2024 жылдың 23 қазанында Республика күніне орай қаладағы № 152 мектеп- гимназияда мерекелік іс –шара ұйымдастырылды. Бұл іс-шараның мақсаты- оқушыларға Қазақстанның тәуелсіздік тарихын тереңірек таныстырып, егемендіктің құндылығын түсіндіру және жас ұрпақтың бойында патриоттық сезімді тәрбиелеу.
Іс-шара мектептің мәжіліс залында мемлекеттік Әнұранмен басталды. Салтанатты шараға мектеп әкімшілігі мен ұстаздар және оқушылар қатысты. Көрермендер Қазақстан Республикасының туына құрмет көрсетіп, мерекенің ресми бөліміне қатысып, тәулсіздікке деген құрметін білдірді.
Іс-шараның алғашқы бөлігінде бастауыш сынып оқушылары Отан туралы өлеңдерді нақышына келтіріп оқыды. «Қазақстан-атамекен», «Мен оның түнін сүйем, күнін сүйем», «Республикам бақытым» сияқты өлең жолдары арқылы оқушылар туған жерге деген махаббат пен тәуелсіздікке жету жолындағы халықтың ерлігін жырға қосты. Сонымен қатар оқушылар «Туған ел» атты патриоттық әнді орындады. Оқушылардың жасына қарамастан , әндері шынайы ықыласпен орындауы залдағы тыңдармандарды тебірентті.
Мерекелік іс-шара аясында бастауыш сынып оқушылары «Алаш партиясы» атты тарихи қойылым көрсетті. Бұл көріністе Қазақстанның егемендікке жету жолындағы күресін, ұлттық сана мен мемлекеттілікке деген ұмтылысын суреттеді. Оқушылар тарихи кейіпкерлердің рөлін сомдап, еліміздің тәуелсіздік тарихын ерекше әсерлі жеткізе білді.
Көрермендер халық әндерін тыңдап, билерді, көріністерді көңілді атмосферада тамашалады. Әсіресе, 3- сынып оқушысы Уалиолла Айша жетіген аспабында «Аққу» күйін орындап, жиналған қауымды таңғалдырды. Ол аспаптың әр шегін шертпе әдісімен тартып, әуеннің нәзік, терең үнін жеткізе білді.
Іс-шараның ең әсерлі сәттерінің бірі – мектеп ұстаздарының орындауындағы әйгілі «Көк тудың желбірегені» әні болды. Ұстаздар ұжымы осы әнді таңдау арқылы елдің тәуелсіздік рәміздері мен ұлттық мақтанышымыздың бір белгісі саналатын көк тудың маңызын ерекше атап өтті. Сахнаға шыққан ұстаздар шынайы ықылас пен көтеріңкі көңіл-күймен орындағанда, залдағы көрермендер ерекше сезімге бөленді.
Іс – шараның қорытынды бөлімінде мектеп әкімшілігі барлық белсенді оқушыларға алғыс білдірді. Республика күні тек тарихи мереке ғана емес, сондай-ақ елдің болашағы үшін маңызды күн екенін атап өтті. Көрермендер ерекше көңіл-күймен осы тарихи күнді атап өтіп, тәуелсіздіктің құндылығын тағы бір рет сезінді. Республика күніне арналған мерекелік іс-шара ұлттың рухын көтеріп, әрбір оқушының жүрегінде Отанға деген сүйіспеншілік сезімін ұялатты.
Бастауыш сынып мұғалімдері:
АкпановаТ.Е
Сансызбаева Ш.М.