Жайлыбай Жанат Халықұлы
Нұр-Сұлтан қаласы,
Қазақ ұлттық өнер
универитетінің оқытушысы
ХХ ғасырда ғылым мен техниканың дамуы синтездік өнер түрлерінің өмірге келуіне әсер етті. Қандай да бір синтездік өнер түрінің пайда болуы мен дамуы өзге барлық өнер түрлерінің ішкі құрылымын және бір-бірімен ара-қатынасын өзгертуге әкеліп соғады. Әртүрлі өнерлердің бір-біріне көркемдік әсері әрқалай қалыптасады. Солардың ішінде ең маңыздыларының бірі – көркем әдебиетті экрандау барысындағы әдебиет пен киноның ара-қатынасы.
Кино өнерін синтездік өнер түрі деп қарастыратын болсақ, одан көрініс табатын бейнелеу, әдебиет, музыка өнерлерінің тарихы өте тереңде жатқанын ескерген жөн. Сондықтан да, оның өз тілі, көркемдік ерекшелігі, тақырыптық-мазмұндық аумағы, яғни, ішкі және сыртқы болмысы бөгде өнер түрлерімен біте қайнасады.
Кино өнерін синтездік өнер деп қарастыру үшін оның синтездік табиғатының ерекшелігін анықтап алуымыз шарт. Яки, киноның өзге классикалық өнерлермен араласу деңгейіне назар аударуымыз керек.
«Кино тойымсыз жыртқыш секілді. Ол– әдебиетті, кескіндемені, театр мен циркті, эстрада мен музыканы тоқтаусыз жұтып келе жатыр. Жетінші он жылдыққа қадам басқан тарихында әлемдік кинематограф классикалық әдебиетті түгелге жуық экрандады, Інжіл мен Евангелияға ауыз салды, ежелгі грек эпосына да жетті». С.И. Фрейлих: «О различии понятий «синтез искусств» и «синтетическое исскуство» мақаласында: «Оны кескіндіме және мүсінмен – бейнелерді көріністік қабылдау әсері: музыкамен-дыбыстар әлемі арқылы үйлесім мен ритмнің сезілу әсері: әдебиет пен сюжеттік көріністің әлемнің оның барлық тікелей және жанама байланыстармен бере алу мүмкіндігі: театр мен актер өнерінің әсері» деп жазады. Киноның бұл қасиетін француз өнертанушысы Риччотто Канудо «Манифест семи исскуств» (1911) еңбегінде: «…ол кино алты өнердің: сәулет, музыка, кескіндеме, мүсін, поэзия, мен би өнерлерінің бірігуі нәтижесінде туды деп бағамдады».
Синтездік («біріктіруші» мағынасында) ұғымы әртүрлі өнердің түрлеріне емес, олардың әртүрлі, яғни кеңістік және уақыт аймақтарында қатысты қолданылады. Кино табиғатында кеңістік пен уақытта қатар өмір сүруге ұмтылады. Кеңістік пен уақыттың жинағы (синтезі) экран өнерінің негізгі мүддесі». Сонымен, өнер түрлерінің байланысы барысында бір өнер екінші өнер құрамына толықтай өтпек емес, олардың қандай да бір қасиеттері, ерекшеліктері ғана алмасады. «Кино өзінің әрқандай қасиеттерімен театрға да, кескіндемеге де, әдебиетке де, жақын, бірақ, ол біріншісі де, екіншісі де, үшіншісі де емес: кино аталмыш өнерлердің барлық бүтіндігін біріктіреді және олардың айырмашылықтарын да анық көрсетеді. Бірақ кино олардың ешқайсысының орнын баса алмақ емес, тек солардың қарама-қарасы сапаларын, байланыстырады. Әңгіме синтездік өнер түріне қатысты өрбітуде, ол әмбебап өнер түрі ретінде қарастырылмайды».
