Тоқтау Арайлым Ғарифуллақызы
Ақшұқыр мектеп-лицейі
География пәні мұғалімі
Елімізде наурыз айынан бастап короновирус дертінің алдын алуға байланысты төтенше жағдай жарияланған кезден бері жалпы білім беретін мектептер мен арнаулы орта білім беретін колледждер және жоғары оқу орындары түгелдей қашықтан оқытуға көшті.
Шынын айтқанда, қашықтан оқыту дегенді естігеніміз болмаса, көпшілігіміздің ол туралы көп біле қоймайтынымыз рас. Дегенмен, тарихқа зер сала қарасақ, оның бастауы өткен ғасырдан тамыр алатынын бағамдауға болады. Ұлыбританияда 1969 жылы ашылған Ашық университеттен әлемнің түкпір-түкпірінде өмір сүретін 200 мыңнан астам жастар қашықтан оқыту бойынша білім алыпты. Қашықтан оқыту қазіргі күні АҚШ пен Батыс елдерінде біршама дамыған деп айтуға болады. Оқытуды айтасыз, АҚШ-тың көптеген алпауыт компаниялары қашықтан жұмыс істетуге көшкеніне біраз жылдар болған. Қазіргі күні АҚШ компанияларында әлемнің әр түкпірінде өмір сүріп жатқан 8 миллиондай адам еңбек етіп, нәпақасын тауып жүр. Оларға интернет арқылы тапсырыс беріледі және біткен жұмысты интернет арқылы қабылдап алады. Бұл біршама арзанға түседі екен.
Төтенше жағдайға байланысты қашықтан оқытуға амалсыз көшкен біздің елімізде бұл салада біраз қиындықтар туындап отырғанын жасыруға болмайды. Ең алдымен, ұстаздарымыздың қашықтан оқытуда тәжірибесінің жоқтығы, оқушылардың оған дайын еместігі, интернет байланысының нашарлығы сияқты мәселелер туындады. Сонымен бірге, кейбір балалардың үйлерінде компьютер жоқ екен. Бірақ та, қандай істе де кедергілер, қиындықтар болмай тұрмайды. Бұндай қиындықтар да уақыт өте келе шешілетіні анық. Ең бастысы, біздің елімізде сапалы білім беруге мүмкіндік жасайтын қашықтан оқыту тәсілі ақырындап болса да ене бастады. Шынын айтқанда, бұның өзі уақыт талабы. Еліміз бойынша 3 миллионнан астам оқушы бар екен. Оларды сапалы біліммен қамтамасыз ету оңай шаруа еместігі түсінікті. Білім және ғылым министрлігінің жанынан арнайы жұмыс тобы құрылып, мамандар жаңа форматтағы білім беру жүйесін дайындады. Бұл маңызды шаруаға мұғалімдермен бірге, «Balapan», «Еларна» сияқты телеарналардың да атсалысуы қуантады. “Balapan” телеарнасының директоры Мақпал Жұмабайдың айтуынша, 6 сәуірден бастап күнделікті эфирдің 6 сағаты 1-11 сынып оқушылары үшін бейнесабаққа арналуда. Қазіргі күні 2 мыңнан астам телесабақ әзірленген.
Қашықтан оқытуда қазіргі заманғы ақпараттық байланыс технологияларының рөлінің зор болатындығы белгілі. Қазіргі күні «WhatsApp» желісін тиімді пайдалануда. Мұғалімдер үй тапсырмаларын оқушылардан бейнеқоңыраулар арқылы сұрауларына да болады. Бұл арада мүмкіндігі біршама жоғары «скаип» сервисін де пайдалануға болар еді. Қалай десек те, қашықтан оқытуға кіріскенімізге бір айдай ғана уақыт өткеніне қарамастан, біршама жайларды үйреніп, меңгере бастағандаймыз. «Көш жүре түзеледі» демекші, алдағы уақытта жаңа заманғы озық тәсілді де толыққанды меңгеріп аларымызға сенім мол.