Маңғыстау облысы
Мұнайлы ауданы
№2 орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі
Козибагарова Жамила Кашагановна
Елімізде төтенше жағдай жарияланып, оқушылар көктемгі демалысты әдеттегіден ерте бастады. Осы орайда, мектеп мұғалімдері үйде жатып, тегін айлық айлық жатыр деген сияқты әңгімелер бой көрсетті. Шындығында, бұл жағдай мұғалімге бұрынғыдан бірнеше есе жауапкершілік жүктеп, оның міндеттерін арттырмаса кемітпегені жайлы түсіну үшін біраз уақыт керек болды. Күткен төртінші тоқсан басталып, қашықтан оқу – заман талабы екенін түсіндік. Ата-ана мен балаға түсінік жұмыстарын жүргізіп, психологиялық қолдау көрсетіп, әр баланың білім алуына жағдай жасалатыны ескертілді. Бұрын мектеп партасынан алып келген білімді әрі қарай дамытуға қолы тимейтін кейбір ата – аналар да бүгінде үйде отыр. Төтенше жағдай оларға баласының сабағына көңіл бөлу өз міндеті екенін естеріне салғандай ма деп қаласың?
Қашықтан оқуда қолжетімдісі телесабақтар мен wһatsapp екені түсінікті. Телесабақты wһatsapp арқылы жалғастырып отырған мұғалім әр баланың кері байланысына үн қатып, қолдау көрсетіп, оқушының ынтасын арттырып, қызықтыра білді. Осылай қиыншылық күрмеуі бірте — бірте шешіліп, сынып толық сабаққа қатысып, белсенділік танытып, бала түгілі ата-ананың қызығушылығы артты. Бірақ, бұл оңайға түсіп жатқан дүние емес. Қанша адамның жүйкесі тозып, отбасындағы бірнеше бала өз кезегін күтіп, бір смартфонмен жұмыс жасап жатқаны анық. Мұғалім өз баласын ысырып қойып, елдің баласына сабақ түсіндіріп әлек. Күні бойы қолында телефон. Сәл кідірсе, арғы жақтан жағымсыз үндер естіледі… Соның бәрін көтеріп, телефонмен «жолдас» болған бір тоқсан әр мұғалімнің жадында тұрар мәңгі жаңғырып… Ал енді, мұғалімнің қалай жұмыс жасап жатқанын бүкіл ел көріп отыр. Мұғалімнің еңбегін тиісті дәрежеде бағалалай алмай келгеніміз шындыққа айналды. Желіні шулатқан неше түрлі бейнетүсірілімдер толып кетті. Солардың ішінде мұғалімге бас иіп жатқанын көргенде көңіліңіз марқайып, шаршағаныңызды ұмытып, осы қасиетті мамандық иесі болғаныңызға қуанасыз. Дәрігер адам өмірімен күресіп жатса, мұғалім де төтенше жағдайда білім берумен қатар балаға да, ата-анаға да психологиялық тұрғыдан ем жүргізіп жатыр деуге болады. Өйткені, сабыры таусылған, үйден шықпай отырған адаммен күні бойы байланыста болып жұмыс жасау оңай ма? Бір сәт ойланып көріңіз. Төтенше жағдайдағы оқудың жағдайы әлі талай жыр болары анық. Осындай жағдайда жұмыс жасап жатқан әріптестеріме сәттілік тілеп, бас иемін. Халқыма сабырлылық тілеймін. Тезірек алтын ұя мектебіне оралатын күнді сағына күтіп жүрген барлық шәкірттерімізге сыныпта білім беруді біз де сағындық… «Бізбен бірге» болған ата-аналарға алғысым шексіз. Білім саласындағы «сынақтан» сүрінбей өтейік!