағынан тайдырып отыр. Оның үстіне сыртқы цифрлы жарнаманың маңызы артқаны байқалады. Ол жарнаманың автоматтандырылған тиімділігіне байланысты көрінеді.
Соңғы кезде, бұрынғыдай емес, жарнаманың адам денсаулығына қатысты пайдасы мен зиянына көңіл бөліне бастағаны байқалады. Мәселен, соңғы екі-үш жылда зиянды тамақ түрлерін насихаттамау, жарнамаламау мәселесі көтеріліп жатыр, ол жарнаманың әсіресе балаларға қатты әсер ететіні байқалған. Еліміздегі балалардың 20 пайызға жуығы артық салмақтан зардап шегетіні анықталған. Артық салмақ жинау құрамында май, тұз бен қанты мол тағам мен сусынның әсері екен. Ал ол, әсіресе газды сусында көп кездеседі. Жарнама мазмұнын зерттеген мамандар алты телеарнадан берілген он мыңнан астам жарнама ролигінде сапасыз тағам мен сусын жарнамаланғанын байқаған. Оны уақытқа шаққанда, эфирлік кеңістіктің 370 сағаты екен. Сонымен, еліміздегі азық-түлік жарнамасының 32,8 пайызы күмәнді тағам түріне қатысты.
Осылайша елімізде зиянды тағам түрлерін жарнамалауға тыйым салудың шеті көрініп қалды. Өнімнің кейбір түрін жарнамалауға тыйым салу әлемнің барлық өркениетті елдерінде бар. Әрі бұл тек азық-түлікке ғана қатысты емес.
Мәселен, Украина денсаулық сақтау министрлігі дәрі-дәрмек жарнамасын бақылауда ұстауға шешім қабылдапты. Сондай-ақ бұл елде емдеудің дәстүрлі емес түріне, емшілерге қатысты жарнамаға да тыйым бар.
Ал Германияда сыраны жарнамалауға мүлдем тыйым салынған. Бұған дейін неміс елінде сыраға «дәмді», «әсерлі», т.б. жарнамалық сөздер жазылатын. Қазір ол алынып тасталды. Германияда рецепт бойынша берілетін дәрі-дәрмектің жарнамасына да тыйым бар. Мұндай іс-шара Австрия, Франция, Щвеция мен Италияда да заңды күшке ие. Мәселен, Францияда алкоголь ішімдікті теледидарда жарнамалауға жол берілмейді. Бірақ бұл мақсатта ғаламторды қалай пайдалансаң да, өз еркің.
Еуропада тұңғыш рет темекіні жарнамалауға тыйым салған ел – Финляндия. Тыйым сонау 1976 жылдан күшіне енген. Қазір бұл үрдіс Еуропаның көп елінде жалғасын тапқан.
Жарнама болған соң оны жас та, кәрі де көреді. Оның ішінде, рас, зияндылары аз емес. Бельгия елі балаларға арналған жарнамаға түбегейлі тыйым салыпты. Мұндай тыйым өркениетті әлемнің басқа елінде де бар.Мәселен, Австрияда балалармен тікелей жарнама тілінде сөйлесуге болмайды. Ал Италияда балаларға азық-түлік жарнамасы көрсетілмейді.
Біздің елімізде соңғы кезде қолға алына бастаған зиянды тағам түрін насихаттауға салынған тыйым орынды деп есептейміз. Себебі, Батыс елінің көбінде теріс жарнамаға байланысты кездескен келеңсіздік бізде де шыға бастады.
Кейбір сарапшының болжамынша, елімізде алдағы уақытта зиянды азық-түлік жарнамасына қоса косметикалық брендтерге байланысты тыйым күшіне енетін тәрізді. Шеттен келген зиянды косметикалық брендтің зардабы ара-тұра болса да, біздің елде де кездесіп қалады. Медициналық шетелдік дәрі-дәрмекке қатысты да осындай болжам айтылып жүр.
Енді балалар әбден бауыр басып алған газды су, гамбургер мен шоколад жарнамасының тыйымына тоқталайық. Жарнаманың жасалуына немесе жасалмауына қарамастан үйренген адамдар оны тұтынуды бәрібір қоймайды. Алайда зиянды жарнама тоқтаса, оны бала біткен теледидардан көрмесе, фри картобын немесе фритюрдегі тауық етін сұрамайтын еді. Бұл да – мәселеге қатысты айтылған сарапшы пікірі.
Түбегейлі жаңғыру жолына түскен биліктің, сайланбалы органдардың қазір зиянды жарнамадан арылудың алғышартын қолға ала бастағаны байқалады.
Рас, өркениетті елдерде жарнама – мемлекеттік кірістің көзі. Сол арқылы бюджеттің қалтасы толады. Әзірге елімізде тауардың, өнімнің, жылжымайтын мүліктің жарнамасына түбегейлі өзгеріс жасалатын түрі байқалмайды.
Қожабаева Аружан
Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы
Алматы, Қазақстан