Маңғыстау облысы
Мұнайлы ауданы
№3 орта мектептің қазақ тілі мен
әдебиеті пәні мұғалімі
Мухаммедова Гүлнар Кадырбаевна
Қазіргі таңда бүкіл әлемді дүр сілкіндірген індетке қарсы әрбір мемлекет тиісті іс-шараларын қабылдап жатыр. «Тәртіпке бағынған құл болмайды» демекші, біздің үкімет те бұл қиындықтың алдын алу шараларын ұсынып, оңтайлы шешу жолдарын қарастыруда. Әрине, еліміздегі төтенше жағдай кезінде барлық адамдарға оқшаулану қажеттілігі туындады. Сондықтан барлық мекемелер жұмысын уақытша тоқтатып, қашықтықтан жұмыс істеуге көшті. Осы орайда, Білім және ғылым министрлігі де төтенше жағдайға байланысты оңтайлы шешімдерін жариялады. Білім жүйесі уақытша қашықтықтан оқытуға көшірілді. Аз уақыттың ішінде төтенше жағдайға байланысты жаңа оқу түріне бейімделіп үлгерген ұстаздар қауымы іркілместен жұмыстарын бастап та кетті.
Мұнайлы ауданындағы «№3 жалпы білім беру орта мектебінің» ұстаздары да жаңа ережелерге сәйкес жұмыстарына кірісті. Ең алдымен оқушыларға білім алу үшін қажетті дүниелердің қолжетімділігіне назар аударылды. Оқушыға қажетті смартфон, ноутбук, компьютермен қамтылғандығы туралы мәлімет жинақталды. Жағдайы төмен отбасыларға уақытша пайдалануға компьютерлер беріліп, бұл мәселе мектеп әкімшілігі тарапынан оң шешімін тапты. Ата-аналарға жан-жақты түсінік жұмыстары жүргізілді. Осылайша өз жұмыстарына қызу кірісіп кеткен ұстаздар күнделікті сабақтарын түрлендіріп, балаларға қызықты етіп өткізудің түрлі амал-тәсілдерін қарастырып жатыр. Қосымша дереккөздерден тиімді пайдалануды меңгерген мұғалімдер оқушыларға бағыт-бағдар беріп, шығармашылық ізденістерін арттыра түсуде. Білім алушылар «Daryn. Оnline», «Bilimland.kz» , «Twig-Bilim.kz» сияқты қосымша білім беру платформаларынан тапсырмаларды орындау үшін пайдаланып отыр. Қашықтықтан оқыту бір жағынан жаңа мүмкіндіктерге жол ашты. Білім жүйесінің жаңа режимге көшуі мұғалімнің де, оқушының да жаңа қырынан танылуына, өздігінен іздене білу қабілетінің артуына ықпал етіп, жаңа технологияның қыр-сырын одан әрі терең меңгеруіне септігін тигізді. Баланың үйінде отырып білім алуы ата-ананың да белсенділігін арттырды. Оқушыларға «Балапан» телеарнасынан берілетін сабақтардың да көмегі көп. Барлық сынып оқушыларына арналған тақырыптар жүйелі түсіндіріледі.
Осы жасалған жұмыстардың барлығы бір ғана мақсат үшін еді, ол – оқушылардың алаңсыз білім алуы. Қандай жағдайда да үздіксіз білім беруді тоқтатпаған ұстаздар бүгінгі күннің жауапкершілігін сезіне отырып, өз кәсібінің нағыз майталман мамандары екенін дәлелдей білді. Қысылтаяң сәтте жұмылған жұдырықтай бірлесіп, бір-бірімізге көмек қолымызды созсақ, алынбайтын қамал жоқ.