Home » Мақалалар » Қашықтықтан оқыту – білім назарында

Қашықтықтан оқыту – білім назарында

Тлеубергенова Лаззат Жолдасовна,
Мұнайлы ауданы, Бесшоқы тұрғын үй массиві,
№ 8 жалпы білім беру орта мектебінің
математика пәнінің мұғалімі

 

Баршамызға мәлім, жаһанда кеңінен етек жайған аты жаман індеттің елімізде таралуының алдын алу мақсатында 2020 жылдың 16 наурызынан бастап төтенше жағдай жарияланып, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жариялаған пандемия кезеңінде барлық санитариялық-эпидемиологиялық сақтық шараларын орындау барша қазақстандықтарға міндеттелген болатын.

Осы орайда, Мұнайлы ауданындағы № 8 жалпы білім беру орта мектебінде де төтенше жағдайға байланысты мектеп әкімшілігінің нұсқауымен каникул кезеңіндегі сақтық шаралары қолға алынды. Сонымен қатар, 6 сәуірден 22 мамырға дейінгі аралықты қамтитын 4 тоқсандағы үздіксіз өскелең ұрпаққа білім беру қашықтықтан оқыту жүйесіне көшіріліп, жоспарлы іс-шаралар ұйымдастырыла бастады.

Бастапқыда «Бұл қалай болмақ? Қайтіп түсіндіреміз? Оқушыға  жаңа тақырыпты жеткілікті деңгейде меңгерте алам ба?» деген сан түрлі сұрақ мұғалімдердің басым көпшілігін мазалағаны анық.

Алайда, арада өткен үш апта уақыттың ішінде мұғалімдер қауымы стандартқа сәйкес сабақтар өтіп, көптеген интернет платформаларын пайдаланып, WhatsApp, Telegram желілері арқылы оқушыларымен кері байланыс  орнатып, оқытудың бұл түріне машықтана бастағаны рас. Сондай-ақ,  “Балапан” және “Ел Арна” телеарналарының бізге уақытында көрсетіп жатқан сабақтары да өте жоғары деңгейде ұйымдастырылып, бұл цифрлық жүйелер оқушыларға өткен сабақтарын, бұрын талқылаған тақырыптарын қайта қарауға, кері байланыс орнатуға мүмкіндік беруде.

Орта буын оқушыларын математика пәнінен қашықтықтан оқыта отырып, бұл алдын-ала туындаған мазасыздану процесі екендігін ұғына бастадық. Себебі, дәстүрлі білім берумен салыстыра келе, оқытудың бұл түрінің  оқушы үшін де, мұғалім үшін де тиімді тұстарының баршылық екенін аңғардық. Себебі, сынып оқушылары арасындағы бетпе-бет оқыту барысында өзін «ұялшақ» сезінетін, «әдемі жаза алмаймын» деп қашқақтайтын оқушылардың әртүрлі мультимедиалық материалдармен жұмыс жасап, тапсырманы, үй жұмысын тиянақты орындап, өзіндік пікірін айтып, белсенділік танытуы бізді таң қалдырмай қоймады. Әрине, «экранның арғы жағында отырған» оқушылардың мұндай жетістікке жетуіне ерекше ықпал етіп, қолдау көрсетіп отырған ата-аналардың да еңбегі зор.

Елімізде енгізілген төтенше жағдайға байланысты, жасалып отырған қашықтықтан оқытудың бәріміз үшін пайдалы екендігіне көзіміз жетті. «Олақтылық белгісі – бір әдісті білу, шеберліктің белгісі – түрлі әдісті білу. …» деп Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, бүгінгі жаһандану кезеңінде жаңашылдыққа жаны құмар ұстаздар әрдайым кез-келген жағдайда білім берудің түрлі әдістерін меңгеріп алуға дайын болуы керек деп ойлаймын.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.