Маңғыстау облысы
Мұнайлы ауданы
№2 орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі
Сагинова Дина Каиировна
Ертеде, әкелеріміз әртүрлі аурудан індет тарап, ел басына небір күндер туғанын, сол заманда қанша адам жақынынан айрылған деп еске алатын. Көзімізбен көрмегесін, балалығымыз басым болды ма, мән бермеуші едік. Енді, міне, сол кісілерден естігенім осы екен ау деп ойлаймын. Халқымыз бұл қиындықты еңсереді. Біз біргеміз! Әлем назарын өзіне аударған жаман аурудан сауығып жатқандар көп. Оның бәрі ақ халатты абзал жандардың арқасы. Сын сағатта қолына қару алып, елін қорғаған батыр қыздардың жайын кейбіреулер енді кеш те болса түсініп жатқан болар. Мынадай жағдайда қолынан келгенін аямай жатқан елін сүйген қайырымды ұрпағымнан айналайын деп сүйсініп қоямын. Міне, осылай оларды да бейбіт күннің батырлары десек жарасады. Ал, мен қарапайым ауыл мұғалімімін. Қазіргі уақытта қашықтықтан білім беріп жатырмыз. Бұл- қолайлы уақытта кез келген жерде ақпараттық-коммуникациялық технологиялар көмегімен қашықтықтағы оқытушыдан білім алу үрдісі. Қашықтықтан оқыту — үйден шықпастан тәулік бойы үздіксіз білім алу мүмкіндігі, оқытудың электронды технологиясын қолданып, жұмыстан қол үзбей, қолайлы уақытта кез келген жерде, жеке режимде білім алуды қамтамасыз етеді. Осы жағдайға ата-ана мен бала да, біз де төселдік. Басында қиындықтар, кедергілер болды. Ата – аналар өз баласын оқыту үшін бар жағдайды жасап бақты. Жұмыс барысын түсініп, баламен бірге оқып отырғанын да байқаймын. Кеште жұмыстан шаршап келіп, үйге берілген бір тапсырманы орындата салып, асығыс үсігіс сөмкесіне сабақ кестесін салдырып қоя салатын ата-ана да ел ішінде баршылық. Сөйте тұра, баланың төмен үлгеріміне көңілі толмайтын. Ал бүгін, бәрі үйде, қолы бос. Баласының жағдайымен толық таныс болу мүмкіндігіне ие болды. Бұл жақсы емес пе? Әр қиындықтың артында бір жақсылық бар деген осы. Менің тәжірибемде кездеспесе де, әріптестерімді орынсыз ренжітіп жатқанын естігенде қынжылатынмын. Бала тәрбиесі — ортақ міндет екені анық. Сондықтан, бұл ауыр жүкті мұғалімнің ғана мойнына арта салмай, бірге көтерейік. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей барлық ата-аналарыма, әріптестеріме алғысым щексіз. Бір біргеміз! Білім беру саласына көптеген сын, пікірлер айтылып жататыны рас. Дегенмен, мұғалім — өзгенің баласын аялап жүрген жандар екенін ұғындырғанына қуанамын. Барға қанағат жасай білген қазағым бұл сынақтан сүрінбей өтері анық.