Home » Баяндамалар »     Әл-Фараби қазақ әдебиеті көкжиегінде..

    Әл-Фараби қазақ әдебиеті көкжиегінде..


Нугманова Гаухар Нурлыгайновна
Атырау облысы  Құрманғазы ауданы
М.Әуезов атындағы жалпы орта мектебі
қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі

          Адамзат қоғамының бір бөлшегі ретінде жасап келе жатқан қазақ мәдениеті шығыстық өркениеттің құрамдас бір бөлігі десек, қазақ жерінен шыққан ұлылар шығыстық ілім алып, білім сырына қаныққанын жақсы білеміз. Рухани байланыстың осы елдермен толассыз жүргенінің кепілі – Әбу Насыр әл-Фараби, Исмаил әл-Жауһари әл-Фараби, Ахмет Иассауи, Махмұд Қашқари сынды данышпандардың еңбектері мен зерттеулері.
Қазақ және араб әдеби байланыстарының түп төркіні орта ғасырда қазіргі қазақ топырағында туып-өсіп, араб жерінде ғылым нәріне сусындаған, сөйтіп ислам мәдениетінің, араб әдебиетінің классикалық деңгейге жетуіне үлкен үлес қосқан данышпандардың ғылыми еңбектерінде жатыр деп айтуға болады. Себебі жүздеген ғұламалар өздерінің ғылыми еңбектерін, философиялық пайымдауларын араб тілінде жазғаны белгілі. Олардың араб тілінің грамматикасы мен әдебиеті жайында жазып қалдырған теориялық ой-пікірлері күні бүгінге дейін құндылығын жоғалтпаған. Ал, қазақ жеріне ислам дінімен бірге келген араб жазуы, араб тілі мен әдебиеті, сол арқылы енген араб классикалық әдебиетінің үлгілерінің ауызша таралуы – қазақ әдебиетінің көкжиегінің кеңеюіне ықпал етті.
Рухани байланыстың нақты көрінісінің бірі, әрі негізгісі – әдеби байланыстар. Бай қазақ әдебиеті шығыстық көркем сөз өнеріндегі жақсылық нышанның қай-қайсысын да жатсынбаған, бойына сіңіре білген. Мұның өзі қазақ әдебиетінің әлемдік өркениетке құлаш ұруының, әлемдік әдебиетпен сусындауының және өзгелерге танылуының көрінісі ретінде бағаланады.
Осындай дүниелердің негізінде әдеби байланыстың рөлі ерекше көрінеді. Есімі дүние жүзіне мәлім болып, ғылыми және мәдени мұралары ғасырлар бойы ардақталып, ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып келе жатқан қазақ даласының асыл перзенттерінің ең жарық жұлдызы – әл-Фараби. Х ғасырдан бастап қазіргі таңға дейінгі мың жылдан астам уақыттың ішінде ұлы бабамыздың еңбектері әлем ғалымдарының сусындар кәусәр бұлағына айналды. Ұлы ғұламадан қалған мирас ғылымның түрлі саласын қамтиды, әрі өте құндылығымен ерекшеленеді. Оның философия, социология, логика, эстетика, этика және басқа да жаратылыстану мен гуманитарлық ғылым салалары бойынша айтқан теориялық тұжырымдары Дүние жүзі халықтарының қоғамдық-философиялық ойларына ықпал етті деп айтуға болады.
