Нұр— Сұлтан қаласы
Әлихан Бөкейхан атындағы
№ 76 мектеп – лицейі
Бастауыш сынып мұғалімі
Сабигазина Индира Аргынбековна
Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың Қазақстан Халқына арнаған «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында «…елдің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ететін экономикалық өсудің жаңа моделін құру қажет…» дей келіп, білім саласын цифрландыру білім беруді жаңғыртудың негізгі тетігі ретінде айтқан болатын.
«Цифрлық Қазақстан» Мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру үшін республика мектептерінде педагогтердің ақпараттық-коммуникациялық құзырлылығын қалыптастырып, дамытуға ерекше мән берілді.
Цифрлық қоғам – адамдардың өмір жағдайына, олардың біліміне және жұмысына, сонымен қатар мемлекет, бизнес және қоғам арақатынасына ақпараттық-коммуникациялық технологиялар арқылы шешуші әсер ететін, қоғам өмірінің барлық салаларында білім мен ақпараттық доминантты рөлімен ерекшеленетін өркениет дамуының заманауи кезеңі.
Бүгінде мектептерді цифрлық мектепке айналдыру қажеттілігі туындап отыр. Егер кез келген педагог заманауи жаңа цифрлық технологиялар құралдарының мүмкіндіктерін пайдалана алмаса, онда цифрлық білім беру сапасыз білім беруге айналады. Жаһандану заманында цифрлық қоғам мен білім беруді цифрландыру және электрондық оқыту жүйесін білім беру ұйымдарына енгізу жағдайында педагогтердің қашықтықтан біліктілігін арттыру ең өзекті мәселелердің біріне айналып отыр.
Еліміздегі педагогтердің бүгінгі ақпараттық-коммуникация ағымына қаншалықты деңгейде ілесе алады?
Жалпы, педагогтердің ІТ-саласын жан-жақты меңгеруі үшін кез келген ұстаз кең жолақты Интернет желісіне қосылған ноутбукпен қамтамасыз етілуі қажеттігі туындады. Олардың кәсіби деңгейіне қойылатын талаптардың бірі ретінде ақпараттық-коммуникациялық және технологиялық құзырлылығын қалыптастыру нормативтерін қарастыру көзделген. Аталған үрдістер тәжірибеге енгізілген жағдайда, педагогтың ақпараттық-коммуникациялық құзырлылығын қалыптастыруға толық мүмкіндігі болатындығы дәлелденген.
Интернет технологияларының дамуына сәйкес, электрондық оқыту жүйесінің платформаларымен жұмыс жасауда педагогтардың әлі де болса жұмыс жасау деңгейі қалыпты деуге болады. Электрондық журнал мен электрондық күнделікті толтыру және оқушылардың білімін электронды түрде тексеру – бүгінгі педагогтың күнделікті жұмысына айналуда. Мұндай жағдайда педагогтердің қашықтықтан біліктілігін арттыру ерекше мәнге ие. Мұнда педагогтың коммуникациялық құралдармен жұмыс жасау сауаттылығы негізге алынады. Оның негізгі тетіктерінің бірі ретінде педагогтердің телеарналарға шығу мәдениетін арттыру мәселесі туындайды.
Сапалы білім – қай ғасырда да жоғары құндылықтардың бірі болған. Тек білімді, сауатты адам ғана келешек тізгінін қолына ала алады. Осыны ескере отырып Елбасы Н. Назарбаев өз Жолдауында Қазақстан Республикасының Білім беру жүйесін әрі қарай дамыту, жетілдіру жоспарын құрып, көптеген мақсаттарда көздеп отыр. Олар: инженерлік білім беруді және заманауи техникалық мамандықтар жүйесін дамыту, оқыту әдістемелерін жаңғырту, елімізге қажетті технологиялар трансферті мен оларды қолдану үшін мамандарды оқыту. Бүгінгі ұрпақ білімді болса, ел ертеңі жарқын болмақ.
Қазіргі білім беру жүйесінің мақсаты – бәсекеге қабілетті маман дайындау.
Білім беруде ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолдану оқу жұмысы оқу процесіне нәтижелі білім алуға бейімдейтін, жаңа технологияларды орынды енгізумен тұжырымдалады. Ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың (бұдан әрі – АКТ) дамуы білімді бағалау және пайдалану жүйесін де уақтылы өзгертіп отыруды талап етеді.
Технологиялық білім сыныпта АКТ-ні қолдану жөніндегі білімдерді қамтиды. Мектептегі технологияларға компьютер, ноутбук, интерактивті тақта, интернет, ұялы телефон, сандық бейне, фото аппараттар, планшет, жатады. АКТ басым бағыттары: электрондық оқыту әдісі, мультимедиялық және гипермәтіндік оқыту әдісі, ғаламдық тор арқылы оқыту әдісі және кейінгі кезде белгілі бола бастаған тәсілдер: подкастинг, wiki, youtube, беттеріне шығу.
Оқытуда ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалану қоғамдағы өзгерісті танып білуге және оларды тез қабылдауда мол мүмкіндік береді.
Қорыта айтқанда, ақпараттық коммуникативтік технологияны қолдану ақпарат берудің көптеген арналармен ғана қамтамасыз етіп қоймайды, сонымен қатар әр түрлі орталар бірін-бірі толықтыратын жағдай туғызады.
АКТ-ні сабақта қолдану уақыт тиімділігімен, қажетті ақпаратты аз уақыт аралығында шапшаң таба алуымен, оқушының жаңа тақырыпты есту және көру арқылы қабылдап, тез түсінуімен, сандық-технологияны меңгеру құзіреттілігінің дамуымен ерекшеленеді.
Заман ағымына, уақыт талабына, дамыған елдердің көшіне ілесу үшін біздің елдегі барлық білім беру салалары да бүгінгі ғылымда айналымға қосылып жатқан жаңа цифрландыру жүйесінен қалыспауымыз керек.
Жаңа буын ұрпақты саналы, жан-жақты білімді етіп тәрбиелесек,болашақ алдындағы міндетімізді адал атқарарымыз сөзсіз.
Пайдаланылған әдебиеттер:
- Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтің /Қазақстан халқына Жолдауы/,2014
- Цифрлық технология бойынша педагогтердің біліктілігін арттыру жолдары. С. МҰХАМБЕТЖАНОВА.
- А.М.Авишева. Білім беру үрдісінде ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолдану. zkoipk.kz