Тумабаева Меруерт Далелхановна
Қызылорда облысы
Жаңақорған ауданы
М.Қаратаев атындағы № 51 жалпы орта
мектебінің көркем еңбек пәнінің мұғалімі
Жаһандық бәсекеге қабілеттілікке жету мақсатында белгіленген стратегиялық міндеттер, білім беру іс-әрекетінің приоритеттерін түбегейлі өзгерту мен дағдыларды дамыту ағымына бағыттауды ұйғарады[1].
Халықаралық білім беру кеңістігінде болып жатқан үдерістер педагогикалық процестің түбегейлі өзгеруіне ықпал етті. Бұл өзгерістер білім беру мазмұны, оқытудың әдістері мен оқушылардың ішкі әлеуетін дамытудың жаңа мүмкіндіктерін ашуда. Білім парадигмасының инновациялық тенденциялары әртүрлі факторлардың әсерінен толығуда. Соның бірі эстетика, мәдениет, аксиология сияқты күрделі ғылымдар құрайды. Біз өзіміздің тақырыбымызда көркем еңбек пәні негізінде эстетика дағдысын қалыптастырудың қағидаларына тоқталмақпыз. Ол үшін эстетка ұғымына талдау жасасақ.
Ғалымдардың тұжырымы бойынша, эстетика – қоршаған дүниенің, өнердің сұлулығын баланың көру және сұлулыққа талпыну қабілетін дамыту мақсатымен оның жеке басына ықпал етуге бағытталған, жүйелі үрдіс.
Эстетикалық тәрбиенің мақсаты – баланың бойына эстетикалық құндылықтарды сіңіруді қажетсіну, оған деген қызығушылығын, эстетикалық талғамын дамыту, эстетикалық іскерлік пен дағдысын қалыптастыру. Баланың сезіміне әсер ету – шексіз жұмыс және тәрбие жұмысының күрделі саласы болып табылады. Эстетика деген ұғым күрделі, себебі оның мазмұны ішкі табиғаттың шексіздік гармониясын бейнелейді. Ол эстетикалық дағды, эстетикалық мәдениет, эстетикалық сезім, эстетикалық талғам деген терминдармен ұласады. Айналадағы әсемдікті түсіну арқылы адамдардың бойында рухани құндылық қалыптасады.
Х.Арғынбаев, С.Қалиев, С.Ұзақбаева, К.Оразбекова, А.Бейсенбаева, М.Мырзахметов, А.Тұрбекова, Қ.Сыздықов, т.б. ғалымдар эстетиканың теориялық, әдіснамалық мәселелерін әртүрлі аспектіде қарастырды.
Осы күрделі процесс мектептің тұтас педагогикалық жүйесінде жүзеге асырылады. Мектеп пәндерінің мазмұны оқушылардың эстетикалық талғамын қалыптастыруға бағытталады.
Мектеп бағдарламасындағы негізгі пәндердің бірі — көркем еңбек пәні. Жаңа білім беру мазмұны бойынша бұл кіріктірілген пән. Бейнелеу өнері мен технологияның мазмұндық кешенін құрайды.
Жаңа интегративті білім саласын меңгеру оқушылардың жалпы білім мен дағдыны игеруіне мүмкіндік береді, интеллектуалдық, тұлғалық, этикалық дамуын, өзіндік, кәсіптік айқындалуын, қазіргі әлеуметтік — экономикалық жағдайларға бейімделуін қамтамасыз етеді.
Сәндік қолданбалы қолөнер оқушылардың көркемдік талғамының қалыптасуына ерекше әсер етеді, жас ұрпаққа эстетикалық тәрбие беруге қызмет етіп, оларды халқымыздың материалдық рухани мұраларын терең түсініп, оны бағалай білуге тәрбиелейді[2].
Бағдарламаның мазмұнын талдайтын болсақ, оқушылардың эстетикалық дағдысын дамыту мына тақырыптарды меңгеру арқылы жүзеге асады: сәндік-қолданбалы өнер, дизайн және технология, үй мәдениеті тағам дайындау т.б. Мысалы, сәндік –қолдаңбалы өнер саласын алатын болсақ, оқушыларға әртүрлі өнер бұйымдарын жасау арқылы, олардың өнерге деген сүйіспеншілігі мен эстетикалық дағдысын қалыптастыруға болады.
Мысалы, Ою — өрнек түрлері мен қысқаша тарихы деген тақырыпты талдайтын болсақ, оқушыларға қазақ халқының ұлттық ою-өрнектерін үйрету арқылы ұлттық өнерге деген сүйіспеншілікті қалыптастырады. Топтық жұмыстарды орындау барысында оқушылар қазақ халқының ою-өрнектерін қағазға түсіреді.
Қазақ халқының ұлттық қолөнерінің тарихы ою-өрнектермен тығыз байланысты болып келеді. Ою-өрнек әсемдік пен сәндіктің белгісі ғана емес, халықтың арман-тілегінің нышаны. Тарихқа назар аударатын болсақ, ерте кезде адамдар өздерінің ойларын тасақа, ағашқа қашап түсіріп отырған. Бұл көне өнердің түрі.
Сондықтан да оқушылар ою-өрнекті көркемдеп салудың тәсілдерін үйреніп қана қоймайды, сонымен қатар олардың шығу тарихымен танысады.
Шығармашылық жұмыстарды орындау негізінде қазақтың ұлттық мәдениет элементтерін пайдаланады. Қазақтың ұлттық мәдениеті қолөнері арқылы бізге жеткен.