«Ғылыми мұра қалдырмаған ғалым найзағай ойнатып, күркіреп тұрып, жаумай өткен бұлтпен тең», – деген араб халқының дана мақалы бар. Осындай қанатты ойды ту қып ұстаған Әл-Фараби ғылым мен өнердің барлық саласына өлшеусіз үлес қосып, артында өшпес ғылыми жазбаларын қалдырады. Аты әлемге мәшһүр Әбу Насырдың еңбектерінен нәр алмаған, сусындамаған ғалым жоқ деп айтуға болады. Оның есімі дүниежүзі мәдениеті мен ғылымының тарихынан берік орын алады. Дүниежүзі ғалымдары әл-Фарабиді Шығыстың Аристотелі деп атағаны баршаға аян. Артында қалған ғылыми мұрасы өте мол. Әдебиет әлемін сөз еткенде, ұлы ойшылдың қаламынан екі жүзге жуық трактаттар дүниеге келген. Оның қаламына арқау болған ғылым салалары: философия мен логика, математика мен физика, астрономия мен ботаника, тіл мен әдебиет, медицина мен музыка. Осы еңбектерінің ішінде философия мен әлеуметтану, этика мен эстетика мәселелері ерекше орын алады деп айтуға болады.
Әл-Фарабидің әдебиеттану саласына қатысты трактаттары жайлы ой өрбітер болсақ, фарабитанушы ғалымдардың зерттеулерін зерделей отырып, оның үлкен әдебиетші, ақын болғандығын бағамдаймыз. Үлкен әдебиетші ғалым Н.Келімбетовтің «Әбу Насыр әл-Фараби әдебиет теориясымен де жан-жақты шұғылданған ғалым. Әдебиет теориясы бойынша бірқатар келелі еңбектер жазғанын ғалым шығармаларының сақталып қалған тізімдерінен білеміз», – деген сөздері ойымызды нақтылай түсері хақ [9,117].
Аристотельден кейінгі екінші ұстаз атанған ғалым өзінің әдебиетке қатысты негізгі теориялық ой-пікірлерін: «Риторика», «Поэзия өнерінің каноны туралы трактат», «Поэзия өнері туралы», «Ғылымдарды классификациялау туралы трактат», «Өлең және ұйқас туралы сөз» және т.б. еңбектерінде саралайды.
Әл-Фараби бабамыздың поэзиядағы талаптары Абай атамыздың өлең сөзі туралы:
Тілге жеңіл жүрекке жылы тиер,
Теп тегіс жұмыр келсін айналасы, – деп өлең жазам деген ақындарға өлеңнің құрылысын, ұйқасын, өлшемін тыңдаушының жүрегіне жол табатындай етіп жазу керектігін айтқан ойларымен сабақтасып жатқандай.
Әл-Фарабидің әдеби мұрасын зерттеушілер оның «Поэзия өнерінің каноны туралы трактатында» поэзия жанры туралы ой-пікірлерін өрбіте келіп, осы өнер саласында жүрген ақындар мен олардың дарындылықтарының ара жігін айыратынына көңіл аударады.
Ұлы бабамыздың поэзия өнері жайында жазған теориялық ой-пікірлерін сол замандағы мықты ғалымдар жоғары бағалаған және «ақындар падишасы» деп ардақ тұтқан. Бұл турасында көрнекті ғалым А.Көбесов мынадай мәліметтерді келтіреді: «Сайф ад-Даула сарайында өмір сүрген арабтың сері, әрі жауынгер ақыны Әбу Фирас (932-968) Фарабиге мынадай баға береді: «Поэзия – дөңгеленген алтын түйе, оның басы – Әбу Насыр Мұхаммедке, өркеші – Әбу Нуасқа, иығы – Омар ибн Рабияға, кеудесі – Әбу Таммамға тиді, қалғаны – ішек-қарын – оны екеуміз (сарайдың жарамазаншы жыршысы екеуі) бөлісіп отырмыз». Осы келтірілген деректегі аты аталған адамдар өз замандастарынан озып туған, ақындық өнердің майталмандары саналатын араб халқының бірегей тұлғалары. Демек, Шығыстың аты шулы марғасақаларының басы болған кемеңгер бабамызды әлемде теңдесі жоқ ғұлама деп санауға толық негіз бар.
Фарабитанушы ғалымдардың зерттеулеріне қарағанда Әбу Насыр үлкен ақын болған. Мәселен, үлкен әдебиетші-ғалым Н.Келімбетов ол жайында:
«Әбу Насыр әл-Фараби – өз дәуірінің көрнекті ақындарының бірі дей отырып, Ибн Аби Усайба, Ибн Халликан секілді араб тарихшыларының жазып қалдырған мәліметтерін басшылыққа алады да солардың жазбаларынан әл-Фарабидің өлеңдерін жолма-жол аударып береді» /9,123/.
