Home » Мақалалар » Ұлық мереке дәріптелді

Ұлық мереке дәріптелді

Ел өміріндегі аса маңызды ұлттық мерекелердің бірі Республика күні екені белгілі. Осы айтулы мерекені №156 жалпы білім беретін мектептің ұжымы бір кісідей жұмыла, зор махаббатпен қарсы алды.
     
Темірғалиева Манар Бидахметқызы басқарып отырған білім ордасы Республика күні қарсаңында “Біртұтас тәрбие” бағдарламасы аясында тағылымға толы бірқатар шараларды жүзеге асырды. Салтанатты шаралардың алау өрті таңғы сапқа тұру кезінен басталды. “Менің Отаным-Қазақстан” тақырыбында көркем сөз оқу, патриоттық диктанттар, эссе жазу, сурет салу, қолданбалы өнер және спорттық сайыстар жоғары деңгейде ұйымдастырылып, жеңімпаздар мадақтама, дипломдармен марапатталды.

Елін, жерін сүюге бағытталған, патриоттыққа тәрбиелеу мақсатында жүзеге асырылған шараларда 9-сынып оқушылары флешмоб билеп, хормен «Атамекен» әнін шырқап, Сарсеналы Ақмарал «Жез киік» биін билесе, өнерпаз оқушы Уразымбетов Жандос «Ертұран» күйін күмбірлетті. Оқушылар ата салты жыршылық дәстүрді жалғастырып келе жатқандарын айғақтап, отты өлеңдерді бабына келтіре жатқа оқыды. Мерекелік шаралар өзара жалғасын тауып, тарих пәнінің мұғалімдері «Менің Отаным – Қазақстан» атты кешті жоғары деңгейде ұйымдастырып, назарға ұсынды. 9-сынып оқушылары Ережепов Ералы мен Махмутов Дилдар «Алаш аманаты» күйін ойнады. Күйдің соңын ала мектебіміздің мақтанышына айналып отырған «Ақнұр» би тобы өнер көрсетті. 6-сынып оқушысы Батырбек Мамыр жырдан шашу шашып, патриоттық өлеңдерді нақышына келтіре жатқа оқыды. 8-сынып оқушылары «Туған жер» әнін хормен орындады. Ал ары қарай 10-сынып жетекшілерінің бірлесе ұйымдастыруымен сазды сағат берілді. 10-сынып оқушысы Файзуллина Томирис мың бұрала ұйғыр биін биледі. Атамекен тақырыбындағы жалынды жырлар оқылды, асқақ рух сыйлайтын патриоттық әндер шырқалды. Қазақ дәстүрімен ақ дастархан жайылып, дәм ауыз тигізу салты орындалды. Сонымен қатар, үлкен буыннан ақыл-өнеге сұрау дәстүрі де ұмыт қалмады. 10-сынып оқушылары сынып жетекшілерінің бас болуымен зейнетке шыққан қарт ұстаздар Абиштаева Қуанышкүл Хайдаровна мен Биғашева Жолдықыз Баймырзақызын арнайы құрметтеп шақырып, терең тағылымдарына кезекті рет сусындады. Зейнеткер ұстаздар егемендіктің құны мен қадірі туралы ғибратты әңгіме қозғады. Білім ошағы күні бойы ұлттық киімде аса салтанатты көрінген, өнер-білімді маздатқан, отаншыл шәкірттердің ән мен күйіне, жыры мен сырына бөгіп тұрды.
Алғашқы әскери-технологиялық дайындық мұғалімі мылтықты шашып, жинау өнерін сапалы меңгерген 7-сынып оқушыларының өнерін де тамашалатты.
Сонымен қатар мектеп оқушылары мен ұстаздар ұлттық киімдермен салтанатты түрде Қазақстан Республикасының мемлекеттік әнұранын нақышына келтіріп орындады.

Алматы қаласы Алатау ауданы
№156 жалпы білім беретін мектептің
директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары
Нурлыхан Базарбаева

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.