Бұл тұрғыда кино өнерінің жасалу табиғатына өзге өнерлердің кеңістік және уақыттық шекарада орналасу ерекшеліктері тікелей әсер етеді.
Әр өнер түрінің идеяларын беріп, тақырыптарын ашуға қолданылатын өздеріне тән көркемдік құралдары мен материалдары бар, сол өнердің жеке тілін анықтайды. Әдебиеттің негізгі материалы сөз, яғни оның барлық, көркемдік бейнелері сөздерінің уақыт шеңберінде қиюласа орналасуы деңгейінде ашылады, ал бейнелеу өнерінде оқиға кеңістік көлемінде беріледі. Кино өнерінде осы екі шекараны да қамтуға мүмкіндік бар. Әдеби шығармадан экрандау барысында кино өнері оқиғаны әдеби шығарма тіліне сәйкес баламасын тауып, өз материалдарымен беруі шарт.
Дегенмен, кино пайда болып, қалыптасқан уақыты өзге өнер түрлерімен салыстырғанда үлкен айырмашылыққа ие. Өзге өнер түрлері секілді ол да «таза тілін» айшықтап, айқындап алуға тырысады. Бұл тіл әдебиеттен де, театрдан да, басқа өнер түрлерінен де азат болуға тырысады. Өйткені, сан ғасырлық тарихы бар өнер түрлерінің өздерінде араласу, бір-бірімен қосылу, толысу процестерді үздіксіз жүріп жатыр, тіпті сол жас өнер — киноның өзінен де алған тұстары бар. Сондықтан, кино да өзге өнер түрлері секілді өзгелерімен тығыз қарым-қатынаста болады. Бұл жерде оның әдеби шығармамен байланысы ерекше. Әдебиетпен сабақтастығы, фильмнің құрамдас бөлігінің бірімен, яғни сценариймен үндесуінде. Бұл жайында қазақтың алғашқы кинотанушысы Қабыш Сиранов былай дейді: «Әдебиетсіз киноның күні жоқ екені ресми түрде танылғанымен, мұны қайталап, үлкен проблемаға айналдырып жүрген өнер зерттеушілері бүгін де жоқ емес. Мұндай пікірлер кино өнеріне қырсығын да тигізіп келеді. Соңғы жылдары нашар фильмдердің қаптап кетуіндегі басты себеп – сценарийді әдеби туынды, болашақ фильмнің сәтті болуының негізі деп танымаушылық, демек, оған талапты мүлде төмендетіп жіберушілік».
Әдеби көркем шығарманы экрандау үрдісі, кино өнерінің пайда болған жылдарынан бастап өндіріске енді. Кинематография өнер ретінде қалыптасқан күннен бастап, киноның негізі болып табылатын сюжеттің жетіспеушілігіне байланысты, әдеби көркем шығармалардағы оқиға желісіне жүгінуге тура келді. Кинодағы бейнелердің көпшілігі әдебиеттен бастау алатынын ескерер болсақ, әдебиетті экрандау тарихының да тереңде жатқанын аңғаруға болады.
Тұңғыш рет Д.Дефон мен Дж.Свифттың «Робинзон Крузо» және «Гулливер» атты туындыларын француз режиссері Ж. Мельес экрандады. Аталмыш фильмдер дыбыссыз болуына орай, бұл кинотуындылар тек әрекетке құрылған. Кейіннен кинода дыбыс пайда болған жылдан-ақ, У. Шекспирдің «Гамлет» шығармасы экрандалып, кейіпкерлер оқиғаны әрекет арқылы ғана емес, диалогпен өрбітті.
«Кинематография мен әдебиеттің қатынасы айтарлықтай күрделі және көпқырлы болып келеді. Атақты шығармалардың сюжеттерінен алынған иллюстрация, «тірі картина» секілді алғашқы кезеңдерімен жинақтала отырып, экранизация ары қарай әдебиетті терең байымдай отырып, көркемдік еркіндікке ие болады. Бір жағынан кино фольклор, тарих немесе заманауи хрониканың бейнелерін әдебиеттегі бейнелермен бірдей пайдалануға құқық береді» .