Белгілі фарабитанушы А.Көбесов мынадай дәйекті келтіреді: «Совет ғалымы Е.Э.Бертельстің парсы-тәжік поэзиясы тарихына арналған еңбегінде, түрік зерттеушілері Ахмет Атеш, Хафиз Данышпан еңбектерінде Фарабидің шайырлығы, әдеби мұрасы туралы көп жаңалықтар келтіреді. Бұлар және басқа оқымыстылар Фарабидің араб, парсы, түрік т.б. тілдерде әртүрлі жанрда жыр жазғандығын растайды, үзінділер келтіреді» /10,106/. Бұл зерттеушілердің қай-қайсысы болсын, 1979 жылы қазақ тілінде тұңғыш рет Аян Нысаналиннің «Трактат және өлеңдер» атты аударма жинағынан әл-Фараби өлеңдерінің мәтінін алады. Олар ұлы ұстаздың өлеңдерін талдай отырып, Фараби өлеңдерінің негізгі тақырыбы – Жаратушы-біріншіден кешу тілей отырып, осынау өмірдің мәні мен мағынасын зерделеу, ғылымға ұмтылуды насихаттау, адамгершілікті уағыздау болды деген ой түйіндейді. Енді бір өлеңінде туған жерден жырақта жүрген бабамыз кіндік қаны тамған жерге деген сағынышын өлең өрнегіне арқау етеді. Оны Аян Нысаналин аударған мына өлең жолдарынан көруге болады:
Қашықтасың туған жер – қалың елім,
Не бір жүйрік болдырып жарау деген,
Шаршадым мен, қанатым талды менің,
Шаңыт жолға сарылып қарауменен.
Кері оралмай жылдарым жатыр ағып,
Қасіреттің жасына көз жуанар.
О, жаратқан, көп неткен ақымағың,
Құм сықылды тез ысып, тез суынар.
Сонымен қатар арабтанушы ғалым Ш.Қалиева әл-Фарабидің араб тілінде жазылған бірнеше өлеңдері мен поэмаларын Дамаск кітапханасынан тауып көшірмелерін елге алып келгені әлі де болса фарабитанушы ғалымдардың құлағына шалына қоймады деп ойлаймыз. Ойшылдың аталған өлеңдері мен поэмаларын қазақ тіліне аударып, көркемдік ерекшеліктерін анықтау келешектің үлесінде.
Елімізде әл-Фараби мен оның трактаттары жайында сан алуан ғылыми мақалалар, іргелі зерттеулер, монографиялар, көркем шығармалар жазылды. Қазіргі таңда араб тілін меңгерген ғалым ұлы бабамыздың еңбектерін аударып жатыр. Сөзімізді қорытындылай келе, Орта ғасырдағы бабаларымыздың ғылыми-мәдени мұраларын, олардың тарихын зерттеу, игеру ғылым жолындағы әрбір азаматтың борышы болуы тиіс. Сонда ғана қазақ халқының тарихын терең танып біле аламыз.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.Конрад Н.И. Запад и Восток. – Москва: Наука, 1972. – 496 б.

  1. Ә.Дербісалиев. Қазақ даласының жұлдыздары, Алматы, 1995.
  2. М.Хайруллаев. Эпоха и учение, Ташкент, 1975.
  3. М.Бурабаев. Өшпес жұлдыздар. Ұлы ғалымдар өмірінен

(ҮІІІ-ХІҮ ғғ), Алматы, 1989.

  1. А.Машанов. Әл-Фараби және Абай, Алматы, 1994.
  2. С.Э. Бертельс. Избранные труды, Москва, 1960.
  3. Аль-Фараби. Философские трактаты, Алматы, 1972.
  4. Р.Бердібаев. Биік парыз, Алматы, 1980.
  5. Н.Келімбетов. Ежелгі дәуір әдебиеті, Алматы 1991. 264 б.
  6. Аль-Фараби. Трактаты о музыке и поэзии, Алматы, 1993.
  7. А.Көбесов. Әбу Насыр әл-Фараби, Алматы, 2004.

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.