Ақжол Әбибуллаев,
Педагог-сарапшы,
«Құрық орта мектеп-гимназиясы» КММ
Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.
Білім беру жүйесін жан-жақты ақпараттандырып, қашықтан оқытудың алғы шарттары Н.Ә. Назарбаев ұсынған «Қазақстан-2030» стратегиялық бағдарламасында айқын көрсетілген.
Қазіргі таңда бүкіләлемдік пандемия және еліміздегі төтенше жағдайға байланысты, түрлі қызмет орындары мен білім ошақтары қашықтықтан жұмыс жасап жатқаны белгілі. Осы ретте еліміздің білім мекемелерінде жаңа ақпараттық технологияларды қолданып, компьютерлік желілер арқылы жаңа бағыттағы әдістемелерді жүргізу жүзеге асып келеді. Қарақия ауданы «Құрық орта мектеп-гимназиясында» мектеп басшысының тапсырмасымен адамның шығармашылық потенциалын дамыту үшін қажетті жағдайлар жасалып, ұстаздардың қашықтықтан жүйелі жұмыс жасауына мүмкіндіктер жасалды. Одан бөлек аз қамтылған, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға мектеп тарапынан коммуникациялық қолдаулар жасалып, оқушылармен сабақ өту деңгейі тұрақты жүзеге асу үстінде.
Ақпарат жүйелері өркендеп, ғарыштап дамып келе жатқан ХХІ ғасырда өнеркәсіп пен қоғам дамуының, қала берді сауатты болуының басты бағыты білім де екенін ешкім жоққа шығара алмайды. Осыны көксеген Мемлекет басшысы, жауапты салаға қашықтан оқытуды ұйымдастыру үшін барлық қажетті шараларды қабылдауға тапсырма берген болатын. Сонымен қатар оны өзінің ерекше бақылауына алып, жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып қызмет жасап, білім алушылардың қажетті деңгейде сауатты болуына көңіл бөлді. Себебі, жастар — келер күннің, болашақтың азаматтары. Олар озық білім игеріп қана қоймай, болашағымызды баянды ететін саналы ұрпақ болып өсіп жетілуі керек деп білімге айрықша көңіл бөлді.
Оқытудың жаңа технологиясына көшу бастапқы да «қорқыныш» ұялатқанымен санаға салмақ түсіретіндей күрделі емес болып шықты. Оның үстіне тиімді жақтары едәуір көп екені байқалды. «Мұқтаждық — мың өнердің атасы» демекші минустың өзін плюске, жамандықты жақсылыққа, түнектен кейін жарық болатынына сенімі кәміл қазақ үшін, бұл дамудың төте жолы болатынын ұғындырғандай.
Аталған оқыту бағытының тиімділігі оқушымен мобильді тұрғыда тығыз байланыста болып, интернеттің мүмкіндіктерін максималды пайдалана алуымызда. Оқушылар жаңа бағытта оқу кезеңінде өз білімдерін жетілдіре алады және өз-өзін дамыту, ақпарат жүйелерін пайдалану мүмкіндігі артады. Атап айтсақ, таптырмайтын, бірақ өзіне қажетті әдебиеттерін, оқу кітаптарын іздеу арқылы, бақылау немесе тесттік тапсырмаларды орындау кезеңінде оқушының шығармашылық потенциалы дамитыны белгілі.
Бүгінде өзім мұғалім ретінде оқушылармен сабағымыз қызықты өтуі үшін гипермәтіндермен, балаға түсінікті болуы үшін графикалық суреттер арқылы дыбыстармен жұмыс жасаудамыз. Берілген тапсырмаларды тексеру үшін әлеуметтік желілер арқылы конференциялар ұйымдастырып, тиімді бағыттың пайдалы тұсын білдік. Әлі де осы өзгеше бағытта жұмыс жасап, күрделі кезеңдерден мойымай шығамыз деп үміттенемін.
Қорыта келе, ТЖ кезіндегі қашықтан оқыту жүйесі мұғалімдер мен ата-аналар, бала үшін ыңғайлы екенін көрсетті.