Home » Мақалалар » АЛАШ АБЫЗЫ, ӘДЕБИЕТ МАЙТАЛМАНЫ – ӘБІШ КЕКІЛБАЕВ

АЛАШ АБЫЗЫ, ӘДЕБИЕТ МАЙТАЛМАНЫ – ӘБІШ КЕКІЛБАЕВ

Мангистау облысы Мунайлы ауданы
«№ 6 жалпы білім беру орта мектебі» КММ
информатика пәні оқытушысы
Туракбаева Махаббат Жайлыбаевна

 Әдебиет майталманы Әбіш Кекілбайұлы еліміздің даму жолында халық тағдырына жанашырлықпен қарап, азаттық жолында ұлттық мүдде мен ұлттық сананың өрбуіне өз үлесін қосқан қайталанбайтын, біртуар тұлға. Ол –интеллектуалды әдебиеттің қазақ топырағындағы психоаналитикалық үлгісін жасаған кісі. Қазақ халқының әлемдік өркениет әлемінде өз биігінен көрінуіне өлшеусіз еңбек сіңірген азамат. Көрнекті қайраткер егемен еліміздің тарихи шежіресінде өз қолтаңбасын қалдырды.
Тектінің ұрпағы тектілік танытпаса, айыбы, аманатқа қиянат жасағаны. Әбіштің әлемі сол текті бабаның көріп-білген дүниесін балаға аңыз бен ертегі, әңгіме ретінде жеткізгенінен пайда болды. Әбіш әлемі–өзіндік бір пәлсапалық, дүниетанымға толы әлем. Ә.Кекiлбаевтың көркемдiк палитрасының қуаты мен қасиетi де осында – ол ежелгi аңыз-әңгiмелердi бүгiнгi күннiң елегiнен өткiзiп, тарихи-философиялық тұрғыдан екшеп, сол аңыз-әңгiмелерден күллi адам баласына ортақ адамшылық тамырларды тауып сипаттауы.
«Жалпақ əлемді аузыңа қарату үшін − рухани ерлік керек, жалпақ əлемге қысылмай, қымтырылмай қарау үшін–рухани байлық керек», — деп сөзге шешен, тілі орамды жазушының ел есіні қалдырған қанатты сөздерінен өзінің сипаттамасын көретіндейміз.
Алаш абызының 80 жылдығына орай халықаралық деңгейде іс-шаралар ұйымдастырылды. Шараның мақсаты – қазақ әдебиетінің алып бәйтерегі, заманның заңғар жазушысы Ә.Кекілбайұлын халықаралық деңгейде танытып, дәріптеу. Атап айтатын болсақ, 2019 ж. қазан айында киелі 362 әулие мекен еткен абыз туған өлке Маңғыстау жерінде жоспарлы шаралар өткізілді. Мерейтой аясындағы шаралар жылдың басында қолға алынған. Мектеп оқушылары арасындағы «Әбіш оқулары», «Жас ақындар мүшәйрасы» сондай-ақ шығарма жазу сайыстары өткізілді. Облыс мектептерінде «Әбіштану» сыныптары ашылып, абыз тұлғаның есімі берілген оқу кабинеттері де жасақталды. Оқу кабинеттерінің қабырғаларында ілінген әр фотосуреттің тарихын смартфон камерасын бағыттау арқылы тыңдауға болады. Сондай-ақ оқушылар Әбіш Кекілбаевтың электронды кітапханаға жинақталған туындыларын ұялы байланыс құралының көмегімен оқи алады.
Біртуар тұлғасын сыйлаған халқы тек мәдени кештермен шектеліп қана қоймай, жазушы құрметіне мұражай ашты. Дәл осы мәдени нысанның алдына жазушының ескерткіші орнатылды. Қазақ әдебиетінің абызына арналған шараға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы қатысты. Қалижан Міркәрімов айтпақшы, күллі маңғыстаулықтардың көкірегіне мақтаныш сезімін ұялатқан әдебиет майталманы Әбіш Кекілбаевтың бағындырған шыңы, еліміздің саяси өміріндегі атқарған рөлі, нағыз талантқа тән қайталанбас тағдыры мен жазушылық рухы бұдан былай туған топырағындағы мұражайдан үн қатып тұрады.  Ал елордада көшелердің біріне Әбіш Кекілбаевтың есімі берілді.
«Қазіргі қазақ әдебиетінде ұлы суреткер Әбіш Кекілбаев біреу-ақ! Мұны оның қаламдас ағалары мен замандастары ерекше атап айтады. Шындығында да солай! Бүгінгі тәуелсіз қазақ әдебиетінде ұлы суреткер Әбіш Кекілбайұлы біреу-ақ! Мұны оның қаламдас інілері ерекше меншіктеп, ерекше теліп айтады. Ақиқатында осылай! Ежелден біртұтас қазақ әдебиетінің арғы-бергі немесе келешектегі тарихын алсақ та, ұлы суреткер Әбіш Кекілбайұлы бәрібір біреу-ақ! Мұны өздерінен бұрынғылардың бәрінен асып туған болашақтағы қаламдастары айтатын болады. Тарих тағылымы әрқашан осылайша ғой. Сонымен, ұлы суреткер Әбіш Кекілбайұлы біреу-ақ!»-деп әдебиет сыншысы, жазушы Сайлаубек Естайұлы Жұмабек керемет теңеу білдірген екен. Расымен де, әдебиет майданында кемел ой, көркем сөзімен белгілі жазушы барлық дерлік еңбектерінде қазақ елінің тарихы мен тағдырын суреттеген, зерттеген жазушы. Біз Ә.Кекілбаевты Батыс Қазақстанның тарихы мен мәдени мұрасын зерттеушілердің ішіндегі ерекше ірі тұлға деп танимыз. Оның әдеби шығармалары мен тарихымызға арналған зерттеулері қазақ шеңберінен әлдеқайда асып кеткен, бүкіл түркі халықтарына ортақ екенін мақтанышпен айтамыз!
Халық жазушысының мол әдеби мұрасын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп, халқымыздың рухани байлығын арттыру әрқайсымыздың міндетіміз деп білемін.
Көмейінен көркем сөз өздігінен өрнектеліп, көкірегінен түйдек-түйдек ой төгілетін заңғар жазушыны ұрпағы ұмытпақ емес!.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.