Қолөнер халық өмірімен, тұрмысымен бірге жетіліп, біте қайнасқан өміршең өнер. Адамзат дамуының қайсысында болмасын, қоғаммен бірге дамыған қолөнер әр дәуірге өзінің өшпес ізін қалдырып, әлеуметтік көркем жағынан дәуір тынысын қалт жібермей әсерін тигізіп отырған. Қолөнер дүниежүзінің барлық халқына тән. Бұл – халық қазынасы, ғасырлар мұрасы. Соған орай әр елдің, әр халықтың тарихи дамуына байланысты қолөнері өзіндік ерекшелігі мен эстетикалық талғамына байланысты қолөнері өзіндік ерекшелігімен халық өміріне өшпес із қалдырып отырған[3]. Қолөнер бұйымдарын оқушыларға жасату әсемдікке, сұлулыққа тәрбиелеуге мүмкіндік береді.
Бұл тақырыптар оқушының өнер, дизайн және технология саласындағы білімдерін кеңейтіп қана қоймайды, дизайн саласындағы эстетикалық талғамдарын шыңдай түседі. Дизайн оқушылардың эстетикалық қиялдарын, кеңістікті болжау табиғатын, жаңа технологияларды визуализациялау мәдениетін, заманауи үлгілерді іздестіру тәжірибесін, интеграциялық ғылымдардың байланысын, заманауи технологиялар мен әдістердің даму тенденциясын зерттеуді алға тартады. Дизайн бөлімінде оқушы әлемдегі жаңалықтармен танысады, Әртүрлі елдердің дизайн саласындағы еңбектерін зерделейді. Мәселен, үй дизайынын алатын болсақ, классика, неоклассика, ардеко, скандинавиялық модельдерді негізге ала отырып, оқушы өзінің эстетикалық қиялын гармониялық үйлесімділікпен байланыстырады.
Қазақстан және әлем халықтарының мәдениетімен танысу арқылы тарихи, ұлттық көзқарастары қалыптасады. Қазақстан және әлем халықтарының суретшілерінің өнер туындылары оқушының эстетикалық мәдениетін, талғамын, сұлулық пен көркемдікке деген сүйіспеншілігін оятады. Ә.Кастеевтің өнер туындыларымен танысу негізінде тарихи мәліметтерден ақпарат алатын болса, ал суретші қолданған бояу түрлері мен құралдарынан суретшінің ішкі эмоциясы, көңіл-күйі сияқты психологиялық процестермен танысады. Себебі, суретшінің салған әрбір бейнесінде оның эмоционалды көңіл-күйі мен шынайы портреті көрініс береді. Табиғат пен адам арасындағы гармониялық сабақтастық, шынайы өмірдің бейнесі, табиғатқа тіл бітіру пейзаждары нағыз эстетикалық талғам болып табылады. Қоршаған ортадағы құбылыстарды суретші көзімен көру маңызды. Сурет салу арқылы оқушының шығармашылық дағдысы қалыптасады. Мысалы, құстың суретін салатын болса, оның бейнесін қиялда елестету керек.
Көркем еңбек пәні оқушының бойында мынандай қасиеттерді қалыптастырады:
- еңбекқорлық;
- ұлтжандылық;
- рухани-адамгершілік;
- іскерлік;
- шыдамдылық;
- ізденімпаздылық т.б.
Жоғарыда аталған еңбек әрекеті арқылы қоғамға қажетті қолөнер бұйымдарының сан алуан түрлерін өз қолдарымен дайындап, оны өмір қажеттілігіне қолдануға мүмкіндік береді, ол біріншіден жеке тұлғаның шығармашылық идеясын, эстетикалық дағдысын дамытады, екіншіден жеке кәсіпкерлікті дамытуға ықпал жасайды.
Көркем еңбек пәні қолдың моторикасын жақсартады. Сонымен қатар психологиялық процестері, атап айтсақ, түйсік, қиял, елестету т.б. дамыйды. Оқушы белгілі бір заттың бейнесін салу үшін, ойша өзі образ жасайды, соны қағаз бетіне түсіреді.
Жаңартылған білім беру негізінде көркем еңбек пәнін оқытудың ерекшеліктері, біріншіден, екі пәннің кіріктіріліп оқытылуымен сипатталады, Интеграциялық пәнді оқушыларға оқыту екі ғылыми ұғымның түсініктерін қалыптастырады. Екіншіден, бұл пәннің жаңа бағытқа, жаңа парадигмаға, жаңа әдістерге құрылуымен байланысты болмақ.
Қорыта айтқанда Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан жолы-2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында: «Біздің болашаққа барар жолымыз қазақстандықтардың әлеуетін ашатын жаңа мүмкіндіктер жасауға байланысты. ХХІ ғасырдағы дамыған ел дегеніміз – белсенді, білімді және денсаулығы мықты азаматтар. Бұл үшін біз не істеуіміз керек? Біріншіден, Ұлттық білім берудің барлық буынының сапасын жақсартуда бізді ауқымды жұмыс күтіп тұр.
Оларға заманауи бағдарламалар мен оқыту әдістемелерін, білікті мамандар ұсыну маңызды»- деп әр жыл сайын сауаттылығы жоғары бәсекеге қабілетті, белсенді, яғни лидерлер қалыптастыру міндетін қойып отырғандығын айтқан болатын [4]. Сондықтан да бұл міндеттер қазіргі мектептің алдына үлкен талаптар жүктейді
Пайдаланған әдебиеттер
- Мұғалімге арналған әдістемелік нұсқау. Әдістемелік құрал. –Астана: 2015. -41 б.
- Көркем еңбек. Білім беру мазмұнын жаңарту аясында бастауыш сыныптарға арналған оқу бағдарламасы. –Астана, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы, 2016. – 58 б.
- Адамқұлов Н.М. Қолөнер бұйымдарын жобалау негіздері. — А., 2007
- Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Қaзaқcтaн xaлқынa Жoлдaуы «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты. — Астана, 2012 //http:akorda.kz