(эссе)
«Сен де бір кірпіш дүниеге
Кетігін тапта бар, қалан!» -деп Абай атамыз айтқандай, әр адам өмірден өз орнын табуы тиіс. Ал өмірден өз орнын табуы — оның арманының орындалуы, ол үшін маңызды нәрсеге қол жеткізуі. Сол маңызды нәрселердің қатарына мен жақсы маман иесі болуды жатқызар едім. Адам өзінің қалауымен бір мамандық таңдап, сол мамандық иесі болуы керек. Олай болса, мамандық таңдау — өміріміздің ең маңызды кезеңі. „Кірпішіміздің„ дұрыс қалануының кепілі. Өмірде екі нәрсені таңдауда қателеспеу керек. Жар таңдауда және мамандық таңдауда. Себебі адамның ары қарайғы өмірінің мәнді болуы тікелей осыған байланысты. Мамандық – бұл әрбір адамның сүйіп, әрі қуана жасайтын ісі, оның ертеңгі болашағы. Әр адам өз мамандығын сүйсе ғана, ерекше ұмтылыспен жұмыс істейтіні анық.
Әр мамандықтың өз ерекшеліктері бар. Ізгі мамандықтардың бірі – мұғалімдік дер едім. Ұстаз баланы оқытып-тәрбиелеп, елін көркейтер азамат болуына үлкен септігін тигізеді. „Бір әріп үйреткен ұстазыңа қырық жыл сәлем бер„ деген сөзден-ақ ұстаздық мамандығының оңай емес екенін, үлкен жауапкершілікті талап ететін мамандық екенін аңғарасың. Әрине әр мамандықтың өз қиындықтары мен қызықтары баршылық. Бірақ, мен өз мамандығымды мақтан етемін. “Халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін нәрсе — білім» деп М.О.Әуезов атамыз айтқандай, жас ұрпақтың сүйенері тек қана білім болмақ.” Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады„ дегендей, білімді ұрпақтарды тәрбиелеп шығатын маман иесі, ол — мұғалім. Менің мамандығым —ағылшын тілі пәнінің мұғалімі.
Әлі күнге есімде алғаш өткізілген ағылшын тілі сабағы. Ол университет қабырғасында жүріп, іс- тәжірибе кезінде болатын. Алматы қаласы, «Дарынды балалар мектебі» 7- ші сынып оқушылары. Оқушылардың жаңа мұғалімге деген көзқарасы, алғашқы сабақ жоспары, көрнекіліктер, ашық сабақтар, әр оқушымен жүргізілген жеке жұмыстар. Алғашқы жоспарым қолымда дірілдеп, екі көзім оқушыларда, жүрегімдегі қорқыныш, бірақ, оқушылардың жылы жүзі, сабаққа деген ынта мен сенімі менім бойымдағы жігер қайратымды күштеп, сабақты таңғажайып бір ертегіге айналдырғандай болды. Осындай қорқыныш пен үрейлене кірген бірінші сабағым, яғни ұстаздық сабағы басталды.
Мен ағылшын тілі мұғалімімін. Менім алдымда екі жол саласы болатын, бірі аудармашы мамандығы болса, енді бірі ағылшын тілі мұғалімі. Мен өз таңдауымды дұрыс жасағаныма сенімдімін.Үнемі ізденіс үстінде жүріп, сабақты әсерлі де қызықты ету, балаларға білім нәрін сусындау менім алға қойған мақсатым.
Олай болса, оқушыны ағылшын пәніне қызығушылығын тудырып дамытуды және жемістің нәтижесін көруді мақсат тұтқан әрбір мұғалім жолдауға жедел үн қосу керек деп білемін. Шетел тілін үйрету қиын да, қызықты жұмыс. Қазіргі кезде ұстаздарға қойылып отырған талап жаңа технологиялық әдістерді қолдана отырып, сапалы терең білім беру, оқушылардың ойлау, есте сақтау көру қабілеттерін жетілдіру. Мектептерде жаңа технологиялар арқылы оқыту ағылшын тілін үйренудің сапасы мен маңызын арттырады. Ағылшын тілін оқыту процесінде тілді дұрыс үйрету, ауызша сөйлеу, сауатты жазу, мәнерлеп оқыту өте маңызды. Қазіргі кезеңде мектептерде ағылшын тілін оқыту дұрыс жолға қойылған. Оқушылардың ағылшын тілін біліп ғана қоймай, оның тарихын, ұлттық мәдениетін білуге көп көңіл бөлінеді. Ағылшын тілін оқытудағы білімділік мақсаты — шетел тілінде сөйлеуді үйрету, байланыста бола алу мен ортақ тіл табысып, қарым — қатынасты нығайтуға ұмтылу болса, тәрбиелік мақсаты — өзге адамдарды тыңдау мәдениетін қалыптастыру негізінде өз пікірін айта алу және қорғауға үйрету.
Елбасымыз Н.Назарбаевтың «Болашақта өркениетті дамыған елдердің қатарына ену үшін заман талабына сай білім қажет» деген сөздеріне ой жүгіртсек, мұғалім мамандығындағы менің парызым алдыма білім алуға келген әр баланың қолынан жетектеп өмір жолының дұрыс бағытына салу, елімізді әлемге танытатын, ата дәстүрді құрметтеген, ең бастысы Отанын сүйетін азаматты тәрбиелеу, осы жолда еңбектену, іздену, мақсатқа жету…
Ал, көздеген мақсатқа жету менің қолымнан келеріне сенемін.
Айтбагамбетова Салтанат Досанқызы
Жаңа Ғасыр №175 гимназиясы
Ағылшын тілі пәні мұғалімі