Қазақ киносында экранизациялаудың түрлері
- Ауыз әдебиеті : Жыр-дастан / Ертегі
- Жазба әдебиеті: Роман / Повесть / Әңгіме / Поэма / Өлең
Әдебиет пен кино өнерінің өзара әсерін анықтау үшін алдымен олардың байланысар тұсы әдеби туындыны экрандау үрдісінің табиғатын ашып алу керек. Бұл тұрғыда, алдымен, жұмыс мақсаты мен міндетінде көрсетілгендей, көркем әдебиетті экрандауға қатысты сұрақтарға жауап табу үшін қазақ әдебиетінің классигі Мұхтар Әуезовтың «Әдебиет және кино» мақаласына назар аударамыз. «…кино өнер – әдебиеті күштірек дамыған республикада сәтті дамиды. Біздіңше, бұл анықтама киноға да, әдебиетке де қатысы жоқ, бастысы бұл қате пікір. Кино әдебиеттің үздік бейнелерін, оның шартсыз құндылықтарын байқап көруі жақсы, бірақ кино өнері әдебиеттің алғышарттарынсыз әдебиеттік жанрларға параллель, бірақ киноның өзіндік шығарылымдарын жасағаны жақсы әрі заңды. Ол кинопоэма, киноновелла, киноопера және киноэпос жасай алады». Әйтсе де, қазақ кино зерттеушілері К. Айнағұлова мен К.Әлімбаева қазақ кино өнерінің дамуына әдебиет пен театрдың үлесі болғанын баса айтады.
20-шы ғасырдың 30-шы жылдары қазақ өнерінің гүлденген уақыты болды. Бұл кезде жас болғанына қарамастан қазақ ұлттық театры ізденістер мен жаңашылдыққа ұмтылып, көркемдігімен ерекшеленді. Жазушы-драматургтер Б.Майлин, М.Әуезов, І.Жансүгіров, С. Сейфуллин, Ғ. Мүсірепов, А.Тоқмағамбетов, Ш. Құсайнов, С.Мұқановтың қайталанбас пьесалары сахналанып, қазақ театр өнері айтарлықтай кәсіби деңгейге көтерілді. «Олармен қатар қазақ актерларының бейнесі ұлттық эпостық шығармалар мен аңыздардан, Абайдың шығармаларынан алынған көркемдік және халықтық эстетикалық идеалға толы болды». Атап айтар болсақ сол уақытта қазақ өнерінің майталманы Шәкен Айманов актер және режиссер ретінде театр мен кино арасын жалғаған көпірі болды. Ал, көп ұзамай М. Әуезовтың шығармаларының желісімен және Ш. Аймановтың актерлық қатысуымен алғашқы қазақ киноленталар жарық көре бастады. «Райхан» (1940), «Абай әндері» (1945) туындылары қазақ кино тарихында тұңғыш жауһарлар ретінде сақталып қалды. Сондай-ақ Ғ. Мүсіреповтың «Қозы-Көрпеш – Баян сұлу» пьесасының экранизациялық туындысы «Махаббат жайлы дастан» (1954) және ұлттық фольклорлық материал «Алдар Көсе» (1964) фильмдері Ш.Аймановтың режиссерлық қызметіндегі сәтті туындылар болып шықты. Ол барлық туындыларында елдің тарихы мен дәстүрін, отан, ұрпақтар жалғастығы секілді ұғымдар мен туған жерге деген сүйіспеншілікті барынша ашық көрсетуге тырысты. Шын мәнінде Ш. Аймановтың театрдан кино саласына өтуі қазақ кино тарихында елеулі сәт болды. Өйткені, ол кезде қазақ киносы жаңа көзқарастар мен жаңа бейнелер, идеялар мен ойларға ізденіс үстінде болған еді. «Бұл кейіпкердің өзіндік дүниетанымымен қорытындыланған прогрессивті кәсіби шешімге ерекше мазмұндық талпынысты көрсету».
Қазақ киносының қалыптасып, даму тарихында әдеби шығармаларды экранизациялау тақырыбында жазушы Мұхтар Әуезовтың үлесі мол. Олай дейтін себебіміз, жазушының шығармашылығы кинематография мен әдебиеттің арасын жалғаған көпір ретінде ұлттық кино тарихында маңызды орын алады. Қазақ кинотану ғылымының өкілі Гүлжан Наурызбекова «Әуезов және кино» атты зерттеу кітабында: «Экрандық шығарманың тұңғыш үлгісін жасаған жазушы Мұхтар Әуезов Қазақстан киносында кинодраматургия саласының дамуына жол салып берді» деп жазады. «Райхан» (1940ж.), «Абай әндері» (1945 ж.), «Шыңдағы шынар» (1966 ж.), «Қараш-Қараш» (1969 ж.), «Көксерек» (1973 ж.), «Қаралы сұлу» (1982 ж.), «Абай» (1995 ж.) фильмдері Әуезовтың шығармалары негізінде түсіріліп, қазақ ұлттық киносының әдебиетпен тығыз байланысты әсерін көрсетті. Қазақтың ұлы ақыны Абайдың бейнесін экранда сомдауда екі рет қайталанған тәжірибеде («Абай әндері» (1945 ж.), «Абай» (1995 ж.) биографиялық тақырыпты екі түрлі көзқараспен, екі түрлі тәсілмен жасалған картиналар болып есептеледі.
Мұхтар Әуезов шығармашылығының ең биік шыңы – ол қазақтың бас ақыны Абай Құнанбаевтың өмірі мен әдеби мұрасы туралы ғылыми зерттеулері мен көркем туындылары болып табылады. Оның ішінде ең ірісі ақынның образын кең көлемде ашқан «Абай жолы» тарихи романы болатын. Романның төртінші кітабына негіз болған «Абай әндері» фильмінің сюжетінде ақынның бейнесі қоршаған ортасы арқылы, атап айтқанда оның отбасы, шәкірттері арқылы беріледі. Фильмдегі жас ғашықтар Айдар мен Ажардың төңірегінде өрбіген даулы оқиғаға Абай араласуға мәжбүр болады. «Осылай басталған кейіпкер сипатын ашу мүмкіндіктері бірте-бірте күрделеніп, даудың салмағы ел аралық, рулық тартысқа ұласады, тағы да Абай сынаққа түседі. Міне, осындай ортада ақынның барлық адами қасиеті, оның кемеңгерлігі экраннан табиғи, нанымды, әрі тартымды болып шығады». Фильм соңында Абайдың бейнесі топтан дараланып, ерекше көрінеді. Оның дара тұлғасы мен кең дала бір-бірімен астасып, метафоралық сипат алады. Кейіпкердің ішкі күйзелісі табиғатпен үндестік тауып, махаббатты, бостандықты жырлаған ақын даусы кең даладға ән болып тарайды.
Бұл фильм жайлы: «Жалпы қазақ киносы тарихында дербес кино өндірісіміздің көркемсуретті жанрын бастаушы «Абай әндері» фильмінің маңызы ерекше. Біріншіден, бұл фильм – қазақ киносына биографиялық жанр әкелді. Екіншіден, Мұхтар Әуезов өз естеліктерінде айтып кеткендей «Абай әндері» фильмінің сценарийі жазушы шығармашылығының Абай өмірін терең зерттей бастаған тұсына сәйкес келді де, сол материалдардың жинақталған бір бөлігі «Абай әндері» сценарийіне негіз болады» — деп кинотанушы Г.Наурызбекова ғылыми тұжырым жасайды.